» » » Таланттар тоғысқан орта

Таланттар тоғысқан орта

Кие дарыған Қармақшы елі ежелден өнерге де, жырға да бай өлке. Ұрпағы ұлағатын ұлықтаған ұлы өлке – Қорқыт бабамыздың табанының табы қалған, ұлы өнерді алты Алашқа мұра қылған аты мәшһүр кешегі өткен сүлейлердің отаны. Жақұт жырдың құнарын құндақтаған өнер иелері аудан бойынша 16 мәдениет ошағының төңірегіне топтасқан.
Ал төл өнеріміздің өркен жаюына ерекше үлес қосып келе жатқан Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі бүгінде өнердің қара шаңырағына айналды. Мәдениет үйінің ғимараты 1940 жылы құрылып, 1977 жылы жаңа типтік жобада пайдалануға берілген. Өнер ордасына қазіргі таңда Сыр сүлейлерінің жалғасы, жырау Арнұр Көшеней басшылық етеді.
– Мәдениет үйі – өнер иелерінің өрелі ордасы. Өнерпаздарымыз өз кәсі биліктерін әрдайым шығармашылық ізденіспен шыңдап отырады. Біз киелі Қармақшының рухани атына сай еңбек ету мақсатында ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді ең бірінші орында ұстаймыз. Мәдениет үйінің қызметкерлері қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып келеді. Ауданның тазалық жұмыстары, ұйымдастыру әсіресе аудандық, облыстық деңгейдегі іс-шаралар мәдениет үйінің бастауымен, араласуымен және бүкіл жауапкершілігін алуымен жүргізіліп жатады. Мәдениет үйі – өнер мен еңбектің үлгісі деп мақтайтын дәрежеде екеніне халық және қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері куә. Бүгінде мұнда 33 қызметкер жұмыс істейді. Аудандағы мәдениет, ұлттық дәстүр, рухани ұстаным, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі бағыттағы іс-шаралар жыл көлемінде өткізілуде. Мәселен жыл басынан бері 85 іс-шара ұйымдастырылып, оған 14300 көрермен тартылған. Оның ішінде 21 іс-шара онлайн форматта, фейсбук әлеуметтік желісі арқылы көрермендерге жол тартып, 4222 қаралым жинады, – дейді мәдениет үйінің директоры Арнұр Көшеней.
Иә, тілшілік тіршілікпен мұнда ұйымдастырылған іс-шараларға біз де қанықпыз. Түрлі бағыттағы республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқаулар мен концерттердің куәсі болып та жүрміз. Мәселен, «Аналарды ардақтайық» жобасы аясында жоғары дәрежелі ұстаз, тыл ардагері Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған «Ұстаз – Ана» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы, Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне орай «Ана тілім – ардақтым!» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, отбасы күні мерекесіне орай «Бақытты отбасы – бақытты ел!» атты аудандық өнерлі отбасылар фестивалі, Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіраш Іскендірұлын еске алуға арналған облыстық жыршы-жыраулардың жыр фестивалі, Қармақшы елінің тума таланты, кезінде облыстың ең үздік саксафоншысы атанған, ауданымыздың өнер саласына ерекше еңбегі сіңген, білікті басшы болған, талай дүбірлі сайыстарға жас талапкерлерді баулып, таланттар көзін ашуға белсене араласқан Абдулла Мырзабековты еске алуға арналған «Өнер – өміршең» атты үрлемелі аспапта орындаушылардың облыстық конкурсы сөзімізге айқын дәлел.
Сондай-ақ Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Балалар жылы аясында балалар шығармашылығына арналған дәстүрлі ХV «Бал бала – 2022» бүлдіршіндер арасындағы облыстық телевизиялық байқаудың аудандық іріктеу туры өткізілcе, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдық мерейтойына орай аудан әкімдігінің қолдауымен «Аралап жердің жүзін жүрер сөзім» атты аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылды.
