» » СЫРДЫҢ ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕРІ

СЫРДЫҢ ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕРІ

Қызылорда облысы ардагерлер үйінде саналы ғұмырын дәрігерлікке арнаған Өмірбек Кенжеғұловпен кездесу өтті. Аты аңызға айналған ардагер бүгінде дәрігерлік қызметтен зейнетке шықса да ақ халаттың жүгін әлі арқалап жүр. Өйткені оны әлі де өңір халқы іздеп барып, кеселінің арызын айтып кеңес алады. Уақытында ақ халатқа адал болып, халықтың сенімінен шыққан дәрігер қазақтың Хожуны, адамзаттың Ұлықпаны болды дейді ел. Міне, сол аңыз дәрігерге «Облыстық ардагерлер» қоғамы «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалін тақты.
Іс-шараға қатысушылар өз пікірлерін білдіре келіп «Біздің сүйікті дәрігеріміз Өмірбек Кенжеғұлов бұл құрметке, тіпті бұл құрметтен жоғарылары да лайық. Себебі, біздің ауылда жиырма жылға жуық бас дәрігер болып қызмет еткен уақытта елге ауру-сырқау жоламады, жолаған күннің өзінде Өмекең араша тұратын» деп аңызға бергісіз не түрлі ем-шараларын айтысты. Соның ішінде бұл дүниемен қоштасты деп, ел үмітін үзген Жалғас Баймұратовты Алланың қалауымен қайта тірілткен жан. Бұған жоғарғы тұрған басшылығы да таң болғанын жасырмауымыз керек. Сол секілді Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова және ақын Үрліхан Өндібаевалардың да ауруына шипа берген аялы алақанды дәрігер. Тіпті, өлдіге саналып, он бес күн ес-түссіз жатқан Тәттігүл Шоқбарова, Елеусін Жұмабаеваларды өмірге қайта әкелді. Дүниеге келгеніне он күн болған бала қатты науқастанып, ауруханаға түсті. Ішекке ас жүрмейді екен. Шетінеді деп шетке қойған баланы қолға алған дәрігер ота үстеліне жатқызып, ота жасайды. Сол бала жиырма жылдан кейін сәлем беріп келіпті.
Тағы бір ескілікті әңгімені тілге тиек етсек. Кеңес заманы екен. Қармақшы ауданы Майлыөзек ауылында бір әйел бала үстінде жан тапсырғалы жатыр деген хабар түседі. Хабар жетісімен жанына жеткен акушер-гинеколог Күнзира Анықова киіз үйдің ішінде пілтелі шамның жарығымен ота жасап, бала дәрігері Әсия Бекбергенова мен Өмірбек Кенжеғұлов дереу іске кірісіп, ауыл тұрғындарының қанын құйып, әлгі ананы өлімнен арашалап алып қалады. Бұл бір жанкештілік емес пе?!
Оның сынықшылығы бір бөлек әңгіме. Сүйектері күл-талқан болған талайдың сүйегін салып, тай-құлындай шапқылап кеткені елдің жадында. Айталық, Бектібай Дұрысбаев ақсақалдың аяғы сынып, ауыр халге түскенде сынығын салып, қадағалауына алған еді. Ол кісі кейін атқа мініп, мал бағып кетті емес пе?! Мұндай шыққан мен сынғанның пірі осы болатын. Сол секілді халық емінен де мол хабары бар кейіпкеріміз тасыған етке ет тартып, тасыған сүйекті тоқтатып, өзге де адам сенбес ем түрімен сауықтырды. Мұндай әрекеттері тіпті аңыз десек те болғандай. Бұндай аңыздар тек ғана Тұрмағамбет ауылы халқының арасында ғана емес, кейін жұмыс барысымен ауысқан ауруханалардың көрінушілеріне де қатысты өте көп.
Ө.Кенжеғұлов 1952 жылы Қорқыт стансасында сұлу Сырдың бойында дүниеге келген. Мектеп бітірісімен Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге түсіп, оны 1971 жылы бітіріп, фельдшер-акушер мамандығын алады. Ауданға қарасты Жаңақала кеңшарының бірінші фермасында фельдшер болып жұмысын бастайды. Әскери борышын өтеп келген соң 1973-1974 жылдары Жаңақала ауылдық бөлімшесінде санфельдшер болып істейді.
1974 жылы Ақтөбе медициналық институтына түсіп, 1980 жылы терапевт мамандығын алады. Аудан ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде дәрігер, ауруханада дәрігер болды. 1985 жылы Тұрмағамбет ауылына бас дәрігер болып ауысады. Жұбайы Әмина Алмағамбетқызы да осы ауылда дәрігер­ лік қызмет атқарды. Елдің саулығына кепіл болған жұбайлар жайлы жақсы лебізін білдірген қоғам қайраткері Жақсы­ бай Жәкеев: «Өмекең білікті дәрігер ре­ тінде сол ауылда қолдан келгенше нау­ қасты ауданға жібермей, іскерлігін, ауру­ дың емдеу жолын таба білуінің арқасын­ да жазып, талайды дертінен айықтырса, мықты ұйымдастырушы басшы ретінде аурухананы таза ұстап, айналасына көркейту-көгалдандыру жұмыстарын ешкімнің нұсқауын күтпей-ақ, өзгеге айтқызбай атқарған атпал азамат» деді.
Кешегі Кеңес үкіметі тарап, халық басына ауыртпашылық түскен кезде де, аурухананың қажеттілігі үшін сыртқа қол созбай, өз мүмкіншіліктерін пайдаланған іскер басшы да осы Өмірбек Кенжеғұлов. Аурухананы азықтүлікпен қамтамасыз ету мақсатында өздеріндегі Беларусь тракторымен егін екті. Еммен қатар бақшаны да көгерткен басшы науқастардың тамағын осылай өз бақтарынан алған болатын. Жылу қазандықтарына қажетті отын, көмірді, өзге де шаруашылықтарды осы техникасымен бітіріп отырды. Тіпті, халыққа тракторларын жалға беріп, техникаға керекті заттарын алып айналым жасады-ау. Айта берсек аңыз дәрігер жайлы шертілетін жақсы лебіздер өте көп ел ішінде.
Аудандық аурухананың бас дәрігері, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі өкпе аурулары ауруханасының бас дәрігері қызметін де адал атқарып, 2017 жылы зейнеткерлікке шықты. Оның ерен еңбегі уақытында еленіп, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің үздігі төсбелгісін, облыс әкімдігі, мәслихаты­ ның Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары­ мен, өзге де көптеген марапат алып ке­ леді. Ал, зайыбы Әмина Кенжеғұлова қа­ зірде зейнеткерлік демалысына шықса да халыққа дәрігерлік қызмет көрсетуде.
Қос дәрігер 2 ұл, 1 қыз, 9 немере тәрбиелеп отырған ардақты әке, ана. Балаларының бәрі жоғары білімді, түрлі салада қызмет жасайды. Өмекең Алла берген емші, сынықшы, науқастың барлық түрін білетін жоғары санаттағы дәрігер. Бір сөзбен айтқанда, халықтың қазынасы, құты, байлығы. Біз де сол құттың ортаймауын тілейміз.
Сәкен АЛДАШБАЕВ
05 шілде 2025 ж. 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (10417)

05 шілде 2025 ж.

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 002
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031