» » » Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан

Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан

«Өткен күннің бәрі өмір емес, соңында бір белгі қалған күнің ғана өмір» деген екен бұрынғы бабалар. Өмір жолы кейінгіге үлгі етерлік тәлімі мағынаға толы кісілерді айтуға, жазуға кейде мән бермей жатамыз. Кез келген жастың азамат ретінде қалыптасуы, тәрбие алуы өзі өмір сүрген ортасына байланысты екенін дәлелдеудің қажеті болмас. Осы орайда, еңбек жолымда елге сыйлы, маған үлкен өмір мектебі болған аға буынның ортасында болғанымды қай кезде де өзіме бір бақыт санаймын, мақтан етемін. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылық жұмысына келіп аудан жастарының жетекшісі болғанымда оқу бөлімдерін басқарған Тұрсын Мешітбаев, Тілеумұрат Науанов, мектеп директорлары Әбдуали Жаназаров, Тұрсынкүл Әбдиева, Зинабдин Әлімбаев, Райхан Жұмаділдаева, Қаби Нұрманов, Қоңырбай Мүсіркегенов, Жүніс Мадияров, Садықбек Залиев, Елдес Ермаханов, Шаһизада Шоқбаров, Сәдуақас Махамбетов тағы басқасымен бірге жұмыс істеп, олардың еселі еңбегін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге бар саналы ғұмырларын жұмсағанын көзім көрді.
Өмір дейтін Алланың жұмыр басты пендеге тарту еткен қазынасында кездескен талай-талай тағдырлы оқиғалар тұсында бірге болған, тұз-дәмін бірге жүріп бөліскен ағалардың бәрін бірдей есіңде қалдыра алмайды екенсің.
Жылдарды елекке салып, өткен өмір үзіктерін қияда қайта жалғап, бірінің түсін, бірінің атын, бірінің мінезін, ағалардың мінез-қалыбын қанша жыл өткеннен кейін ой-таразысына салып соншама өлшем жасасаң да бәрі бірдей есіңде қалмағанына қынжылатыныңды қайтерсің. Ал Жүніс ағай мен үшін өзінің ешкімге ұқсай бермейтін өзгеше бітім-болмысымен, ары таза адалдығымен, айтқанынан қайтпайтын беріктігімен, азаматтығымен шындықтың жүзіне тура қарай алатын ұстанымымен есімде қалған сондай сирек ағалардың бірі – Жүніс ағай болғанын айтсам, ол кісіні білетіннің мені қоштай жөнелетініне күмәнім жоқ.
Ұстаз деген – кең ұғым. Ол тек бір пәннен сабақ беріп, біліміңді толықтырған адам ғана емес, нағыз ұстаз дәріс берумен қоса, шәкірттерінің өсіп-жетілуіне қамқорлық жасаған, ақыл-парасатымен, адами қасиетімен үлгі бола білген адам.
Міне, өмірдің осындай қатал талабына сәйкес әуелі өзіне талап қоя білген, өзінің жеке басының қасиетімен, ерік-жігері және еңбегімен табысқа жеткен ағамыз – Жүніс Мадияров болғанын мақтаныш сезіммен айта аламын. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп Абай атамыз айтқандай, тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды. Әрі бармай-ақ Сыр бойындағы белгілі ақындар Асқар Тоқмағамбетов, Әбзали Егізбаев, Разақ Мыңжанов, Нұрмағамбет Жанаев, Әлиакбар Жұматаев, Әбдікәрім Ахметов, Қали Шыңғысовтар әйгілі ақын Тұрмағамбетті ұстаз тұтқан.
Дүр Оңғар ауылындағы «Комсомол» жетіжылдық мектебі 1957-1958 жылдары сегізжылдық мектеп болып қайта құрылды. Ж.Мадияров ағамыз осы мектепті 1963 жылдан бастап басқарды. Бірде аудандық оқу бөлімін басқаратын Тұрсын Мешітбаев ағамызбен комсомол жұмысында жүргенде пікірлесудің сәті түскенде Жүніс ағай жөніндегі пікірі ерекше болып еді. Тұрсын ағамыз білімді кісі болатын. Кез келген мектеп басшысына көңілі тола бермейтін.
