БІЗ БІЛМЕЙТІН ПАРИЖ
Өткен жылдың қазан айынан биылғы жылдың қаңтар айының бел ортасына дейін Францияның Париж қаласында оқу сапарында болдым. Оқырмандарымнан қол үзіп, газеттің күнделікті шығарылымына белсене атсалыса алмағанымның себебі де – сол. Қазір қазақтың табаны тимеген жатжұрттық мемлекет жоқтың қасы, білімін шетелде жетілдіріп, әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарын сәтті тамамдаған отандастарымыздың да санынан жаңылуға болады. Сондықтан менің бұл сапарым да ойлы оқырманға жаңалық бола қоймас, дегенмен көзбен көріп, көңілге түйген бірнеше мәселемен бөлісуді жөн деп санадым.
Француз тілі
Парижде бұрын турист болып, Рождество мерекесін тамашалаған кезде, ағылшын тілінде еш қиындықсыз үш күнді өткізген маған, үш ай өмір сүруге барған осы сапарым француз тілінің қажеттілігін анық сездірді. Алдын ала келісілген оқу жоспарым бойынша барлық сабақтарым ағылшын тілінде екенін біліп, сенімді жүрген көңілім университетке барған бірінші күні-ақ түсіп қайтты. Қай бөліміне барсам да, тек француз тілінде сөйлейтін қызметкерлер бұрын меңгермеген тілді түйсік деңгейінде түсініп кетуіме үлкен ықпал жасады. Кейіннен дүкендегі ағылшын тілін білмейтін сатушы, жол жүру билетіне суретімді жапсырмағаным үшін ғана 35 евро айыппұл салған тексеріс тобындағы жас қыз, ағылшынша бір ауыз сөз түсінбейтін үй иесінің әйелі француз тілін «мәжбүрліктен» үйретті. Қиын тілді жетік біліп кетпесем де, алғашқы деңгейі құлаққа таныс, тілге жеңіл бола түсті. Сол кезде «қазақ тілін қажеттілікке айналдыру керек» деген бастаманы түсінгендей болдым. Біз орыс тілін оқыған сияқты, француздар да мектепте ағылшын тілі сабақтарын алады. Соған қарамастан, көшеде қай французға сұрақ қойсаң да, «Ағылшын тілін аз ғана білемін» деп жауап береді. Өз тіліне деген құрметі биік болып, өтірік айтып тұрған шығар деп әңгімені ары қарай жалғасаң, шынымен де саған ойындағысын жеткізе алмай, қиналып кеткенін көріп, «Рақмет, өзім тауып алармын» деп жолынан қалдырмайсың. Олардың бәрі мектепте ағылшын тілін «нашар» оқығанын білмеймін, бірақ өз тілдерін сүйіп, өзге еш тілмен салыстырмайтындары үйренетін дүние екен.
Оқу жүйесі
Францияның Париж қаласындағы белгілі Дени Дидро атындағы университетінде білім алдым. Оқытушыларым – Канада, Франция және Ұлыбританияның азаматтары болды. Еуропалық білім беру жүйесі студенттерге академиялық еркіндік беруге және оларды әріптес есебінде қабылдауға негізделген. Мәселен, мені бір қуантқаны кез келген тақырыпқа қатысты белгіленген бір ғана «дұрыс» жауаптың болмауы. Яғни, аудиториядағы талқылаулар мен сұрақтарға әр студент өзінше жауап беріп, жеке ойын қоса алады. Оқытушы ешкімге «айтқаның қате», «идеяң мардымсыз», «пікірің сапасыз» (кейде шынымен пісіп-жетілмеген ойлар болса да) не «сенің ойыңа келісе алмаймын» демейді. Сондықтан да болар, ағылшыны ақсап тұрған топтастарымыз да, тақырыпты жете түсінбеген басқа студенттер де кезекпен өз ойын іркілмей айта беретін. Келесі мәселе, емтихандардың бәрі бірдей ауызша, небәрі бірдей зерттеу деген ортақ бір жүйесі жоқ. Әр оқытушы студенттердің өз пәнін қалай меңгергенін өзіндік тәсілімен тексереді. Бір мұғалімге топтық жоба дайындасақ, екіншісіне берілген кітаптар бойынша рецензия жаздық, үшінші біріне презентация қорғадық, төртінші сабақтан эссе, келесі пәннен берілген тұжырымды дәйектемелер бойынша талдап шығатын қатаң сынақ тапсырдық, ал соңғысынан тіптен мұғалім сабаққа қатысу белсенділігімізге қарап, қорытынды баға қойып, босата салды. Бұл төрт жыл бойы университетінде барлық сабақтан төрт бетті толтыратын (Кейде сұрақтың жауабы 5 сөйлемге ғана сыйса да, студенттер арасында барлық төрт бетті толтырмаса, баға төмендейді деген «аңыз» бар) жазбаша емтихан жазған маған шағын «мереке» болды. Өйткені мұндай әртүрлі жүйе жалықтырмайды әрі әртүрлі қабілетіңді шыңдайды. Емтихан оған дейін үйренгеніңді ғана сынайтын жер емес, жаңадан бір қабілетіңді шыңдайтын да орын бола алатынын сонда білдім.
