» » Көңілде мұңды із қалды

Көңілде мұңды із қалды


БҮГІНГІ БЕЙБІТ КҮНІМІЗ БЕН ТЫНЫШ ТҮНІМІЗДІҢ КЕПІЛІ – ТӘУЕЛСІЗДІК. БҰЛ ТАҚЫРЫП ҚОЗҒАЛҒАНДА, ӘУЕЛІ, СОНАУ 1986 ЖЫЛДЫҢ 17 ЖЕЛТОҚСАНЫНДАҒЫ ЫЗҒАРЛЫ КҮНІ АЛАҢҒА ШЫҒЫП, ҰЛТ ҮШІН БАС КӨТЕРГЕН ЖАСТАРДЫҢ ЕРЛІГІ ЕСКЕ ТҮСЕДІ. БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗДА ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ, ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ – МҰХИТ ҚЫПШАҚБАЕВ ПЕН КУӘГЕРІ – АМАНКҮЛ РЫСБАЕВА
ТУРАЛЫ БАЯНДАМАҚПЫЗ. 
Деректерге сүйенсек, Желтоқсан көтерілісіне 30 мыңнан аса қазақ жастары қатысқан. Құқық қорғау органдары барлығы 8515 адамды ұстап, 2400 адамды қамауға алған. Алматының түрмесі мен абақтыларында орын қалмаған соң, 5 мыңнан астам жасты қала сыртына апарып тастаса, 1722 адам түрлі дене жарақаттарын алыпты. Кейін 99 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі тәуелсіздік, елдің егемендігі қазаққа оңайлықпен келмегені мәлім. Бостандық үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған елдің бүгінгі ұрпағының санасында ызғарлы Желтоқсанның да орны бөлек. Бұл оқиға қазақтың қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Биыл – Тәуелсіздігімізге 30 жыл, ал Желтоқсан оқиғасына 35 жыл. Осынша жылды артқа тастағанымен қаһарлы күннің ызғары қатысушылар санасынан өшпейді. Сол кездері алаңға жиналған жас толқын – бүгінде жөн сілтер аға буынға айналды. Албырт көңілмен, ақ адал ниетпен бейбіт шеруге шыққан олар, бұл күрестің қарулы қақтығысқа айналарын білмеген де еді. Алайда осы көтеріліс егемендіктің негізін қалады. Осы бір атаулы күн қарсаңында ел ертеңі үшін алаңға шыққан желтоқсаншылармен байланысқан болатынбыз.
Мұхит Қыпшақбаев 1961 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. 1982-1988 жылдары Алматы каласында ауылшаруашылық институтында «экономист-ұйымдастырушы» мамандығы бойынша оқып, бітіріп шығады. Бүгінде аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінде қызмет ететін ол – желтоқсаншылардың бірі. Сол уақытта 3 курстың студенті ретінде оқудан шығып кету қаупінің барына қарамастан алаңға шыққан.
– 1986 жылы ауылшаруашылығы институтының 3 курс студенті едім. Сол жылы 16 желтоқсанда кешке Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаевты орнынан алып тастапты дегенді естідік. Ал 17 желтоқсанда ор­талық алаңда жастар жиналып жатты. Соған біз сабақты тастап орталық алаңға бардық. Барсақ алаңда жастар жиналып жатыр, біз де оларға қосылып кеттік. Трибунада небір басшылар тұр екен. Жастарға кайтыңдар деп деп жатты. Студенттер арасынан шығып сөйлегендерді тыңдадық, ұран тастадық, бірге «Менің елім» әнін айттық. Кешке дейін алаңда болдық. Кешке су шашатын көліктер келіп су шаша бастады. Біз жан-жаққа тығылдық. Жатақханада бірге жататын жігіттермен фонтанның жанына барып тығылдық. Сосын ызаланып, сол субұрқақтағы тастарды алып су шашып жүрген көлікке төпелей бастадық. Көлік су шашуды тоқтатты. Біз қайтадан алаңға ұмтылдық. Алдымыздан солдаттар шықты. Шегінуге, берілуге жол жоқ деп бір-біріміздің қолтығымыздан ұстап солдаттарға қарсы тұрдық. Олар да бізге қарсы тұра қалды. «Қайтыңдар, қазір таяқ жейсіңдер. Мына резенке шоқпардың ұрған салмағы 9 келі» деп қорқытты. Біз тапжылмастан тұра бердік. Артымыздағы жастар алдыға ұмтылды, сол кезде біз де алға жүгірдік, солдаттар шегіне жөнелді. Оларға қосымша көмек беріліп, бізді алаңнан қуа бастады. Біз де қолымызда қару жоқ не істейтінімізді білмей кейін қаштық. Солдаттар жастарды ұрып-соғып жатты. Арасында тоқтап, қолға түскен тас­тармен солдаттарға лақтырып, оларды қуып жүріп құлап қалған бауырларымызды алып шығуға тырыстық. Сөйтіп түнге дейін жүрдік. Ертеңі тағы шықтық. Бұл оқиға 2 күнге созылды. Біздің жатақхана орталық алаңнан 500 метр кашықтықта орналасқан. Біраз жігіттерді сол жатақхана қорғап, құтқарып қалды. Біздің жанымызда басқа да факультеттердің жатақханалары бар еді. Соған солдаттар кіріп кетіп, студенттерді сабап кетті. Кеткеннен кейін бірнеше жедел жәрдем көлігі келді. Солдаттар итпен бірге қолына күрек ұстап, СХИ-дің жатақханаларын аралап, аңдып жүрді. Есімде біз 3-4 жігіт солдаттардан қашып, оқу корпусына кіріп кеттік. Сонда артымыздан бір офицер солдаттармен кірді. Олар бізді алып кеткісі келді. Факультет диканы ұлты ұйғыр, фамилиясы Ауытов болатын. Сол кісі «Бұл жер оқу ғимараты, бұлар біздің студенттер, сендер ешкімді алып кетпейсіңдер. Шығып тұрыңдар» деп бізді қорғап, солдаттарға бермеді. Билік талай жастарды ұрып, соғып, болашағына балта шапты. Оны біз өз көзімізбен көрдік, – дейді өткеніне көз тастаған Мұхит Әбдірашұлы.
Ал бұл кезеңде топ арасында болып, Желтоқсан оқиғасының, сол кездегі жағдайлардың куәсі болғандардың бірі – Аманкүл Рысбаева. Ол 1963 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Сол кездегі Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде биология факультетінде оқыған. 1987 жылы осы қарашаңырақтан «биология, химия пәндерінің оқытушысы» мамандығын алып шығады. Осы жылы өзі оқып-бітірген Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектепке алған мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Содан бері осы білім ордасында қызмет атқарып келеді.
– С.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің 5 курсында оқитын кезім. Алаңға інім Сабиханды іздеп барған едім. Ол тарих факультетінің студенті болатын. Оған дейін Ауған соғысына барып келгендіктен қатты уайымдадым. Алаңға барғаныммен інімді кездестіре алмадым. Алаңға барғанымда «Менің Қазақстаным» әні айтылып тұрды. Біз түстен кейін барып, қайтып кеткеннен соң оқиға басталып кетті. Алайда қазіргі бейнебаяндарда көрсетілетін көріністің барлығы рас. Кейіннен дүрбелең басылып, сабаққа қайта оралдық. Алайда шеруге шыққан студенттерге ұстаздардың қырын қарағаны бар. Қазақша сабақ айта алмадық. Біз қатты зардап шекпесек те, сол уақытта жастармен қатар, университет ректорлары да жұмыстан босатылды. «Декабрь, желтоқсан» деген сөзді естісем қорқып жүретінмін. Рас, қорқумен өттік сол шақтар. Егер мен оқудан шығып қалсам ауылдағы әке-шешем үйге кіргізбес еді. Қай жағымнан менің суретімді көрсетіп, қай жағымнан мені ұстап алып кетеді екен деген үреймен жүрдім. Соның өзі зардап қой. Сол уақыттары сабақ берген талай қазақ мұғалімдері біздің дымымызды қоймайтын. Орысы мейлі ғой. Қазақ ұстаздарының «я по казахский не понимаю» дегені жүрегімізге қатты бататын. Тіпті бізге алдағы уақытта жеке куәліктеріңдегі ұлты деген жерге қазақ деп жазылмайды, Кеңес одағының азаматы деп жазылады дегенді көп айтатын. Мен оқыған университеттің ректоры болған Өмірбек Жолдасбековті «неге мұнда қазақтар көп оқиды» деген желеумен жұмыстан шығарып жіберді. Шашы қап-қара, толқынды бұйра, сондайбір келбетті кісі еді. Өмірден ерте өтіп кетті. Қазір ҚазМУ-де осы ректорымыздың атында Студенттер сарайы тұр. Сол кездерде қазақтарды жек көретін қазақ әйелі болатын (атын айтпай-ақ қояйын). Ол кезде жас қой ол. Қазір жақсы қызметте, жасы егде тартқан. Бірақ әлі күнге дейін бір қазақ сөзін оңдырып айтқан емес. Теледидардан көрген сайын кезінде бізге жасаған, бізге айтқан небір қылығы еріксіз еске түседі. Тағы бір ұстазымыз болды. Қазақша лекция оқитын. Сол кісі 1 семестрға жетті ме, жетпеді ме, жоқ болып кетті. Солай артынша қайтыс болды. Өзге дәріс берушілер орысша оқытқанда осы кісі еді ешкімге көнбей, тек қазақ тілінде дәріс берген. Бірақ ұзаққа бармады. Қазақ біреуден көңілі қалғанда «Өзің білме, білгеннің тілін алма» десе, қытайда «Аумалы, төкпелі заманда өмір сүр» дегенді айтқан екен. Осы ретте, бүгінгі бейбіт, азат елдің ұрпақтары тыныш заманда өмір сүргені үшін бақытты. Оқиға аяқталды, інім екеуіміз де аман-есен оқуымызды бітіріп, қызметке орналастық, – дейді Аманкүл Батырбекқызы.
Білікті ұстаз химия пәнінен сабақ береді. Заманның көшіне ілесіп, жаңа талапқа сай оқушыларға химияны ағылшын тілінде меңгертуде. Жасы алпысқа таяп қалса да, өзге тілді меңгеріп алғаны атадан берілген жауапкершілік пен жаңаны үйренуге деген құлшынысының арқасы болар.

Түйін
Әр желтоқсаншының өмірі – жеке фильмге сұранып тұрған тарихтай. Десек те олар үшін танымалдылық маңызды емес. Олар – әрқашан елдің бірлігі мен ынтымағын, тұрақтылыққа негізделген тәуелсіздігін құрметтеп жүрген жандар. Болашақта елі үшін ерлік көрсеткен жандардың тілегі орындалып, желтоқсаншыларға деген әрбір қазақстандықтың құрметі арта береріне сенім мол.

Айнұр ӘЛИ
07 желтоқсан 2021 ж. 541 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 907

Сұхбат

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031