Ол күндер ұмытылмайды
Желтоқсанның ызғары жүрек түкпірінде сақтаулы ғой. 1986 жылы Алматыда білім алып жүрген едік. Бір күні көшелерде айқай-ұйқай көбейіп, жастардың әрлі-берлі жүргені мен жүгіргені елең еткізді. Сабақтан шығып келе жатқанмын, көшеде біреулер «Қазақсыңдар ма, бізге қосылыңдар, келіңдер» деген сөздермен көшені бойлап кетіп барады.
Ештеңеге түсінбеген біздер жатақханаға келіп, дереу теледидар қостық. «Бүгін Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың орнына В.Колбин тағайындалды. Қазір осыған наразы топ алаңға жиналуда.
Бұл – нағыз бұзақылардың ісі» деген хабар таратылып жатты. Ертеңгі күн бізде семинар сабақ бар. Кітапханаға бару керек. Тамақтанып алып, құрбым екеуміз аялдамаға келдік. Автобусты көп күттік. Болмаған соң, алға қарай жылжып, келесі көшеден трамвайға отырып, кітапханаға жеттік. Бір-ақ, орталық алаңда халық толы. Дені жастар. Кітапханадағы жұмысымыз бітіп қайтуға бет алдық. Сыртқа шықсақ, манағы халық тіптен көбейген. Не болып жатқаны түсініксіз. Көруге бел буып, алаңға қарай жүргеніміз сол еді айқау-шу, төбелес, ұрып-соғуды көргенде не істерімізді білмей абдырап қалдық. Содан милиция формасын киген ересектеуі бізді шақырып «Қыздар, бұл жерден кетіңдер, ертең өздеріңе қиын болады. Оқудан шығарып жібереміз» деді. Сол жерге бір топ әскери киімді сарбаздар жиналып, қоршауға алды. Біз жылжып шығып, кейін қайттық. Құрбыларыммен бірге жатақханаға келдік. Барлық оқытушы кезекшілік жасап, студенттерді бақылап отыр екен. Ешкімді шығармайды. Ал 1-2 курстың қыздары бөлмелерінде жоқ. Көп ұзамай «олар алаңда жүр» деген хабар келді. Ол күні күн өте ызғарлы еді. Жерде қалың қар. Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар бірінен соң бірі түрмеге қамалды, «пәленше ауыр соққыдан өліп кетті» дегенді де естіп жатырмыз. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «бұзақы», «ұлтшыл» деген кінә тағылды. Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Қазақ жастарының наразылығы «Қазақ елінің өз көсемі сайлансын» деген талап еді. Бұл оқиға Кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы, қазақтың қайта оянған ұлттық рухының дәлелі. Сонымен бірге, бұл – өршіл намыс пен мұқалмас жігердің Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира сынды жүздеген, мыңдаған жастар бейнесінде лапылдап жанған мұздағы алауы.
Алмагүл ЖАНСЕЙІТОВА,
желтоқсаншы