» » АТА АМАНАТЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ПЕРЗЕНТТІК ҮЛЕС

АТА АМАНАТЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ПЕРЗЕНТТІК ҮЛЕС


Жосалы қыстағының батысындағы Ордазы теміржол бекетінде өскен Жаудат ағаның балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Әкесі Ақкісіні халық жауы деп ұстап әкеткенде ол небәрі он жаста екен. Ел басына күн туып, тылда қалғандар балағын түріп, су кешкен уақытта жас балаға қызық дәурен қайдан болсын?... Анакөлде жол жөндеушілікке жарады. Стахановшылар қозғалысындағы еңбек екпіндісі болып, «ПЧ-48» теміржол жөндеу мекемесінің аға шебері атанды. Еңбек оны ерте есейтті. Адал еңбек абыройға бастады, бригадаға басшылық жасады. Қай мезетте болсын есінде ел, ойында Отан тұрды. Отан үшін от кешкендердің ерлігін үлгі тұтты. Жас отбасылар қатарын толықтырды. Қанша қыздың ішінен қалап алған аруы Күлпан Қожанқызы ошағының отын маздатты. Он перзентті жарық дүниеге әкеліп, «Батыр ана» мәртебесіне ие болды. Омырауына «Ана даңқы» орденін тағынды.
1974 жылы Қуаңдария ауылының бір топ озат шопанының таяу жылдар- да Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу жолында екінші тыңға шақырған Үндеуі жарияланды. Ұзын бойлы, жарқын ойлы Жәкеңе үндеу ерекше әсер етті. Қырық жастың биігіне енді көтерілген ол жасынан-ақ жомарт жүрек иесі болатын. Жарты наны болса жолдастарымен бөлісуді ұнататын. Асыл жарымен кеңесіп, Қызылқұм қойнауының алтын қақпасы – Қуаңдария ауылына көш түзеді. Ежелгі ата-баба қонысы Жаудатбекті жатырқаған жоқ. Ақ сағымы ойнаған бұйрат шағылдар арасындағы ақ бұлақтар сіміріп ішсең мейіріңді қандырып, шексіз созылған дала жолдары пейіліңді кеңейтіп, жұпар иісті жалбыз, жусандар бойыңды балқытып, шабытыңды шалқытады. Шопандықтың шежірелі құт таяғын қолына ұстаған ол сол жазда No1 қой фермасынан бір отарды салтанатты түрде қабылдап алды.
Алғашқы жылдары мал басын қыстан толық аман сақтап, әр жүз саулықтан 105-110-нан төл алуды әдетке айналдырды. Озат шопандар көшінен қалмауға тырысты. Қарлы-боранды бес қыста ширығып шыңдалды. Сөйтіп жігеріне жігер қосты.
1978 жылдың күзінде ауыл малшылары алдағы жылы «ауданның чемпион ауылы» атану жолында серт байласты. Жәкең де отарын күйекке күйлі түсірді. Қой қоздайтын, күн мен түн теңескен наурыз- көктем де келіп жетті.
...Сәуірдің атқан таңы болып салқын,
Бауырын қарып өтсе қозылардың...
Жаудатбек алдын ала білді байқап,
Қолайсыз кей түн ұзақ созыларын.
Төбелердің бетке ұстап күнгей жағын,
Қайырды саулықтарды ыққа қалың.
Шопанмен тізе қосып бір тынбады,
Жан-жарын қолдамаққа Күлпан ханым.
Қозылы қойлар отқа қуаттанып,
Қанатын жая түсті қыратты алып.
Жаудатбек Бурыл атта толқыды бір,
Көктегі тырналарға сыр ақтарып...
Иә, бұл 1979 жылдың сәуір айының соңғы күні еді.
Ауыл шопандары серттерінде тұрды. Көрші No2 ферма бойынша әр жүз саулықтан 137-ден төл келтірілді. Ал Жаудатбек Ақкісіұлы еңбек ететін No1 қой фермасы бойынша әр жүз саулықтан 125-тен төл алып, 3103 қозы өсіруге қалдырылды, әр қойдан 1,2 келі жабағы жүн қырқылды. No3 ферма да бұлармен теңесті. Ферма бойынша әр жүз саулықтан 125-тен төл алынып, 2946 бас қозы өсіруге қалдырылды. Сөйтіп, қуаңдариялықтар үшін бұл көктем табыс көктемі болды. Осы жылы Жәкеңнің де есімі озаттар қатарында құрметпен аталды. Слетке екі ауылдың озат малшыларын No186 орта мектеп оқушылары мерекелік ән-шашумен құттықтады. Оқушылар арасынан озат шопан өз қыздарының дала төсінде саңқылдаған дауысын естіп, қуаныштан көзіне ыстық жастың толғанын да аңғармай қалды. Ол сол күні туған жер туын биікке көтерісіп, қазыналы Қызылқұм өңірін өркендетуге үн тастап, аталар аманаты жолында перзенттік үлес қосқанына аса риза болған-ды. Қолына тобылғы сап төрт өрмелі қамшысын ұстап, ат үстінде жыраулар мақамын қайталады.
Аттың қылын қобызға,
Байлап таққан осы өлке.
Атқа мінер үзеңгі,
Ойлап тапқан осы өлке.
Көмекейден күмбірлеп,
Үн шығарған осы өлке.
Қырық қыздың ізінен,
Гүл шығарған осы өлке...
Арман... арман... арман таусылар ма? Арада сегіз жыл өткенде... 1982 жылы елуден асқан жасында ардақты азаматтың жомарт жүрегі соғуын тоқтатты. Жұбайының асыл арманын жалғастыру үшін қажырлы ана шопан таяғын өз қолына алды. Қаншама ауырлық көрсе де мойымады да мұқалмады. Қиындыққа қыңбады, сын сағатында сынбады. Зейнеткерлікке шыққанша бейнетпен бетпе-бет келді, жолындағының бәрін жеңді.
Иә, Қызылқұм өңірі, Қуаңдария ауылы осылай түлеген. Мәрт мінезді малшылар құмның ішін, Жаңадария жағасын шаттыққа бөлеген. Ақшаңқан ауыл қазір жастардың қолында. Киелі атамекен, алтын бесік ауылдың құрылғанына алпыс жас толуы мерекесінде аға буынның аттары аталғаны өте орынды. Тау тозса да, тарих тозбайды. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Лайым, солай болғай!
Сәнтөре ПІРМАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


19 қазан 2024 ж. 265 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 015

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031