» » Еселі еңбек еленген күн

Еселі еңбек еленген күн

Халықтың баға жетпес байлығының бірі орман екені даусыз. Осы жасыл желек пен ондағы жануарлар дүниесін қорғап-сақтап, молайтуға орманшылардың еңбегі зор. Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде кәсіби мереке – орманшылар күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында осы мамандық иесімен тілдесуді жөн көрдік.
Еліміз бойынша 122 орман шаруашылығы, 40 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Оны 17 мыңнан астам орманшы қызғыштай қорып жүр. Солардың бірі – Серікбек Қалмаханов. Өзгелерге елеусіз көрінетін орманшылардың қызметі үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз отыз жылға жуық осы салада қызмет етіп келеді.
Ол 1965 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң Қызылорда политехникалық колледжінің «техник-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген. Алғашқыда Саратов қаласында құрылыс шебері болып еңбек етеді. Кейіннен Жосалы механикалық зауытында, аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек өтілін жалғайды. Ал 1997 жылдан бастап аудандық орманшаруашылығында орман бапкері, 2008 жылы өрт сөндіруші, кейін аға өрт сөндіруші болса, өткен жылдан бастап орманшы инспектор болып жұмыс істеп келеді.
Табиғатты қорғап, жан-жануарлар дүниесіне қамқор болып, оларды дала өрттері мен басқа да апаттардан қорғау – орманшының басты міндеті. Табиғат жанашырының сөзінше бұл мамандық зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі олар уақытпен санаспай жұмыс істейді. Жасыл желегімізді молайтып, келер ұрпақтың кәдесіне жарату. Бұл, орманшы Серікбек Қалмаханұлының өмірлік ұстанымы.
– Негізі, адам мен табиғат әу бастан бір-біріне етене жақын, үндес болған. Сондықтан табиғатты сүйіп, қадірлей алмасақ, оны өз қолымызбен құртып жіберуіміз мүмкін. Орман үшін ең үлкен қауіп – өрт. Біздің басты міндетіміз – жасыл желекті тілсіз жаудан қорғау. Өрт шыққан жағдайда оның жан-жаққа жайылуына жол бермеу. Сондай-ақ жан-жануар мен өсімдіктерді қауіпқатерден қорғау, орман аумағын қоқыстан тазалау, ағаш егу, көшет отырғызу. Бәзбіреулер орманшылар не істеп жатыр дейсіз деп ойлайтын болар. Шынтуайтында, олар қысы-жазы тыным таппайды, – дейді орманшы ағынан жарылып.
Рас, орманшы болу үшін адам бойында сабырлық пен салмақтылық қажет-ақ. Себебі орманда түрлі адам кездеседі. Әрине, білім өз алдына. Орманда жұмыс істеуге келетін маман жұмысын сүюі керек.
– Дала өрттері мен басқа да апаттар болған жағдайда алдымен орманшылар өз аумағын қорғауы керек. Әрбір орманшыға белгілі бір аумақ бөлініп берілген. Олар берілген жердің әрбір ағашына жауапты болады. Көктем, күз айларында орманды қоқыстан тазалап, тазалық жұмысын жүргіземіз. Негізі, табиғатты аялау – әр адамның парызы. Бірақ кейбір жандар мұны түсінбейді. Содан болар орман ішіне таза ауамен тыныстауға келеді де, өздерімен ала келген қоқыстарды жинамайды. Осының салдарынан орманда тұрмыстық қалдықтар көбейеді, – дейді ол.
Кей адамдар жұмысына шын ықыласпен беріліп, ол туралы сағаттап айтуға бар. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған жан да дәл солай. Өз ісінің маманы. Саладағы сан жылғы еңбегі де елеусіз емес. Орманды сақтау, молықтыру және көбейтуге өз үлесін қосып жүрген жан жақында ІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Иә, орманға қорған болу оңай емес. Табиғат-ананы алақанда аялап, оны күтіп-баптауды мойынға алып, өз міндетін мүлтіксіз орындап жүрген жанның еңбегіне лайықты құрмет көрсетілгеніне біз де қуанып қалдық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 қазан 2024 ж. 202 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031