ЫЗҒАРЛЫ КҮН КУӘГЕРІ
"Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер"
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер» деп қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов жырлағандай, арада 38 жыл уақыт өтсе де қайғысы мен құпиясы әлі толық ашылмаған Желтоқсан көтерілісі қазақ халқы үшін ауыр да қайғылы оқиға болып қала бермек. Сол зұлмат оқиғаның куәгерлері қазір арамызда жүр, оларды көпшілігіміз біле де бермейміз.
Сол уақыттары елімізге үстемдік еткен КСРО-ның солақай саясатына қарсы тұрып, ұрандап алаңға шыққан қазақ ұлтының қайсар қыздарының бірі – Сания Нұрмұханбетова.
Ол 1965 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар селосында дүниеге келген. 1980 жылы 8-сыныпты бітіріп, Семей педагогика училищесіне оқуға түсіп, 1984 жылы училищені бітіріп, сол жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының «Бастауыш оқыту педагогикасы және методикасы» факультетінде оқуын жалғастырады.
– 1986 жылы 3-курста оқып жүрген кезім болатын. 16 желтоқсан күні кешкі мезгіл кезі. Радиодан Дінмұхаммед Қонаев кетіп, орнына Колбин деген біреу келгенін естіп, бәріміз күтпеген жаңалықтан есеңгіреп қалдық. Көкейімізде «неге?» деген сұрақ тұрды. Өзімізше талқыға салып, ойымызды айтып біраз отырып, жатып қалдық. 17 желтоқсан күні таңертең сабақта отыр едік, институттың сыртынан «КазПИ, шық!» деген қазақ жастарының дауыстары естілді. Орыс тілі сабағы болып жатқан еді, мұғаліміміз Галина Александровнаның «Ешқайда шықпайсыңдар» дегеніне қарамастан аудиториядан бірден жүгіре шығып, орталық алаңға бара жатқан жастар легіне қосылып кете бардық. Қасымда группалас, бөлмелес қыздар бар. Алаңда кешке дейін жүріп қалдық. Онда жастар тілегін айтып, у-шу болып жатты. Барлық ұсыныс тек «қазақ басқарсын» деген ниет еді. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Қас қарая жатақханаға қайттық. Одан кейінгі күндері сабақ та болған жоқ, қалада коменданттық сағат болып тұрды. Көшеге шықпаймыз, тіпті нан алуға дүкенге баруға қорықтық, себебі ұсталсақ, институттан шығарады. Ата-анамызға, туыстарымызға зиянымыз тиеді. 18 желтоқсан күні кешке жатақханада отырған бізді сол кездегі ішкі істер органы өкілдері келіп, УВД-ға алып келді. Қасымда бөлмелес қыздарым бар, төртеуміз. Тергеу басталды. Бірден «Уголовный розыск» деген қап-қара альбомды ашып, кімді танитынымызды сұрады. Біз, әрине таныстарымызды, яғни институттағы студенттердің біразын таныдық, бірақ ешкімді танымаймыз деп айттық. Не мақсатпен барғанымызды, кім шақырды, кешке дейін неге жүрсіңдер деген сияқты түрлі сұрақтарды қойып жатты. Біз осындай боларын біліп, алдын ала бір сөзді болайық деп келісіп алған едік. Себебі, жатақханадан студенттерді біртіндеп тергеуге алып кетіп жатқан еді. Тергеу жеке-жеке жүргізілсе де төртеуміз де бір жауаптан танбадық. Ақыры ешқайда шықпаймыз, болған оқиға туралы ешкімге айтпаймыз, ата-анамызға хабарласпаймыз деп сөз беріп, әйтеуір түннің бір уағында босап шықтық. Жатақханаға қалай жеткеніміз есімде жоқ. Аман құтылғанымызға қуанған шығармыз, бәлкім. Небір сорақы жағдайларды естіп едік. Оның үстіне группаласымыз Сәуле Сатыбалдиева мен Гүлнар Есенғұлова табылмады. Оларды іздейміз деп группалас жігіттер де қолға түсті, ішінде сол кездегі бірге оқыған, қазіргі жолдасым Нұрлыбай Түнғатаров да бар еді. Ақыры ол екеуін институттан шығарып жіберді. Жолдасым қатаң сөгіс алды, біз ауызша ескерту алдық. Жанымда болған қыздармен әлі хабарласып тұрамыз, – дейді желтоқсаншы Сания апай.
Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласындағы No272 қазақ орта мектебінде ұзақ жылдардан бері ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан Сания Баянқызы 3 бала тәрбиелеп өсіріп, оларды ел қатарына қосқан ардақты ана бүгінде сүйкімді немерелердің аяулы әжесі. Жолдасы – Нұрлыбай Сматұлы да ұзақ уақыт ұстаздық қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлікке шыққан.
Сания Баянқызы 1999 жылдан бері No272 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бүгінгі ұрпаққа саналы ғұмырын арнаған жан. Ол – жоғары санатты педагог-зерттеуші.
Бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстазымыз ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Сания апайдың оқушылары бастауыш сыныпта алған білімдерін әрі қарай жетілдіріп, 9-сыныпты үздік куәлікпен, 11-сыныпты қызыл аттестатпен және алтын медальмен бітіріп, ұстаздарын қуантып жүр. Мысалы, 2020 жылы Нұрлан Байсынов есімді оқушысы «Алтын белгі» иегері атанып, соның нәтижесінде аудандық кәсіподақ ұйымының марапаттарына ие болды. Ал биылғы оқу жылында Нұрай Қожантаева есімді оқушысы «Алтын белгі» иегері атанып, қуанышы еселеніп отыр.
– Тәуелсіздік – үлкен мәні бар оқиға, ата-бабаларымыз арман еткен, тәуелсіздік үшін қаншама адамдардың қаны төгіліп жеткен жеңіс. Тәуелсіздікті біз қолда дұрыс ұстап бағалай білуіміз керек. Тәуелсіз еліміздің мерейін үстем қылып, экономикасын нығайтатын болашақ жастарды тәрбиелеуіміз қажет деп ойлаймын. Барша халыққа тәуелсіздік мерекесіне орай жақсы тілектерімді жеткізгім келеді. Халқымның, елімнің амандығын тілеймін. Еліміздің іргесі тыныш болсын. Тәуелсіз еліміздің туы тұғырлы, еңсесі биік болсын! Көп ұлтты мемлекетіміз әрқашан тату-тәтті бірлікте өмір сүрсін. Жастарымыздың, балаларымыздың болашағы жарқын болсын! – деген тілегін жеткізді желтоқсаншы.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы
Байқоңыр қаласы