Білімнің жаққан шырағын
«АЛТЫ АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ БАС ҚОСҚАН ЖЕРДЕ, ТӨРДЕГІ ОРЫН МҰҒАЛІМДІКІ» ДЕГЕН ҒИБРАТТЫ НАҚЫЛДЫҢ ӨЗГЕ ЕМЕС, ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫНА БАҒЫТТАЛУЫ ДА ТЕГІН ЕМЕС. АЛ ШӘКІРТТЕРІН АДАЛДЫҚ ПЕН ӘДЕПТІЛІККЕ, ИМАНДЫЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІККЕ ҮНДЕГЕН ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫНА БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРІП, ТАБАН АУДАРМАЙ ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫНДА ТЕР ТӨККЕН ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ АЙЫМКҮЛ АХМЕТОВА ДЕП БІЛЕМІЗ. МҰНДАЙ АДАМДЫ «БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АДАСТЫРМАС ШАМШЫРАҒЫ» ДЕГЕНІМІЗ ОРЫНДЫ ШЫҒАР.
Кейіпкеріміз 1955 жыл Қармақшы ауданына қарасты «Ордазы» бекетінде теміржолшы жанұясында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып, қалайда жоғары білім алуды алдына мақсат қылып қойды, әрине солай да болды. Десе де, отбасылық жағдайына байланысты бірден жоғары оқуға бармай, орта мектепті бітірісімен Шымкенттегі музыкалық училищеге «Хорды дирижерлау» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірді.
Ұстаздық еңбек жолын жолдамамен М.Мәметова атындағы қыздар Мемлекеттік педагогикалық училищесінің оқытушысы болып бастады. Осында өткен жылдарда білікті де жігерлі жас маман студенттерге сапалы білім беруде, қоғамдық жұмыстарға қатысуда ерекше көзге түсті.
Қызметтен қол үзбей, 1977-1982 жылдары Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Орыс тілі және әдебиеті» пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алады. Жалынды жастың келешегінен үміттенген басшылық оған үгітші-насихатшы қызметін тапсырды. Сенім ақталды. Ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары бағаланып, облыстық комсомол комитетінің мақтау грамоталарымен марапатталды.
Одан соң Қаскелең мәдени-ағарту, №2 Алматы қалалық педагогикалық училищелерінің оқытушысы болып абыройлы қызмет атқарды. Қызмет ете жүріп Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының «Хорды дирижерлау» мамандығына ие болды. 1990 жылдан бастап атқарып жүрген жұмысына тиянақтылығы, білімділігі мен өзі қалаған мамандығына деген сүйіспеншілігі ұлағатты жанды ұжымдастар арасында беделді етті, сонымен қатар жоғары оқу орындарында ұстаздық кызметін жалғастырды. Атап айтсақ, 1990- 2009 жылдар аралығында Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті болды.
Айымкүл Қадірбайқызы 2003 жылы «Болашақ музыка мұғалімінің педагогикалық қызметіндегі кәсібилік негіздерін қалыптастыру (музыкалық білім беру әдістемесі және педагогикалық практика курсында)» атты кандидаттық диссертациясын қорғап, келер жылы «Педагогика ғылымдарының кандидаты» дәрежесі атағын алса, 2007 жылы «Педагогика» мамандығы бойынша «Доцент» ғылыми атағына қол жеткізді.
Ғалым-ұстаз Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, профессор міндетін атқарушы лауазымын да абыройлы атқарды. Айта кету керек, 2009 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне орналасып, сол жылы жаңадан ашылған «Музыкалық білім» мамандығына студенттерді қабылдауға атсалысып, 2011 жылы оның басшылығымен «Музыкалық білім және хореография» жеке кафедра болып шығып, соған кафедра меңгерушісі болып тағайындалды.
2013 жылы Айымкүл Қадірбайқызы құрметті зейнетке шықты. Сонымен қатар, университет басшылығы білікті, жоғары білімді маманнан оқытушылық қызметін жалғастыруды сұрады.
Білімге құштар ұстаз 2017-2020 жылдары Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің «Шетел филологиясы» мамандығына ие болды. Пандемия кезінде «Болашақ» университетінің доценті қызметін онлайн түрде атқарып отырды.
2023 жылы «Музыка мұғалімін кәсіби даярлауда педагогикалық техниканы қалыптастырудың теориялық және әдістемелік негіздері» атты докторлық диссертация қорғап, 2024 жылдың 12-шілдесінде «Педагогика ғылымдарының докторы» дәрежесі атағына ие болды.
Білікті маман өткен жылдан бастап Орталық Азия Инновациялық университетінің «Музыка, кәсіптік оқыту және дизайн» кафедрасында ұстаздық етуде. Оның 100- ден астам ғылыми еңбегі бар, оның ішінде «Музыкалық білім» білім беру саласындағы бағдарламалары, бакалавриат, магистратура және докторантура дәрежесі бойынша «Музыкалық білім» жайлы монографияларын атап айтуға болады. Шебер маманнан дәріс алған студент, магистрант, РһD докторанттар мен жас ғылымдар республикалық, халықаралық конкурс-фестивальдардың жеңімпаз, дипломанттары атанған.
А.Ахметованың жұбайы Сағат Қабылдаұлы – техникалық ғылымдарының кандидаты, доцент. Ғылымизерттеулік институтының минералды шикізат зертханасының меңгерушісі екі перзент көріп, оларға жақсы өнегелі тәрбие мен білім берді. Қыздары – Айнұр жоғары оқу орнынан «Қаржы және бухгалтерлік есеп» мамандығын алып, Кореяның Сеул Ұлттық университетінің магистратурасын бітірген. Бүгінде Сингапурда қызмет етеді. Ал Айжан «Маркетинг және менеджмент» саласының маманы. Қазіргі таңда «Air-Аcтана» компаниясында маркетолог болып істейді.
Айымкүл ұстазымыздың ел үшін еткен еңбегі еленбей қалған жоқ. «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2018» құрметті атағы, түрлі деңгейдегі лауазым иелерінің қолынан алған Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, «Еңбек ардагері» медалі, тағы басқа да мерекелік медальдар оның елге сіңірген бағасы болса, шәкірттерінің өлең жолдарымен жазған құрметі тіпті бөлек:
«Адалдықтың ақ жібін аттамаған,
Жүрегіне жамандық сақтамаған.
Айымкүлдей ардақты апайымыз,
Шәкірттерге әрдайым жақын адам».
Серғожа БИСЕМБАЕВ,
Байқоңыр қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі