ЕРЛІК пен ЕҢБЕКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ
Әбдіраш Іскендіров 1919 жылы Қармақшы ауданына қарасты Көктөбе қыстағында дүниеге келген. Ол Сыр өңіріне белгілі ұстаз, мыңдаған шәкірттер дайындаған, Ислам үшін күресіп, халықтың діни сауатын ашып, ел ертеңін ойлап, мешіт ұстаған, аса танымал тұлға Қожабай ахунның тікелей ұрпағы – немересі.
Әкесі Іскендір Қожабайұлы дін таратушы, медресе, мешіт ұстаған кісі болған. 1937 жылы репрессияға ұшырап, Карлагта қаза тапқан.
Ә.Іскендіров 1936 жылы орта мектепті бітірген соң қаржы қызметкерлерін дайындайтын курсқа оқуға түседі. Оны бітірген соң «Жаңа Тілек» кеңшарында есепші болып жұмыс істейді, одан кейін Қармақшы аудандық мемлекеттік банкте қызмет етті. Ол 1939 жылдың қаңтарында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Прибалтика майданының 14-артиллерия-гвардиялық полкінде қатардағы жауынгер болады. 1941 жылдың тамызынан 1946 жылдың шілдесіне дейін бөлімше, басқару взводының командирі және №14 Қызыл Ту орденді Ленинград артиллериялық-гвардиялық полкінің дивизион старшинасына бекітіледі. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Жеңіс күніне дейін Ленинград және Прибалтика майдандарындағы ұрыстарға қатысады, оның барысында төрт рет жарақат алады. Ленинград блокадасының ең соңғы күніне дейін қорғауға қатысады.
Жауынгерді азамат соғысының өршіп тұрған сол бір сұрапыл жылдары ерте есейтті. Отан үшін от кешіп, ел ертеңі үшін соғысқа аттанған жас жігіттің ерлік жолдары ескерусіз қалмады. Ұрыстарда асқан ерлік көрсетіп, Отанына шексіз берілгендігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Екі мәрте «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар, майданда көрсеткен ерекше ерлігі үшін 1-ші және 2-ші дәрежедегі «Отан соғысы» ордендерімен мадақталды.
Майдангер Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап ұрысқа қатысып, майданның ақырына дейін жетіп, Отан алдындағы парызын адал атқарған жан. 1946 жылы Кеңес әскері қатарынан қайтарылып, елге оралған соң Қармақшы аудандық тұтынушылар одағы сельпосында есепші болып жұмыс істеді. Әкеміздің өмір жолы басшылық қызметтермен де өрілді. 1962 жылға дейін бірқатар басшы қызметтерде болды. Атап айтсақ, Жданов атындағы колхоздың төрағасы, Қармақшы, Сырдария, Арал аудандық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы, «Аралсульфат» ОРС-ның бастығы қызметтерін атқарды. 1962 жылы Қызылорда облыстық тұтынушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасарлығына сайланса, 1964 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық Кеңестік сауда институтын бітіріп, Кеңес саудасы және тұтынушылар кооперациясының экономисі мамандығын алып шығады. Осы жылдың қазанында Қызылорда қалалық өнеркәсіп тауарлар саудасы мекемесінің директорлығына тағайындалды. Ал 1968 жылы облыстық партия комитеті бюросының шешімімен облыстық тұтынушылар Одағының басқарма төрағалығына сайланып, еліне үздіксіз 16 жыл адал қызмет жасады.
Сол қызметте жүрген кезінде жоғары ұйымдастырушылық қабілетін, өз саласының үздік кәсіби маманы екендігін көрсете білді. Оның басшылығымен мекеме қызметкерлері облыс тұрғындарына сауда қызметін көрсетуде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Алыс жайылымдардағы малшыларға дейін сапалы қызмет көрсетілді. Тынымсыз еңбек етуі, ұжым басқаруы негізінде 1983 жылы облыстық тұтынушылар Одағына КСРО Орталық одағының ауыспалы Қызыл Туы беріледі, бұл ұжым үшін аса бір мадақтау болатын.
Ардақты азамат Қызылорда облысы кооперативтік құрылымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, сауда кешендерінің құрылысының дамуына үлкен көңіл бөлді және оған көп тер төгіп, күш жұмсады. 1968 және 1984 жылдар аралығында Ә.Іскендіровтің жетекшілік жасауымен облыстың барлық ауданында ірі сауда орталықтары – универмагтар салынды. Тікелей ұсынысымен Сырдария ауданында, Тасбөгет қыстағында «Ауыл» ресторан комплексі деп аталған керемет кешен құрылысы, ірі сауда базалары және басқа да сауда құрылымдары іске қосылды. Облыстық тұтыну кооперациясының төрағасы болып 16 жыл халқына қалтқысыз қызмет еткен ардақты жан облыстың сауда саласын дамытуға өлшеусіз үлесін қосты. Сонымен қоса, Қызылордада іскер басшының тікелей атсалысуымен сатушылар мен аспазшылар дайындайтын үш қабатты сауда кооперативті техникумы ғимараты және оның бес қабатты жатақханасы бой көтерді. Кейіннен бұл кооператив техникумы «Экономика және құқық колледжі» болып Сыр жастарына сапалы білім мен саналы тәрбие беруде.
