НЕСІБЕСІН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН ҚАРАПАЙЫМ ЖАН
Жақында ұжым болып «Руханият орталығына» бас сұқтық. Бірінші кезекте музей залына кірдік. Экспонаттармен танысып болған соң, ондағы жәдігерлер мен залдың тазалығына жауапты адамға қатысты жөн сұрай бастадық. Басты себебіміз – қарапайым еңбек адамын газет бетіне кеңінен насихаттау еді. Қанша рет мұнда келіп жүрсек те, бұрын-соңды байқай бермейтін мамандық иелері де бар екен. Оның бірі – зал қараушысы. Музей ашылғалы бері бұл жұмысты Тұрар Сүлейменова атқарып келеді.
Жасыратыны жоқ, көбіне біздің қоғамда қоғамдық орындардың тазалығына жауапты жұмысшылардың ісі тасада қалып жатады. Әсілі ерлік атаулының ішіндегі ең кереметі – еңбек ерлігі емес пе?! Расында кейде бізге жарқырап көрінген дүниенің артында әлдебір жанның еңбегі жататынын елей бермейміз. Музейде де дәл солай.
Тұрар Әбдімәжитқызы еңбек жолын 2007 жылы Төретам аймағы бойынша ауданаралық қаржы полициясы бөлімінде іс жүргізуші болудан бастаған. Кейін келе бұл жұмыстан қысқарып қалады. 2015 жылы ауданымыздан музей ашылып, осында зал қараушы болып жұмысқа орналасады. Міне, бүгінде жауапты қызметті атқарып келе жатқанына тұп-тура 10 жыл. Ол 2004 жылы Ғалымжан есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Бүгінде олардың ұл-қыздары білімді, жан-жақты болып өсуде.
– Музейдегі негізгі менің қызметім – зал қараушысы. Жұмысыма жәдігерлердің сақталуын қамтамасыз ету, экспозицияларды таңғы және кешкі тексерулерді жүзеге асыру, этикаждың бар болуын, музейдегі, музей-қорықтағы температура мен ылғалдылық деңгейін тексеріп, музей заттарының бүлінулерінің, жоғалуы мен ұрлануының алдын алу жатады. Жәдігерлердің сақталуы жағдайын жүзеге асырып, әйнектер мен жәдігерлердің толық сақталымын қадағалаймын. Сонымен қатар музейге келушілерге қызмет көрсету кезінде қызметтік этикетті, музей, музей-қорықтық жұмыс тәртібін сақтауды бақылауыма аламын. Сондай-ақ әр аптаның сенбі күні – тазалық күні. Ол күні залға тазалық жұмыстарын жүргіземін. Қай істің де қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Кез келген істің өз талабы болады. Бастысы, сол талаптың үдесінен шығып, жұмысты жан-тәніңмен жасасаңыз, бәрі жақсы болады, – дейді кейіпкеріміз.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекетке айналмақ. Расында еңбек қашанда адамды биікке жетелейді.
Иә, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады.
– Тұрар апайымыз ұжымда сыйлы, өте тиянақты, көпшіл адам. Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Оның жұмыстағы тағы бір қызметі – келушілерді қарсы алу. Оларға музей заңдылығын түсіндіреді. Сондай-ақ музейге мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері жиі келеді. Осы сәтте ол экскурсоводпен бірге залға қатар қарап жүреді. Мен зал экспозиясының тарихына жауапты болсам, ол кісі экспонаттарға жауапты. Музейде қанша адам қызмет етеді. Соның ішінде залға жауапты екі адам болса, оның бірі мен, екіншісі осы Тұрар апайымыз, – дейді әріптесі Баршагүл Сахиева.
«Еңбек бәрін де жеңбек» деген қазақта жақсы сөз бар. Расында адал еңбек етіп, ұрпағына адал ас ішкізген адамның қашанда айы оңынан туып, өмірі шаттыққа толы, күні жарық болмақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