Ұлағатты ұстаздар ұлықталды
«Алты алаштың баласы бас қосқанда, төр мұғалімдікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік асыл қасиеттерді, тәлім-тәрбиені бойына дарытатын ұстаздар қауымы барлық алғыс пен құрметке қашанда лайық.
Осы орайда бүгін Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде «Ұстаз деген –ұлылардың ұлысы,қасиетіңе бас иелік мәңгілік» тақырыбында Ұстаздар күніне орай мерекелік концерт өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов қатысып, білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Ұстаз – ұлы ұғым, ұлағатты есім. Халқымызда «Ұрпақ болашағы – ұстаздардың қолында» деген тағылымы мол сөз бар. Яғни, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін мұғалімдер – мектептің жаны, руханияттың шамшырағы, білім мен ғылымның жанашыры. Сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын және дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін», – деді.
Сондай-ақ Әділбек Бөрібайұлы ауданымыздағы білім саласында атқарылып жатқан игі істермен, жетістіктерді атап өтіп,бұл оңды көрсеткіштер бала өмірінің бағбаны бола білген ұстаздарымыздың маңдай тері мен еткен еңбегінің нәтижесі екендігін айтты.
Салтанатты шарада бірқатар ұстаздар ҚР Білім және ғылым министірінің Құрмет грамотасы, және облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталса,бүгінгі мерекенің мейманды қонақтары бола білген білім саласының ардагерлеріне де айрықша құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалып, ақжарма тілектер арналды.
Кеш соңы аудан өнерпаздарының ән шашуымен жалғасын тауып,ұстаздар қауымына керемет мерекелік көңіл күй сыйлады.