ЖАҺАНДЫҚ ЖАРШЫЛАР ЖАЙЫНДА
Қазір қай салада да жоғары технологияның билігі жүріп тұрғаны жасырын емес. Онсыз өркендеу, ілгерілеу жоқ екені айтпаса да түсінікті. Десе де, кейінгі кезде алдында жатқан алақандай телефонға телмірушілердің қатары артып барады. Ал сондағы ғаламтордың өмірімізге дендеп енуі дәстүрлі БАҚ-ты ығыстырып, басылымның жойылуына әкеліп соқтырады деген әңгіме де жиі айтылады.
Бір кездері телеарналардың дамуына байланысты газеттің болашағына күмәнмен қарағандар да аз болмаған. Алайда әлемдік газет өндірісінің тәжірибесі ақпарат құралының қандай да бір жаңа түрі ойлап табылғанына қарамастан, олардың жүрегі дамылсыз соға беретінін, қоғаммен бірге қозғалыста өмір сүретінін айғақтай түсетіндей.
Заман алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты жедел дамығанымен, газет өз маңыздылығын жоймайтыны белгілі. Оған әлем елдердегі газет оқу мәдениетін мысалға алсақ та жеткілікті. Мәселен, Жапонияның ұлттық басылымы – «Асахи симбун» газеті күніне 10 млн таралыммен шығады. Күндізгі таралымы – 6 млн болса, кешкісін – 4 млн. Бұл газеттің алғашқы саны 1879 жылы шыққан. Басылымда 226 жергілікті бюро, 61 аймақтық бөлімше бар.
Ал баспасөздің отаны саналатын Францияда күн сайын жүздеген мың таралыммен шығатын бірнеше басылым бар. Сонымен қатар, Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті миллиондаған таралыммен күніне екі рет және бірнеше тілде жарыққа шығады. Аталған газет әлемдегі жетекші газеттердің бірі әрі Қытайдағы ең ықпалды газет. Әлемнің әртүрлі елдерінде 70 тілшілік кеңселерде мыңнан астам журналист жұмыс істейді. 2015 жылы газеттің таралымы 3 миллион 500 мыңға жетіп, жыл сайын жүз мыңнан астам данаға өсіп отырған.
АҚШ-тың «New York Times» газеті 1851 жылдан бері үзіліссіз шығып келеді. Оны қызыға, асыға күтіп оқитын оқырманы жетерлік. Тіпті әлемдік БАҚ сол газеттен сілтеме жасау арқылы ақпараттар таратып жатады. Көршілес Ресейдің «Вечерняя Москва» басылымын халық баспадан шықпай жатып сатып алып кетеді. Бұл басылым 1923 жылдан бері шығып келеді. Аталған мысалдар бүгінгі күні озық технологияларды ойлап тауып, интернетпен барынша қамтылған елдердің өзінде әлі күнге дейін газеттің орны бөлек екенін дәлелдейді.
Жоғарыдағы әлем елдеріндегі басылымдардан көріп отырғанымыздай, гаджеттен гөрі, қолға ұстап оқитын қағаз басылымдарға деген қажеттілік алдағы уақытта да сақталатын болады. Гаджет ақпараттың таралу жылдамдығына қызмет етсе, мерзімдік қағаз басылымдар болған оқиғаға қатысты сараптамалық, талдамалық, тұжырымдамалық дүниелер ұсынады. Оқиғаның өзін, оқиғалар тізбегінен құбылысты аңдауға жәрдемдеседі. Яғни, екеуінің де өмір сүруге қақысы бар. Сол себепті қазақтілді басылымдар қазақ халқы барда қажетсіз болып қалмайды. Оған қауіптенудің қажеті жоқ. Технологияның дамыған заманында адамдардың руханиятын сақтап қалу үшін де газеттің рөлі зор. Газет – тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал әлеуметтік желі тек ақпарат берумен ғана шектеледі.
Түйін Күн сайын шамамен 2,5 миллиард адам қағазға басылған газеттерді оқиды. Бұл әлемдегі ересек тұрғындардың жартысын құрайды. Ғаламторды пайдаланушылардың 46 пайызы газеттердің цифрлық нұсқасын оқиды. Демек, газетке деген сұраныс әлі де бар және бола береді деп ойлаймыз. Ой демекші, ойға ой қосатын, санаға сәуле түсіретін мәнді-мағыналы сөз – басылымдарда. Бірақ ғаламтор, соның ішінде әлеуметтік желі баспасөздің қол-аяғын матап, аузын буып тастайды дегенге сену қиын. The Washington Post, The New York Times секілді газеттердің таралымына көз тастасаңыз, мерзімді басылымдардың әлі де ұзақ жасайтынына, өміршең екеніне сенесіз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