Білікті маман Сыр аймағындағы сауда саласы базасы мен мәдениетін өзге өңірлерден оқ бойы оздырып, республика бойынша алдыңғы орынға шықты. Қызылорда қаласының Сырдария өзені бойынан салдырған «Ауыл» мейрамханасында 1993 жылы Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан президенттері Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу бағыты бойынша келелі кеңес өткізді. Осы бір тарихи шешімнің Ә.Іскендіров салдырған дәстүрлі қарашаңырақта өтуі халықтың ризашылығын тудырып, қазіргі күнге дейін ел мақтанышпен еске алып айтатын елеулі оқиғаға айналды. Оның тікелей өз бастамасымен қосқан тың жаңалығы – сауданың озат әдістерін өмірдегі қолданысқа ендіру. Яғни, сатып алушының өзіне-өзі қызмет ету әдісі. Осы әдіс нәтижесінде тұтынушылар қатары күрт өсіп, аймақтағы 700-ге жуық дүкен қызметі халық сұранысын толық қанағаттандыра білді.
Қайраткердің сауда саласына ендірген және бір маңызды жаңалығы – өндіріс, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, өңдеу және сатуды жан-жақты, ұтымды ұйымдастыруы болды. Қызылорда қаласында ғана емес, барлық аудан орталығында наубайхана, кондитер, сусын цехтары салынып, жұмыс жүргізе бастады. Сонымен қатар, консерві жасау, қауыннан қақ тілу, құрт қайнату, құрт-ірімшік жасау цехтары да барлық елді мекенде ашылып, жұмыс жасады. Осының нәтижесінде облыстық сауда саласының табысы күрт өсіп, Қызылорда облыстық тұтынушылар одағына Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл Ту берілді. Облыстық тұтынушылар одағының жұмыс тәжірибесін өзге аймақтарға насихаттау мақсатында республикалық семинар-кеңестер жиі-жиі өткізіліп, мекеме тәжірибесі Қазақстанның барлық облысына таратылды.
Абзал азаматтың ізгілікті істерінің және бір қыры – кадр саясаты болды. Ол сауда саласының кадрларына зор көңіл бөліп, оларды білімді де білікті жастардан жасақтады. Ол кісінің табиғатына тамыр-таныстықпен, туысқандық жолмен жұмысқа қабылдау жат нәрсе еді. Одан тәлім-тәрбие алған ізбасарлары Ж.Сарбалақов, Т.Боқаев, Т.Жүсіпов, К.Тәжмағанбетов, О.Әлібаев, С.Нағашыбаев, Б.Асанов, С.Мығымбаевалар 25-30 жастарында облыстық тұтыну кооперациясының басшылық жүйесінде ұзақ жылдар жемісті еңбек етті.
Әбдіраш Іскендіров 1984 жылы еңбек демалысына шығады. Ол зейнеткер болып жүріп те 1989 жылға дейін облыстық тұтынушылар Одағында қызметте болды. Халқының кемел келешегі үшін жан аямай еңбек етіп, тер төккен қайраткер тұлғаның еңбегі үкімет тарапынан ескерусіз қалмады. Облыста тұтынушылар кооперациясын дамытудағы табыстары, қол жеткізген жоғары көрсеткіштері, саланы дамытудағы сіңірген жеке үлесі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Соғыс және еңбек ардагері Әбдіраш Іскендірұлы 2001 жылы дүниеден озды.
Ол бірнеше мәрте Қазақстан компартиясы облыстық және аудандық комитеті мүшесі, облыстық және аудандық кеңес депутаты болып сайланды. Отбасында ардақты әке, үлгілі жар болып, 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлағатты ұядан тәрбиеленіп, жоғары білім алған ұрпақтары елге қалтқысыз қызмет етіп, әке салған ізгі жолды жалғастырып келеді.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Қазіргі таңдағы тыныш та бейбіт күнімізде батыр бабаларымыз бен аталарымыздың ерен ерлігі мен елге деген зор сүйіспеншілігі жатқаны ақиқат. Олардың өнегелі жолдарын үлгі етіп, жас ұрпаққа насихаттау – біздің қасиетті борышымыз болып қала береді.
С.ДАТ