Қайыршылық
Париж қаласы туристер жиі таңдайтын негізгі нысандардың бірі болғандықтан, ол көп адамға соңғы үлгідегі сәнмен киінетін бай әрі бақытты адамдардың мекені болып елестейтін шығар. Бірақ бұл шаһарда әлеуметтік жағдайдың әралуандығы көзге бірден түседі. Әсіресе, қала көшелерінде, тұрғын үйлер орналасқан аудандарда, метрода қайыршылықпен күн кешетін адамдарды жиі ұшыратуға болады. Алматыда қоғамдық көлікке баласын жетектеп мініп, ақша сұраған әйелдің не болмаса жарымжан жанның мұңына бірде-бір адамның селт етпегенін көрген емеспін. Кемінде 10 теңге болса да, қол ұшын созатын бір-екі «мейірімді» жан табылатын. Париж метросына отырған сайын, поезға өзінің өмірде кездескен қиындығын айтып, мұң шағып мінетін талай адамды кездестірдім. Халықтың оның даусын елемей отыра беретіні басында ерсі көрінетін, кейіннен менің де бойым үйреніп кетті. Бірде метродағы осындай қалыпты құбылыстарды бақылап отырған менің көзім, қайыршыны қуантпақ болып, қолын сөмкесіне созған қытай қызына түсті. Жанындағы (ұлтын француз деп топшыладым, әйтеуір жергілікті екені көрініп тұрды) құрбысы оның қолын қағып жіберді де, «ақша берме» деген емеурін танытты. Қытай қызы қарсыласып әуре, құрбысы оның құлағына бірнәрсе түсіндіруден шаршайтын емес. Не керек, қайыршының сол күні жолы болмады. Осы оқиғадан кейін «Жергілікті халықтың бойына осынша салқынқандылық қайдан келген?» деген ойға қалдым. Француз достарым қайыршылықтың оңай ақша табудың жолына айналып кеткенін, сондықтан мұндай адамдарға деген халықтың сенімі жоғалғанын айтты. Тағы бір шетелдік басылымнан Еуропадағы босқындар мәселесі қызу талқыланып жатқан тұста, өздерін Сириядағы соғыстан бас сауғалап келген мұқтаж адамдар етіп көрсетіп, елдің жанашырлығын пайдаланғандар көбейгені туралы оқыдым.
Теңдік
Осыдан бұрын жарияланған Париждегі қазақ отбасымен сұхбат кезінде, Франциядағы әйелдердің баласы екі айға толар-толмас, жұмысқа орала беретіні айтылып еді. Әйелдердің еркіндігі мен ер азаматтардан талап етіп алған теңдігі өмірдің өзге салаларында да байқалады. Мәселен, үш ай бойы француз жанұясында бір бөлмені жалға алып тұрдым. Жасы 40-тарды алқымдаған Сирил есімді француз бен оның азаматтық некедегі Сессилия атты әйелі үй шаруасын бөліп істейтін. Олармен ортақ пайдаланатын ас үйімде тамақ дайындап жүрген не шаңсорғышпен еденді тазалап жатқан Сирилді жиі көруші едім.
