» » АЛТЫН БЕСІК – АҚЖАР

АЛТЫН БЕСІК – АҚЖАР

Балдай бұлағы, жасыл құрағы бар ауыл тірлігі – кімді өзіне ынтық етпеді. Көлінде құсы ұшып, қиясында аңы жүгірген қайран ауыл кімге пана болмаған. Аузын ашса жүрегі көрінетін, өмірі өнегемен өрілетін қайран  ауылдың қоңыр тірлігі кімді елжіретпеген. Алыстағанды сағынтатын, жақындағанды бауыр тұтатын, жазылса – даладай құшақ, күлсе – мөлдіреген  судай сылаң қағатын ауылдың ерке аспанын кім көргісі келмейді?! Ішсе сусын қандырар, сөйлесе майса жандырар, көңілі дарқан, жаны жомарт әр жанға рахат сыйлаған ауылдың ғажап бейнесі. Көз алдыңнан көлбей жанап осы бір сыршыл сезім, сыралғы көріністердің өтіп жататыны өтірік емес. Бірнеше елді мекеннің бүгінімен танысқан біздер тағы бір ауыл – Ақжардың халқымен танысуға асықпыз. Үлкен жол бойындағы жолаушы назарын өзіне аударатын «Қурайлы» кафесінен зулай өтіп, оңға бұрылдық. Бағытымыз – бұрыннан бірлік пен еңбектің құт мекені атанған – Ақжардың арайлы тірлігімен танысып, елдегі емен-жарқын халықпен орайы келгенде ой бөлісу.
Ел болашағының алтын тұғыры – жалынды жастар десек, сапарымыздың басын ауыл жастарынан бастағанды дұрыс санадық. Сондықтан да уақытпен үндестік тауып, на­рықтың тамырын тап баса алып жүрген және соған сай кәсіп етіп жатқан жас кәсіпкерлерге ат басын тіредік. Кәсіпкер – Ардақ Лекерованың жасы 22-де. Ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде ҚР Ұлттық экономика және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Жас кәсіпкерлер мектебінен» оқу курсын аяқтаған. 180 мың теңге көлемінде грант жеңіп алған шебер қазіргі кезде сұраныспен жұмыс істеуде. 
– Ең бастысы сұраныс бар, – дейді ол сөзін ны­ғарлап.  – Тігу, тоқумен бала кезден машық­та­намын. Әсіресе, маған моншақ, бисермен жұ­мыс жасау қатты ұнайды. Кәсіп ашқанда жүрек­сінгенім жоқ. Себебі, бұл менің бұрыннан келе жатқан хоббиім. Оның үстіне – әкем де ағаш ұстасы. Ұсталық, шеберлік бойымызда болған соң бастаған істен жақсы нәтиже шығару қиындық келтіре қоймайды. Қайта жақсы көретін кәсібіңмен айналысу – адамға шығармашылық, шабыт сыйлайды, – дейді жас кәсіпкер.
Ардақ Талғатқызының шебер қолынан шық­қан түрлі бұйымдар төзімділікті, шыдамдылықты қажет етеді. Қолмен жасалған соң әр бөлшегіне мұқияттылық керек. Жасаған бұйымдарын инс­таграмм, ВК жүйесі арқылы сатуда. Мұнымен қоса, әшекейлі көйлек, пердеге де тапсырыс қабылдайды. Біздің бір қуанғанымыз – ауылда қолынан іс келетін жастардың көптігі. Нұргүл Әбішева да соңғы үлгідегі терезе перделерін тігудің шебері екен. Ауыл тұрғындарының дені жас кәсіпкердің тұтынушысы.
– Кәсіппен айналысқанда бір жерде тұрып қалуға болмайды. Жан-жақты ізденіс керек. Мен перде тігумен қоса, жалюзимен де жұмыс істеуді бас­тадым. Жер-жерге тапсырыстар жөнелтудемін, – дейді кәсіпкер.
Расында да, кәсіпкер сөзінің жаны бар. «Заманың тазы болса – түлкі боп шал» деген емес пе? Қолыңнан келсе, кәсіпті жетілдірген абзал. Оны біз кәсіпкер үйінің табалдырығын аттағанда байқағанбыз. Бөлмелердегі терезе перделері ерекше ұстынмен безендірілген. Бір-бірін қайталамайды. Әрбір бөлменің ажарын ашып, сәніне сән қосып-ақ тұр. Қолөнердің де кереметі осы болар. Дүкендегі бірсарын затқа мүлдем ұқсамайды. Дизайнер «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша оқудан өтіп, бүгінде «Жалюз жасау және ламбринкі перделер тігу» жобасына құжатын тапсырған. Сондай-ақ, Айнұр Досмағұлова «Нан өнімдерін пісіру», Гүлзира Омарова «Қаз асырау» және Әйгерім Кәлібайқызы «Сұлулық салонын ашу» бойынша жоба нәтижесін  күтіп отыр.
«Бәрін айт та бірін айт, кәсіп етудің жайын айт» демекші, ауылдың  кәсіпкерлік сала­сында алға жылжушылық бар. «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2 азамат «Бизнес Бастаумен» оқып, жалпы сомасы 3 млн. теңге көлемінде несие алған. Алынған қаржыға мал бордақылауда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы» аясында «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша 6 адам оқу курсынан өтіп, оның арасынан 4 жоба қолдау тапқан. Қазақтың қоңыр тірлігі қашан да малмен, мал шаруашылығымен байланысты. Бұл ретте, сүт және ет өндіру бағытында «Таң шапағы» ауыл шаруашылығы өнімдерінің кооперативі құрылған. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «50 ауыл» бағдарламасымен кооперативтің 21 мүшесі мүйізді ірі қара малын алуға 54,4 млн. теңгеге несиелендірілген. Қосын басын ауылдан 9 шақырым қашықтықта орналасқан «Таң шапағы» бөлімшесіне қарай бұрдық. 