– Биылғы Балалар жылына орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен балалар қатысатын үйірме жұмыстарын жандандыру, ауыл өнерпаздары бойындағы рухани құндылықтарды, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру, үйірме жұмыстарын жандандыру бағытында атқарылған жұмыстарды сараптау және үйірме мүшелері арасында үздік өнерпаз және үздік үйірме жетекшілерін анықтау мақсатында «Өнер шамшырағы» атты балалар үйірмелері арасындағы аудандық өнер байқауының іріктеу туры 22-30 қараша аралығында 14 ауылдық мәдениет және клуб үйлерінде өткізілді. Байқауда эстрадалық вокал жанры, халықтық орындау жанры, хореография жанры және драма, көркемсөз жанрлары бойынша 10-13 жас аралығы және 13-16 жас аралығындағы балалар бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен 45 өнерпаз ақтық сынға жолдама алды. Ақтық сын алдағы күндері ұйымдастырылып, «Үздік өнерпаз» және «Үздік үйірме жетекшісі» анықталып, марапатталатын болады, – дейді мәдениет үйінің директоры Арнұр Көшеней.
Қазіргі таңда мәдениет үйі жанынан 16 үйірме жұмыс істейді. Онда 250 өнерпаз өз өнерін шыңдап жүр. Атап айтсақ, «Жыр күмбезі» этно-рок үйірмесі, «Қармақшы ВАА», «Эстрадалық вокал», «Хор», «Қуыршақ», «Драма», «Көркемсөз», «Жазба ақындар», «Сурет», «Жайдарман», «Өрлеу» үгіт-бригадасы, «Келіншектер» ансамблі, «Әжелер» ансамблі, «Айқаракөз» және «Бастау» би үйірмелері. Үйірме мүшелері мен мәдениет үйі өнерпаздары жыл көлемінде шығармашылықпен жұмыс жасап, өнердің отын жандырып, жүйелі түрде жұмысын дәлелдеп келеді. Соны- мен қатар, республикалық, облыстық, аудандық көлемдегі іс-шаралар мен байқауларда жоғары дәрежелі дайындықпен атсалысып келеді. Мәселен, Халықаралық Қазақстан-Ресей-Түркия елдерінің бірлескен «Таланты Казахстана» жобасы аясында өткен халықаралық «ARENA DANCING» хореографиялық конкурс-фестивалінен Түркістан қаласында «Бастау» би тобы, Алматы қаласында «Айқаракөз» би тобы гран-при иеленді. Ақтөбе қаласында өткен Би падишасы Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған республикалық «Би құпиясы» хореографиялық байқауынан «Айқаракөз» би тобы бас жүлдені жеңіп алды. С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала өрнектері» атты қазақ билерінен облыстық байқауда «Бастау» би тобы бас жүлдемен марапатталса, Сырдария ауданында өткен «Сырлы әуен» атты облыстық ВАА байқауынан «Қармақшы ВАА» жүлделі ІІІ орын- ды қанжығасына байлады. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы және Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Көне дәуір күмбірі» атты облыстық заманауи этникалық музыка фестиваліне «Жыр күмбезі» этнорок тобы қатысып, алғыс хатпен марапатталды. Мұнан өзге, өнерпаздардың жекелеген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Тағы бір айта кетерлігі – Жалағаш ауданында өткен М.Тынымбай Сау ранбайұлын еске алуға арналған «Өшпес тұлға жолымен» атты халық театрларының облыстық байқауынан мәдениет үйі жанындағы халық театры Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» атты спекталін сахналап І орын иеленді. Спектакль аудан сахнасында да қойылып, халықтың зор ықыласына бөленді. Алдағы уақытта халық театрының ұжымы осы спектакльмен ауылдық клуб үйлеріне және Қазалы ауданына гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.
Қарап отырсақ, шығармашылық инттеллигенция, өнер ұжымы – қазақ айнасы. Тән ауырса, дәрігер емдейді. Ал жан ауырса, қоғам ауырса – оның дерті мәдениетте. Сондықтан да мәдениетімізді өрістетіп, қоғамға күш беріп, керек кезде ой салып, рухани тазаруға бастап жүрген ұжымның жұмысы өрлей берсін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
13 желтоқсан 2022 ж. 1 119 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031