Тағы бір байқағаным, қоғамдық орындарда кішкентай баланы үнемі әкесі көтеріп жүреді. Алдына баласын іліп алған, қолына көтерген, жетектеген не бүлдіршіндерге арналған бесікарбаны сүйреген әкелер мен қол сөмкесін ұстап, жанына еріп жүрген аналар – Париждегі феминизмнің бір көрінісі.
«Адамына қарай – көшесі»
Парижге жыл сайын жүздеген мың қазақ сапарлап барады. Олардан Париж көшелерінің ластығы жөнінде жиі естіген боларсыз. Айтпағым, басқа нәрсе. Меніңше, «Париж – лас қала» деп жалпылама айту дұрыс емес. Өйткені Париждің орталығындағы өмір сүру қымбат деп бағаланатын аудандардың көшелері әдемі және таза. Қаланың қақ ортасынан алыстаған сайын, қара нәсілді азаматтар мен өзге елден келгендер көптеп ұшырасатын аудандарында аяғыңыздың астын абайлап, жерден көз алмай жүрмесеңіз болмайтыны жасырын емес. Мәселен, достарым кешкі уақыт жалғыз қайтпауымды қатаң ескерткен, қауіпті аудандардың бірі Монмартр аумағының тазалығына таңдана алмайсыз. Мұнда орналасқан метро стансалары да, алғашқы соғылған қалпында қалып қойған сияқты. Тас қабырғалар мен әлеуметтік жағдайы орташа таптан төмен адамдары, көше бойында біздің базарлар сияқты шашыраңқы, ретсіз орналасқан дүкендері мен жайма сауда орындары орталыққа қарай іші мұражай сияқты әрленген бекеттер мен жоғары талғаммен салынған шағын сауда орындарына ұласады. Бұл мысалдан халқының өмір сүру деңгейі табалдырығын аттағаннан сезілетін «мемлекеттің махаббатынан» тыс қалған жерлер мен бюджет қаржысынан ешқашан қағылмайтын «көрсетілім» аудандар әлемнің барлық бөлігінде бар екенін байқауға болады.
Демографиялық дағдарыс
Бөлмемнің терезесі ішкі аулаға шығатын. Таңертең және кешкісін сол аулада отырған жалғыз әже мен оның мысығын көремін. Күнде әдетінен жаңылмай бір уақытта таза ауамен тыныстайтын әженің балалары неге оның жанында емес екенін сол күйі біле алмадым…
Өз өмірін оқу мен ізденіске арнау, кәсіби баспалдақпен жоғары көтерілуге құлшыныс, отбасында бір-екі сәбиді ғана жоспарлы түрде дүниеге әкелу, тағы бірнеше факторлар Еуропада жылдан-жылға өзекті мәселеге айналып келе жатқан «демографиялық дағдарысқа» ұласты. Берлиндегі халық және даму институты жариялаған әлеуметтік зерттеуде Еуропа тұрғындарының орташа жасы әлемнің өзге бөліктерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені көрсетілген. 2015 жылы Еуроодаққа мүше-мемлекеттердегі өлім көрсеткіші Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінен бері алғаш рет туу көрсеткішінен асып кеткен. Бұл аталған елдерде жас жұмыс күші мен кәсіби білікті кадрларға деген тапшылық тудырып, мемлекеттің әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақы төлемдеріне жұмсайтын шығындарын бірнеше есеге арттыруы мүмкін.
Мен тұратын үйдің иесі мен оның әйелінің алғашқы некелерінен туған балалары үш ай ішінде бірде-бір рет қонаққа келмеді. Мүмкін, алыста шығар. Мен де үйіме әр апта сайын бармаймын ғой. Үй иесіне жеке өмірі туралы ашық сұрақ қойған емеспін. Бірақ сөз арасында балаларының бөлек тұратынын айтқаны есімде. Көп француз жанұяларында жастар кәмелеттік жасқа толған соң, өзге қалаға, мемлекетке оқу не жұмыс іздеп кетіп қалады. Бұл оның жеке тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал етері сөзсіз, бірақ өз мойындарына қартайған ата-анасы үшін жауапкершілік жүктемейтіндері менің «консервативті» қазақы санама сыймайды екен.
Динара ТІЛЕУБЕК