МАЙДАНГЕР МӘЖИТ
Биыл – Ұлы Жеңіске 80 жыл. Бұл – тек санаулы күннің емес, сан ғасырлық жадымыздың жеңісі. Бұл – ерлік пен елдік тарихының алтын парағы.
1941 жылы еліміздің түкпір-түкпірінен аттанған жауынгерлер Отан үшін от кешіп, жан аямай шайқасты. Сол бір зұлмат жылдарда әр шаңырақ соғыстың салқынын сезінді. Көптеген отбасы өз ұлдарын, бауырларын, әкелерін майданға шығарып салды. Ал тылда қалған аналар мен қыздар, жас балалар мен қариялар жеңіске жету жолында тынымсыз еңбек етті. Жауынгерге тілек болып жеткен хаттар, жылулықпен тоқылған қолғаптар мен шұлықтар – сол қиын күндердің үміті мен сенімінің белгісі еді.
Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жанның бірі, гвардия сержанты болған – Мәжит Кірқабақов. Ол ауданға қарасты Қорқыт ауылында 1924 жылдың 21-қаңтарында дүниеге келген. 18 жасында, яғни 1942 жылдың наурыз айында Беларусь майданында соғысқа кіріседі. 361 атқыштар дивизиясында артиллерист-наводчик болған. Ұлы Отан соғысында 20-гвардиялық атқыштар полкі, 7 гвардиялық атқыштар дивизиясында сержант шенінде соғысқан. Екінші Прибалтика майданының 10 Армияның, 7 гвардиялық атқыштар дивизиясының, 20 гвардиялық атқыштар полкінің бөлім командирі, гвардия сержанты Мәжит Кірқабақов 1944 жылдың 26-қаңтарында Рига қаласына шабуыл кезінде ауыр жараланады. Снаряд жарықшығы оң қолы мен оң санына тиіп, шынтағын сындырып жібереді.
1944 жылдың 30 қыркүйегінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ержүрек ер 1944 жылдың 22 желтоқсанында еліне оралады. 1946 жылы екінші жауынгерлік марапаты, нақтырақ айтар болсақ, II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Мәжит әкеміз 1978 жылы 13-шілдеде 54 жасында дүниеден озады. Артында қалған 10 баласынан тараған ұрпақтары өсіп-өніп, ел дамуына өз үлесін қосып еңбек етуде.
Иә, соғыстың 80 жылдығын атап өту – құрбандарды еске алып, жаңа ұрпаққа бейбітшіліктің құндылығын жеткізудің маңызды кезеңі. Жастарымыз тарихты құрметтеп, бейбіт өмірдің маңызын түсінуі қажет. Бұл – соғыстан қайтпаған аталарымыз бен аналарымыздың рухына тағзым етіп, ерліктерін ұлықтайтын күн.
Тарихты ұмытпай, одан сабақ алу – болашақ үшін жасаған ең үлкен игілік. Соғыстың зардабы мен бейбітшіліктің қадірін түсіну арқылы біз келешекке сеніммен қарай аламыз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