Ұлттық басылым күні: баспасөзге құрмет
Заман алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты дамыса да, қазақ басылымдары өз маңызын жоймайтыны белгілі. Себебі тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары. Басылымның бағасын білген ел ретінде былтыр күнтізбемізге тағы бір жаңа мереке қосылды. Ол – Ұлттық басылым күні.
Биыл алғаш рет аталып өткен мереке үшін 2 ақпан таңдалған. Неге деуіңіз мүмкін. Оған себеп осыдан 111 жыл бұрын, яғни 1913 жылы дәл осы күні алаштың үніне айналған «Қазақ» газеті жарыққа шыққан. Алаш арыстары азаттық жолында басын үлкен қатерге тігіп, патшаның қуғын-сүргінінен қаймықпай, өмірін осы күреске арнады. Соның жолында құрбан болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті. Міне, арада 111 жыл өтсе де, ұлттық баспасөз «Қазақ» салған ұлттық ынтымақтың жолымен жүріп келеді. Сондықтан елімізді бірлікке, ынтымаққа, әділеттілікке бастайтын ұсыныс қолдау тауып, күнтізбеден басылым күні орын алды. Бұл – азаттық жолында басын қатерге тіккен, қазақ көсемсөзін қалыптастыруда айшықты еңбек сіңірген Алаш қайраткерлерін ұлықтау, әрі ұлт тұтастығы мен тарихи әділеттілік тұрғысынан дұрыс шешім.
Айталық, 28-маусым «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні», 2021 жылдан бастап 1-қазан «Радио қызметкерлері күні» ретінде белгіленді. Енді басылымның да төл мерекесі бар. Бұл баспасөздің маңыздылығын көрсетіп, осы саладағы қызметкерлерді ынталандыра түседі. Жалпы тұңғыш ұлттық басылым шыққан күнді ұлықтайтын ізгі де өнегелі дәстүр өзімізбен тамырлас әзербайжан, қырғыз, қалмақ, удмурт, саха халықтарында бар. Мәселен, әзербайжандар 22-шілдеде «Ұлттық баспасөз күнін» атап өтеді. Оған себеп – 1875 жылы аталған күні әзербайжан интеллигенциясының көрнекті ағартушы өкілі Ғасанбек Зардаби «Экинчи» газетінің тұңғыш санын шығарған. Қалмақтар 105 жыл бұрын жарыққа шыққан қалмақ тіліндегі «Өөрдин зәңг» – «Ойратские известия» газетінің туған күнін қалмақ баспасөзінің күні деп белгіледі. Қалмақ Үкіметі жыл сайын бұл айрықша күнді салтанатты түрде атап өтеді. Ал 1907 жылы 12 шілдеде якут тіліндегі «Саха дойдута» («Якутский край») газетінің алғашқы саны жарық көрген. Сондықтан да Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев 2020 жылы бұл күнді Ұлттық баспасөз күні деп белгілеген.
Қырғызстанда 7 қараша – Ақпарат және баспасөз күні деген ресми мереке бар. 1924 жылы 7 қарашада «Эркин Тоо» ұлттық басылымының бірінші саны жарыққа шыққан. 1991 жылдан бері ол «Кызыл Туусу» деп аталды. 2022 жылдың 2 наурызында Удмуртияда тұңғыш рет Ұлттық баспасөз күні атап өтілді. Бұл күн осыдан 106 жыл бұрын удмурт тілінде шыққан «Войнаысь ивор» («Вести в войны», қазіргі атауы – «Удмурт дунне») газетінің құрметіне қойылған. Жаңа мереке күні Удмуртия билігі ұлттық баспасөздің дамуына ерекше үлес қосып жүрген журналистерді марапаттайды. Қарап отырсақ, әрбір ел өз баспасөзін ұлықтауды қолға алған. Мұның түпкі төркіні – баспасөзге деген құрметтің артуы, түсініктің тереңдеуі.
Газет өзі өмір сүрген кезеңнің құлағы, үні, тілі болып, айналасына ұлт болашағын ойлаған қазақ азаматтарын біріктіруімен де құнды. Қоғамның иммунитетін күшейтетін де осы баспасөз. Әр нәрсенің өзінің құнары, өзегі болатыны секілді, басылымдардағы дүниелердің мықты қайнары, қуаты болуы керек. Иә, бәлкім, форматы, оқырманға жеткізілуі жағынан өзгерер, бірақ мазмұндық, талдамалық тұрғыда бірде-бір ақпарат көзі газетті басып озған жоқ. «Гаджет газетті алмастырды» деген дақпырт бар. Алайда кітап пен газет оқыған адамның интеллектісі оқымағаннан едәуір артық. Оған арнайы мысал іздеудің қажеті жоқ. Газет-журнал шығып, ел арасына тарап, жұрт жаппай оқи бастағанда өркениет пен ғылым қарыштап дамыды. Ғаламтормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал баспасөз беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, сезімге сезім, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де газет емес пе? Сонымен қатаргазет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Осы себептен де басылым дамып, баспасөз өрістей бермек. Ал арнайы мереке баспасөзге деген құрметті одан әрі арттыра түспек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