Ағай мектеп басқарған жылдары мектепке жоғары білімді жас мұғалімдер көптеп келе бастады. Оқушылардың білімге деген құштарлығы артып, оның сапасының жақсарғанын көзімізбен сол кезеңдерде көріп жүрдік. Ұмытпасам 1973 жылдары болу керек, №107 «Комсомол» атындағы сегізжылдық мектеп, орта білім беретін мектеп бағдарламасына көшірілді. Сол жұмыстың басы-қасында Жүніс Мадияровтың болғанын және сол жылдарда мектеп қабырғасынан орта біліммен қатар арнаулы егінші-механизатор мамандығын беретін ауылға қажетті мамандықты игеруге тұңғыш рет қол жеткізілді. Сол жылдары мектеп қабырғасынан бітірген түлектер аудан жастарына үндеу көтеріп, механизатор мамандығын игеріп, мектеп партасынан қайнаған қызу еңбек ортасына барды. Сол кезеңде мұндай жұмыстар аудандағы тарихи қарашаңырақ атанған №26 мектепте жалғасын тауып, мектеп бітірген түлектердің бір тобы жаңадан құрылған Жосалы кеңшарына мектеп қабырғасынан барғанын қазір үлкен сағынышпен еске аламын.
Қазақ даласы зобалаңның қытымыр заманында дүниеге келіп, көз ашқан Жүніс ағай секілді осы бір ұрпақ қандай қайсар жандар. Аштықтың орнын арманмен, жоқтықтың орнын таудай талаппен, жетімдіктің орнын жігермен толтырып, ошақтың отын сөндірмей өсе білген де осы Жүніс ағаның замандастары. Айтса айтқандай-ақ, қалай қайсар ұрпақ демессің!
Жүніс Мадияровтың балалық кезеңі бір түйір дәнге зар болған сондай бір қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол кездегі жоқшылықтың, таршылықтың салқыны соғыстан кейінгі жылдарда да тиген-ді. Болашаққа талпынып, оқу оқымақ түгіл оған ұмтылудың өзі ерлікке пара-пар еді. Сондай шақта білім қуып, мұғалім мамандығын меңгерді. Сол тұстағы адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен бауырмалдығы бүгінге дейін аңыз. Сол айтпақшы, Дүр Оңғар ауылының бізге таныс, біз емес-ау қазіргі таңда қазақ халқы, қала берді Сыр бойына белгілі талай тұлғалар Жүніс ағайдың алдынан өтті деуге толық негіз бар. Оған дәлел ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өзі Жүніс ағаның алдынан өткен ақын Шаһизада Әбдікәрімовті бала кезіндегі өлеңі үшін мойындауы – табиғи құбылыс. Ал қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақынның бірі Мәди Қайыңбаев та Жүніс ағаның тәрбиесінен өткен.
Үлкен жүректі жайсаң азамат, ауыл шаруашылығының білгір маманы, күріштен Сыр бойында рекордтық өнім алуға қол жеткізген ғалым-агроном «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болған (марқұм) Қылышбек Әбішев те Жүніс Мадияровтың төл шәкірті екенін айту парыз.
Жүніс ағамыз Н.Гоголь атындағы Қызылорда Мемлекеттік педагогикалық институтын 1947 жылы «өте» жақсыға бітіреді. Әуелі Тереңөзек ауданы «Шаған» мектебінде мұғалім, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, одан кейін Ақжар, Қызылтам, Чапаев (қазіргі Ақтөбе ауылы) ауылындағы мектептерде директор болды. Кейін ұжымшарлар іріленіп, үкіметтің жағдайы жақсара бастаған шақта бұрынғы Энгельс ұжымшарында ширек ғасырдан астам уақыт мектеп директоры лауазымын атқарды. Қазіргі Дүр Оңғар ауылының үлкендерінің айтуынша, сол кездегі қиын уақыттардың кезінде салынған мектеп үйінде ағамыз 16 жыл мектеп басшысы болып абыройлы жұмыс істеген. Осы құтты мектеп орынын «Жүніс мектебі» аталып кеткенін қуанышты сезіммен айтып отырады. Жүніс ағамыздың артында алтын асықтай ұл-қыздары қалды. Олар қазір Жосалы кентінде, Қызылорда, Нұрсұлтан, Алматы, Семей, Ақтөбе қаласында ғылым, білім, мемлекеттік қызмет, қорғаныс, мұнай-газ, денсаулық, өнер саласында абыройлы еңбек етіп, заман талабына сай өмір сүруде.

Нұртілеу САЛЫҚОВ
09 қазан 2019 ж. 1 704 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031