» » Тірлігі – түзу, бірлігі – бекем Төребай би

Тірлігі – түзу, бірлігі – бекем Төребай би

– Бір кездері қалтамызда қаражат бар, бірақ ұсқыны қашқан жұпыны үйде тұратынбыз. Жаңа баспана салайын десек, ауыл үдере көшіп барады. Көшкен елдің жұртында заманауи үйіміз де қалып қоя ма деп үрейленетінбіз. Бір күні ауыл әкіміне төтесінен сұрақ қойдым. Не істейміз? Ауыл қала ма, әлде көше ме деп. Ауыл әкімі Б.Қалдашбаевтан бастап, көпшілігіміз жаңа қоныс тігіп, баспана көтердік. Содан кейін ауылдың болашағына деген сенім нығая бастады, – деп бастады әңгімесін кәсіпкер Шынар Ыдырысова.
Ауылдағы алғашқы кәсіпкер Ш.Ыдырысова 2003 жылы дүкен ашты. Сол дүкен әлі күнге тұтас ауылды керек-жарағымен қамтамасыз етіп тұр. Елдегі дүкеннен тұрғындар қарызға да жаздырып кетіп жатады. Шағын ғимарат сол ә дегенде салынған екен. Енді керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетіп, жаңа заманға сай дүкен ашпақшы.
– Кәсіпті бастағанда еш жерден несие алмай өз күшіммен бастадым. Әлі де солай келеміз. Кәсіпкерлік дегеніңіз жақсы ғой. Қазір 30-35 мың теңге жалақымен жүргендер де бар. Кәсіппен айналыссаң, жақсы жері тұрмысыңды түзейсің, мемлекет дамуына сәл де болса өз үлесіңді қосасың, – дейді Ш.Жақсылыққызы.
Мұндағы №199 білім ошағы да өзгелерден ерекше, басқасынан бөлек. Онысы – мектептің жылыжайы бар. Өз ауласында қияры мен қызанағы пісіп, сабағынан үзіп жеп жүрген шәкірттері қандай бақытты десеңші. 2016 жылы ЮНИСЕФ-тің арнайы бағдарламасына қатысып, грант ұтып алған ұжым 3 млн. 200 мыңға қажетті материалдарды алуға қол жеткізеді. Тегін келген жабдықтарды өз күшімен орналастырып, әжептәуір жылыжай қылды. Қазір білім ошақтарына үлгі.
– Негізгі жұмысты 2017 жылы бастадық. Алғашқы өнімді наурызда жинап, бір қуанып қалғанымыз бар. Аптасына екі-үш мәрте жинаймыз. Оқушыларға берілетін ыстық тамаққа қосып береміз, одан қалды жазғы лагердің тынығушылары бар. Артылғанын ұжымның өзін-өзі қаржылан-дыруына жұмсаймыз, – деді мектеп директоры Света Жалғасбаева.
Биыл қызанақ пен қиярдың қасына қырыққабатты да қосыпты. Өткен жылы жуа еккен. Биыл кеш қимылдаған соң, жуаны кейінге қалдырып отыр. Төребай би ауылында кәсібін өрге бастатып жүрген жандар көп. Солардың бірі – Бақыт Жетпісбаева. Бесаспап жанның қолынан тігін тігу де, сүт өнімдерін өңдеп, елге ұсыну да келеді. Қазір тіпті ешкінің ерекше түрін өсіруде екен. Сексеката тұқымының 100 шақты басын тірлікке айналдырып отыр.
– Қазір қыз жасауы, құрақ көрпе тәрізді тігін жұмыстарының барлығын үйде отырып істеймін. Бір басымда бірнеше шаруа бар. Балам да – кәсіпкер. Ол шаруашылық жұмыстарымен жүреді. Менікі үйде отбасы-ошақ қасындағы кәсіп. Сүттен айран, қатық, ірімшік, құрт жасап жұртшылыққа ұсыну. Табиғи таза өнім. Іздеп келіп, сұрап жататындар бар. Ешкінің сүті ем дейді ғой, сол емдік қуатын пайдалануға алады көпшілік. Ел кәдесіне жарайтын ауылдың базарлығы қыр асып кетіп жатады ғой, – деді Б.Жетпісбаева.
Ауылда ақ жаулықты аналардың ансамблінің де белді мүшесі балаларын үлгілі етіп тәрбиелеген. Отағасы жұмысбасты болғанда әр үйде бала тәрбиесінің аналарға қалатыны заңдылық қой. Бақыт ана бұл ретте өзін бақытты санайды.
– Өткен жылдары ауыл әкімдігі тігін цехын ашуыма көмектесетін болған. Кейін ғимараттарды ауыс-түйіс етіп, мен кейінгі орынға шегеріліп қалдым. Енді мен өзіме үлкен ғимарат салып алғанша, бір жәрдемші болып, елдегі бос орындардың бірін бере тұрса деген бұйымтайым бар, – деді кәсіпкер.
Биыл облыста кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жылы деп белгіленген. Сол себепті қай ауданда болмасын, «кәсіп ашамын» дегеннің қолтығынан демеп, сүйеніш болатын басшылық тарап бұл ретте де қимылсыз қалмасы анық. Ауылдың ажары – ағарған. Төрт түлікпен кәсібін өрлетіп жатқан жан болмаса ауыл ауыл болмас еді.
Елді мекенге қарасты «Әйгерім» шаруа қожалығы да қарқынды жұмыс істеуде. 2002 жылы жаңадан ашылған шаруашылық ә дегеннен леп алып кете алмады. Біршама уақыт тоқтаңқырап тұрғаны да ел есінде. Әйткенмен, 2016 жылы етек-жеңін жиып, дамуға бет бұрған шаруашылық мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Қорқыт елі» серіктестігінен несие алып, 104 бас мүйізді ірі қара алып, жұмысын жандандырған. Бүгінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бар.
Түйін
Ауыл – берекенің ұясы. Кәсіп бастап жатқан мұндағы жұртшылықтың әрбірі елді мекенді түлетуге атсалысып жатыр. Кешегі Орныққан Қазиев, бүгінгі ақсақал Жақсылық Жалғасбаевтай аға буын өкілдерінің өмір жолы аядай ауылдың тарихы десек жарасады. Бекем бірлік пен түзу тірілктің нәтижесінде бұрын қалаға үдере көшкендердің өзі ауылын сағынып қайта оралып та жүр ғой. Шындығын айтқанда, қазақтың қарашаңырағы аталған түп қазығымыз – біздің болмысымыз. Өйткені онда қазақтың қазақылығы жатыр.
Дәулет ҚЫРДАН,
Төребай би ауылынан.
29 мамыр 2018 ж. 1 556 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 030

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031