» » Жер кіндігі – БАЙҚОҢЫР

Жер кіндігі – БАЙҚОҢЫР

Байқоңыр – адамзаттың ғарышқа қол жалғар көпірі. Өйткені бұл мекен – адамды алғаш ғарышпен табыстырған айлақ. Қазақ Байқоңырды жердің кіндігі деп бекер айтпаса керек. Қорқыт баба туралы аңызға сүйенсек, оның дәл осы аңызақ даланы қасиетті жер деп бағалауы тегін емес. Себебі Байқоңыр мен ғарыш әлемі арасында байланыс, ғарышқа тез көтерілер «қара түнек» сынды жол бар.
Жер бетіндегі алғашқы айлақтың Қазақстанға салынғанына тоқталсақ. 1955 жылы Кеңес үкіметі әскери полигон салу туралы қаулы шығарады. Мұндай полигон құрлықаралық баллистикалық зымыранды (ол кезде Р-7 зымыраны болатын) сынақтан өткізу үшін керек болды. Арнайы комиссия құрылып, олар алып құрылысты салатын алаңды іздеп, ұзақ ойланады. Негізінен төрт жер таңдап алынған. Ол Дағыстан, Астрахань облысы, Марий Эл аймағы және Қызылорда облысы.
Елді мекенді таңдауда ең алдымен ауыз су мен темір жолдың бар-жоғы назарға алынған. Бұл жағынан Қызылорда артық боп шықты. Әсіресе жерінің кеңдігі үлкен рөл ойнады. Байқоңыр жанында бос жатқан жер көп. Полигонды салуға керек 7 мың шаршы шақырым жер сайрап жатыр.
1955 жылы 2 маусымда КСРО Қарулы күштерінің Бас штабы Байқоңырды ресми түрде әскери полигон деп мо­йындап, 11 284 әскери бөлімін орналастыру туралы қаулы шығарады. Құпия нысанды ешкім білмеуі үшін құжатқа «әскери полигон салу» деп жазылады. Құрылыс жұмыстарының құпия жүргізілгені соншалық, тіпті құрылысшылар да алғашында стадион салып жатырмыз деп ойлаған. 1961 жылға дейін Байқоңырдың бар екенін ешкім білмеген.
Ең алғашқы зымыран 1957 жылы 15 мамырда ұшырылған. Р-7 баллистикалық зымыраны 98 секунд жоғары көтеріліп, бір қозғалтқышы істен шығып, 400 метр жерге барып құлап жарылып кетеді. Ал 1957 жылы 4 қазанда ғарышқа алғаш рет жасанды Жер серігі ұшырылады. Бұдан кейін ғарышқа ит-космонавтар – Белка мен Стрелка аттанады. 1960 жылы 19 тамызда «Спутник-5» атты зымыран иттерді отырғызып, Жерді 17 рет айналып, Байқоңырға қайта қонады.
1961 жылы 12 сәуірде Қазақстанның Байқоңыр аймағынан тұңғыш космос кораблі ғарышқа аттанды. Сөйтіп, Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш аймағына айналды. Яғни, 12 сәуір – адамзаттың ғарышты алғаш бағындырған күні. Сондықтан 1968 жылдан бастап Халықаралық авиация федерациясы бұл күнді Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні деп бекітті. Алғашқы ғарыш сапарынан кейінгі жылдары 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеулер жүргізді.
Байқоңырдан Р-9, Р-36, УР-200, УР-100 баллистикалық зымыранының түрлі буыны ұшырылды. Р-7 базасында құрылған "Восток", "Молния", "Восход", "Союз", "Циклон", "Протон", айға қонған Н-1, "Зенит", "Энергия" және "Прогресс" сынды зымыран тасығыштар ғарышқа кетті.
Одан бергі аралықта қаншама ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі, өз елінің батырлары, ұшқыш-ғарышкерлер Тоқ­тар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов те бар. Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды.
1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығынан өткен Тоқтар Әубәкіров сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Т.Әубәкіров Кеңес Одағының батыры және Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» атақтарының иегері.
Екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа бірнеше рет ұшты. Ол 1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» экипажының борт инженері ретінде ғарыш сапарына аттанды. Оның әр жылдардағы ғарыштық экспедицияларының жалпы ұзақтығы бір жылға жуық уақытты құрады. Т.Мұсабаев 2001 жылғы ғарыш сапарында Америка Құрама штатының миллионері, ғарышкер-турист Денис Титомен бірге ұшты. Т.Мұсабаев Тәуелсіз Қазақстаннан шыққан ғарышкер. Ол Ресей Федерациясының батыры, Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы».
2015 жылдың қыркүйегінде қазақ елінің үшінші азаматы Айдын Айым­бетов ғарышқа ұшты. Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы». Ғарыш әлемінде болған 9 күн, 20 сағат, 13 минутта тапсырылған ғылыми жұмысын, әсіресе Каспий теңізі мен Арал көлі маңының экологиялық жағдайына байланысты зерттеулерін жүргізді.
Іргемізде орналасқан Байқоңыр – өте құнды мекен, қымбат айлақ. Жер бетінде бірде-бір мұндай нысан жоқ. Космодром салынғанына да жарты ғасырдан асты. Адамзат осы уақыттың ішінде осыншалықты қуатты бір де бір құрылыс салмаған.

Дайындаған Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
12 сәуір 2022 ж. 4 440 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 237

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 340

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930