» » Желтоқсаншылар құрмет төрінде

Желтоқсаншылар құрмет төрінде


1986 ЖЫЛ. БҰЛ КЕЗЕҢ ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ АҚ ҚАР, КӨК МҰЗДЫҢ ҮСТІНДЕ ЕЛ НАМЫСЫ ҮШІН БЕЙБІТ ШЕРУГЕ ШЫҚҚАН ЖАСТАРДЫ КҮШПЕН ЖАНШЫП ӘКЕТУГЕ КЕЛГЕН ЖАСАҚШЫЛАР, ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЫЗҒАРЫНА ҚАРАМАСТАН ӨРТ СӨНДІРГІШ КӨЛІКТЕН ШАШЫЛҒАН СУҒА КЕУДЕСІН ТОСҚАН ӨЖЕТ ҰЛ-ҚЫЗДАРДЫҢ ҚАЙСАРЛЫҚҚА ТОЛЫ БЕЙНЕСІ КӨЗ АЛДЫМЫЗҒА КЕЛЕДІ.
Себебі осы жылдың 16 жел­тоқ­санында Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы жастардың наразылығын туғызды. Жетім баланың күйін кешіп, өз ана тілінде сөйлеуі мұң болған, сол үшін де қазақ тілінің мәселесіне алаңдап жүрген жастарға бұл хабар жығылған үстіне жұдырық болып тиген еді. Алаңға атойлап шыққан жастардың бар тілегі өз ана тілінде еркін сөйлегісі келетінін бейбіт түрде жеткізу болатын. Алайда олар өз талаптарының ескерусіз қалып, өздері аяусыз соққыға жығылып, оқудан шығып, тіпті түрмеге тоғытыларын да білген жоқ. Көтеріліске қатысып, алаңда «Колбин керек емес!», «Әр елдің өз көсемі болуы керек!» деген ұрандарды көтеріп, жанұшырып шырылдап, жоғарыдан әділдік іздеген сол кездегі өрімдей жас­тар бүгінде ақ самайлы аға буынға айналды.
Олар ел тәуелсіздігі үшін ден­саулығын, болашағын, тіпті өмірін қиды. Алаңға шыққан азаматтар аяусыз жазаланды. Сол бір ауыр соққыдан алған жарақаттар тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып, мәңгі жүректерінде қалды. Десе де, олар бейбіт күннің келгеніне, оған аз да болса сеп болғанына қуанышты. Егеменді елде ұрпақ өсіріп отырғанына бақытты.
Желтоқсан көтерілісінен кейін туған ұрпақтың алды 35-ке толды. Ел егемендігін алған соң өмірге келгендер де орда бұзар отыз жасқа келді. Бейбіт күнде өмір сүріп жүрген бүгінгі ұрпақ қазақ тарихындағы бұл оқиғаны ұмытпауы тиіс. Бұл – ел болашағы үшін ерлік көрсеткен жандарға тағзым етер, құрмет тұтар қасиетті күн. Себебі Тәуелсіздік көктен түскен оңай олжа емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр» деген сөзі бар. Расымен де, тарих беттерін парақтасақ халқымыздың тәуелсіздік жолында талай қиындықты бастан өткергенін аңғарамыз. Сондықтан бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздіктің нақты құнын терең түсінуі тиіс.
Осы ретте аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы желтоқсаншылармен кез­де­сіп, құрмет көрсетті. Жиында аудан басшысы алдымен желтоқсаншыларға ыстық ықыласын білдіріп, Тәуелсіз азат күніміз туралы сыр шертіп, ой қозғады.
– Биыл егемендігімізді айқындайтын ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында көп өзгерістер орын алды. Десе де сіздердей нағыз қаһарман ұл-қыздардың ерлігі мен есімі еш ұмытылмайды. Себебі бойларыңыздағы жігерлі намыс, жалынды жүрек пен қайсар мінез – қазақтың ел болуына жол ашты. Сіздердің әрбіріңіздің орындарыңыз бөлек. Қазір Сіздер әр салада табысты еңбек етіп жүрсіздер. Соның арқасында ауданымыз күн санап дамып келеді. Көптеген игі істер жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміз арта түсуде. Мұның барлығы – Тәуелсіздік жылдарында біркісідей атқарған еңбектің жемісі. Сіздердің мемлекет игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Ел намысы үшін алаңда бой көтерген аудан желтоқсаншыларына мерекелік медаль табысталып, сый-сияпат берілді. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Өткен күндердің естелігін еске түсірген желтоқсаншылар бұл құрметке ризашылығын білдірді.
– Мереке дегенмен мұңы басым, тойлайын десең шаттануға келмейтін бұл күндердің естен кетпесі анық. Ең бастысы еліміз тыныш болсын. Ауданымыз алға жылжып, жақсы көрсеткішімен қуанта берсін. Тағдырлас, замандастармен бас қосып отырмыз. Сол кездегі болған жағдайды осы кісілер көздерімен көрді. Елдің намысын, сол кездегі жас буын өкілі бозбала мен бойжеткендердің жігерін көрді. Намысты, жігерлі жастарымыз көп болсын. Осы елдің дамуына, әлде де үлгілі аудан атануына қолдан келгенше қызмет ете бермекпіз, – дейді желтоқсаншы Ерлан Бисенбаев.
Алдағы уақытта да Қазақстанның азаттығы үшін күреске шыққан жел­тоқсаншы ұл-қыздарымыздың ер­лігін, қаһармандығын дәріптейтін, баға­лайтын, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін жиындар жалғасын таба бермек. Себебі егемен ел болуды мақсат еткен ержүрек жастар әрдайым құрметке лайық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 желтоқсан 2021 ж. 298 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 905

Сұхбат

Мәдениет

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 939

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031