» » ҒАРЫШҚА АШЫЛҒАН ҚАЗАҚ ҚАҚПАСЫ

ҒАРЫШҚА АШЫЛҒАН ҚАЗАҚ ҚАҚПАСЫ

2025 жылы адамзат ғарышты бағындырған «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына тура 70 жыл толып отыр. Осыдан жетпіс жыл бұрын қазақ даласында негізі қаланған бұл тарихи нысан бүгінде бүкіл әлемге белгілі. Қазақстан жерінде орналасқан ғарыш айлағы әлемдегі тұңғыш және ең ірі ғарыш кешені ретінде тарихқа енді. Ол Қызылорда облысының оңтүстігінде, Арал теңізінен шығысқа қарай, Сырдария өзенінің бойында орналасқан. Байқоңыр – адам баласы алғаш ғарышқа ұшқан, ғылым мен жаңалықтың бастауы болған қасиетті мекен. Бұл алғашқы қадам жаңа дәуірдің бастауы болды.
1955 жылы Қызылорда облысындағы кең жазық далада «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылысы басталды. Арада екі жыл өткен соң, 1957 жылы 4 қазанда, Жер шарының алғашқы жасанды серігі – «Спутник - 1» көкке самғады. 1961 жылы 12 сәуірде әлем халқы тынысын ішіне тартты, дәл осы жерден адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин «Восток – 1» кемесімен ғарыш әлеміне алғаш сапар шекті. Аталған оқиға әлем тарихындағы ең үлкен ғылыми серпілістердің бірі болғаны анық. Бүкіл әлем осы ақпаратқа қайран қалды, жазушылар мен ақындар ғарыш, ғарышкер жайлы тақырыптарға қалам тербеді. Әрбір жас жеткіншек осы сәттен бастап ғарышкер болуды армандады. Мамандықтар легіне «ғарышкер» деген жаңа мамандық қосылды.
Байқоңырдан басталған бұл сапар ғылым мен техниканың, армандар мен ерліктің қатарын көрсеткен ұлы қадам ретінде тарих күнделігінің бетіне алтын әріптермен жазылды. Бұл оқиға арқылы қазақ даласы адамзат өркениетінің даму жолына мәңгілік енді.
Байқоңыр – Ресейдің де, Қазақстанның да аумағында орналасқан бірегей қала. Кейбір деректерге сүйенсек, Байқоңыр қаласын ата-бабаларымыз Жеркіндік деп атаған екен. Қаланың ескі атауы «ғаламмен байланысқан жердің кіндігі» деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар ғарыш алаңын салу үшін бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, тағы басқа факторлар ескерілгендігін ғылыми негізге алса да, халқымыздың ерте кезден табиғатқа етене жақын болып, оның атауын дәл тапқандығы қайран қалдырады.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, «Байқоңыр» еліміздің меншігіне өтті. 1994 жылдан бастап Ресейге ұзақ мерзімге жалға беріліп, бірлескен пайдалануға көшті. Осы жылдар ішінде қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов ғарышқа ұшып, еліміздің атағын, мәртебесін көкке көтерді.
«Байқоңыр – адамзаттың ғарышқа алғаш қараған терезесі. Сондай-ақ «Байқоңыр» – тарих пен мақтаныш. Бұл – руханият және болашақпен байланыс. Қазіргі таңда қалада мыңдаған адам өмір сүріп, тіршілік етуде.
Мұнда Ғарышкерлер мұражайы, Гагарин старт алаңы, жазғы жаттығу алаңдары орналасқан. Әрине, жергілікті халықтың денсаулығына келтіретін зияны жайлы да айтпасқа болмайды, алайда адам баласының тәуекелсіз, тәжірибесіз жаңа жетістіктерге жетуі мүмкін емес.
«Байқоңыр» – бұл тарих, техника және адам арманының тоғысқан нүктесі. Ғарыш туризмі, ғарыш мұражайлары мен экскурсиялар арқылы «Байқоңыр» ел ішінде ғана емес, шетелде де танымал бола бастады.
Бүгінде «Байқоңырдан» «Союз», «Протон» және басқа да зымырандар ұшырылып, халықаралық ғарыштық жобалар жүзеге асырылып келеді. Ресей мен Қазақстан арасындағы келісім бойынша, ғарыш айлағы Ресейдің жалдауында. Айлақта Ресейдің «Роскосмос» агенттігі жұмыс жүргізеді. Қазақстан жағы инфрақұрылымды дамытып, біртіндеп отандық ғарыш саласын ілгерілетіп жатыр. Сонымен қатар Қазақстан тарапынан «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы да айлақты игеру жұмыстарына белсенді атсалысып келеді.
Қазақстан ғарыш саласын дамыту бағытында бірқатар жобаны қолға алып жатыр. 2005 жылы алғашқы қазақстандық жасанды жер серігі – «KazSat-1» ғарышқа жіберілді. Одан кейін «Kaz-Sat-2» және «KazSat-3» серіктері ұшырылды. Бұл серіктер байланыс, интернет және телехабар тарату қызметтерін жетілдіруге сеп болды. Ұлттық серіктер ұшырылып, ғарыштық зерттеулер жүргізілуде. «Байқоңырдың» болашағы халықаралық ынтымақтастықпен, технологиялық серпіліспен тығыз байланысты. Ғарышты игеру бұл ғылыми өркениеттің шегі емес, оның бастауы болары сөзсіз.
«Байқоңыр» – қазақ жерінен көкке жол тартқан үміт пен ғылымның айрықша дара жолы. 70 жыл бұрын басталған бұл жол әлі талай ұрпаққа шабыт сыйлайды деп сенеміз. Ұлт ретінде өз жерімізден ғарышқа сапар шегу мүмкіндігі бар екеніне мақтанып қана қоймай, оның әлеуетін толықтай пайдалану – бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
12 сәуір 2025 ж. 201 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

№24 (10392)

05 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 598
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930