– Аталған кооперативке 35 адам тіркелген. 2 бас асыл тұқымды бұқа бар. Мал бордақылаумен, сүт өнімдерін сатумен шұғылданамыз. Қыс айларында 32 басқа дейін ірі қара малы бор­дақыланып, байланады. Сүттен алынатын құрт, ірімшік өнімдері аудан орталығындағы базар­ларға сатылымға түсіріледі. Ет өнімін де осы жолмен өткізіп отырамыз. Бұл істе балам Медет көмекші, – дейді кооператив төрағасы Мұратбек Өксікбаев.
Мұнда Жомарт Ыбыраев атты азаматпен таныстық. Іс-қимылынан-ақ еңбек адамы екені көрінеді. Елдің аман-саулығын сұраған соң Жәкең жақын маңда жеміс-жидек бағы бар екенін тілге тиек етті. Кешқұрым маса-сонаға таланып тұрсақ та, ағайдың бағын көріп қалуға тырыстық. Көлігіміз әрі қарай жүре алмаған соң арықтардан адымдай өтіп, жаяу жүріп кеттік. Біраздан соң айтулы баққа да маңдай тіредік. 100-ден аса жеміс-жидек құлпырып өсіп тұрған бауға тамсанбай қарау мүмкін емес. Алма, алмұрт, өрік, шие дейсіз бе, бүлдірген, жабайы құлпынай дейсіз бе? Не керектінің бәрі табылады-ақ бақтан.
– Жеміс-жидек баптау – әу бастан кәсібім. Мұн­да мал күтіміне көмектесемін. Уақытым қалт ет­се, бау-бақшаны күтемін. Жеміс-жидек деген  дә­ру­мен ғой. Піскен кезде туған-туыс, ағайын бар соларға таратып беремін. Сатуды ойға ал­­ған емеспін, – дейді «иран бақ» иесі Ж.Ыбыраев.                                   
Биыл ауылда «Бизнес Бастау» жобасына 12, «Бизнес Кеңесші» жобасына 5 адам қатыстыру жоспарланған. 
– «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша кемінде 7 жобаны несиелендіру жоспарда бар. Қазіргі уақытта «Бизнес Бастаумен» 2 азамат жоба қорғады. Бағдарламаға қатысуға ниет еткен азаматтардың жобаларына мониторинг жүргізілуде. Кепілдеме мүліктерінің құжатын реттеу, несие тарихын қарау сияқты жұмыстар істелуде. Жыл басынан бері «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 1 азамат мал бордақылау бойынша 2 млн. теңге несие алды. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС-не ауылдық округтен 3 жоба, қолдау тауып, құжаттары тиісті орындарға өткізілді, – дейді сапар барысында жолсерік болған ауылдың бас маманы Сәрсенкүл Оспанова.        
Жолымыз әрі қарай Зоя Абауова басшылық жасайтын «Шаттық» балабақшасында жалғасын тапты. Мұнда келгенде акт залындағы қолөнер көрмесіне қарап, жалпы ауыл қыз-келіншегінің бә­рі шебер ме деген ойға қалдық. Ұлттық қол­өнер: тоқыма, тігін бұйымдары, былғарыдан жа­­салған торсық, тағы басқасы алыстан «мен мұн­­далайды». Барлық шебердің басы осы жерде тоғысқандай. Ата-ана және жеке кәсіпкер  Сәуле Сатыбалдиеваның көрмедегі өзіндік қол­таңбасын балабақша басшысы айрықша түстеп айтты.  
– 3 топпен жұмыс істейміз. Білікті мамандар жетерлік. «Үздік тәрбиеші» байқауында Анар Сүндетова бас жүлдені жеңіп алса, өзге де тәрбиешілеріміз шығармашылық ізденісте. Бөбекжайда «Жылы жүрек – жомарт қол» акция­сы өткізіледі. Одан түскен қаржыға балаларға ойыншық алынады. Көп балалы отбасы балаларына көмек ретінде балабақша жарнапұлын төлейміз. Алда ясли тобын ашуға талаптанудамыз, – дейді бөбекжай басшысы.     
Игі жұмыстардың табы – білім ұясынан да байқалады. Залға ілінген даңқты тұлға, Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуовтің портреті ауыл мәртебесін асқақтатып тұр. Мектепте 2017-2018 оқу жылында көптеген оңды өзгеріс орын алған. 
– Мектебімізде 9-10 сынып оқушылары арасында білім саласының ардагері Сәден Нұртаевтың атында Қазақстан тарихы пәнінен облыстық олимпиада өтті. Осыған сәйкес, С.Нұртаевтың баласы, белгілі азамат Рзақұл Нұртаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарих кабинетін заманауи үлгіде жабдықтап, қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, мәжіліс залы да жөндеуден өткізілді. Оған білім бөлімі, осыдан 50 жыл бұрын бітірген мектеп түлектері, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағылтаев және мектеп ұжымы атсалысты. Келер жылы республикалық олимпиада өткізсек деген ойдамыз, – дейді мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Амантұр Оспанов.     
Қасиетті табалдырықтан шыға бергенімізде мектеп басшысы Сәден Нұртайұлының «Кең даланың ұлылығы» атты қалың көк кітапты естелікке ұсынды. Туындыны ұстап тұрып қазақтың кең даласы мен пейілінің ұлылығын сезінгендей болдым. «Сыйдың үлкені – кітап». Рухани байлықтан артық не бар жазарман қауымға.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
19 маусым 2018 ж. 1 034 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 146

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930