Мамандық: жұмыс һәм жалақы
Оқу бітіріп келген жас маманның бар ойы – жұмысқа орналасу. Басқа таңдау жоқ секілді көрінеді. Су жаңа дипломның сандықта шаң басып жатуын әсте қаламайды. Бірақ бәзбіреулер бітірген оқуымен де жұмыс істегісі келмейді. Осылай түрлі сылтаумен жұмыссыздар қатарын көбейіп жүргендер аз емес. Мұндайда бірі – көңіл қалауына мән бермегенін айтса, енді бірі – жалақының аздығына шағымданып жатады.
Бізде бүгінде мұғалім мен дәрігер секілді аяулы мамандыққа ауаны ауып, жоғары білім алуға құштар жастар жетерлік. Елімізде соңғы жылдары педагогикалық мамандыққа бөлінетін грант саны да күрт өсіп келеді. Мәселен, соңғы екі жылда бөлінген тегін грантты игере алмаған бірқатар колледжбен университеттер бітіруші түлектердің шекті балына қарамай оқуға қабылдауға дайын екенін айтып, жарнама таратып әуреге түсіп жүр. Оны шілде-тамыз айларында жиі байқап жатамыз.
Мемлекет қазір мұғалім болғысы келетін түлектердің шәкіртақысын да өзге мамандыққа қарағанда анағұрлым көбейтіп, жалақысына дейін жыл сайын арттырып отыр. Әрине, ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершілігі жоғары, ауыр міндетті мойнына алғысы келетіндердің қатары өскені көңіл қуантады. Әйтсе де орта жолдан дипломды «сатып алып», топ етіп мұғалім болып шыға келген талайларды көз көріп, құлақ естіп жүр. Сол жағына келгенде ішіміздің «қылп» ете қалатыны бар.
Иә, жастар жалақысы төмен жұмысқа барғысы жоқ. Себебі де жоқ емес. Дәл бүгінгі қоғамда табысты болу жоғары бедел саналады. Жасы да, кәрісі де әлеуметтік желіде отырады. Сондағы табысты адамдарды көріп, өзіне мотивация алады. Тоқетеріне келгенде, сіз бен біз көріп жүрген табысты адамның дипломы сандықта жатыр. Олар ақша табу үшін дипломның қажеттілігі жоқтығын алға тартады.
Дипломсыз жетістікке жету мүмкін емес деген ойдан арылып, сол қағазсыз да талай шыңды бағындырып, танымал болғандар көп. Айталық, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобс, Коко Шанель, Джим Кери сынды әлем мойындаған тұлғалардың бір де бірінде диплом жоқ. Ал сол білімнің соңына түсіп, қос-қостан мамандық алғандардың көбі бүгінде өзге салада еңбектеніп жүр.
Мамандықтар өзгеруі мүмкін. Технология дамыған сайын олардың кейбірі трендтен кетіп, орнын басқа мамандық түрлері басуы мүмкін. Бірақ мұғалім мамандығы ешқашан ауыспайды. Оған себеп те жоқ емес. Қазір жасанды интеллект келді деп үрке қарап жатқандар да бар. Бірақ ол мұғалімді алмастыра алмайды. Мейірімділік, махаббат, сүйіспеншілік, дұрыс ойлау – осының барлығын мектепте жақсы мұғалім ғана бере алады. Сол үшін бұл мамандық әрдайым трендте болады. Бірақ бұл мамандыққа адасып, жоғары жалақы үшін келу дұрыс емес. Әуелі жүректе «білім беремін» деген жарық сәуле болса дейсіз.
«Неге мұғалімдікті оқып алмадыңыз? Айлығы жақсы ғой» деп өзгеге ақыл айтып, оқытып жіберуге құмар тұрады кей адамдар. Әркімнің өз өмір жолы бар. Тағдыры бар, таңдауы бар. Жалақысы көп мамандықтардың қатарына мұғалімдікті қойып алады көбі. Әлгіндей ақылдың желеуімен талай адам дипломды мұғалім болып топ ете қалады.
Бір өкініштісі, бізде білім де сатылады. Жоғары оқу орнына бармай үйде жатып, оқу бітіргендердің әлегі әлі де толастамай тұр. Жалғанды жалпағынан басып, ақылды ақшаға сатып алып жүргендер қаншама?!
Төрт жыл оқу қабырғасында оқып білім алған кәсіби мамандарды, жалған дипломмен жүрген мамандар ығыстырып барады. Әсілі сатып алған білімнің соңы қалай болмақ? Бала – болашағымыз деп жатамыз. Ал сол балаға берілетін білімнің сапасын да бір ойлап қояйықшы.
Сөз соңында айтпағымыз мынау. Жетістіктің кілті – жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітіруде емес, шынайы білімде. Иә, екі қолға бір күрек табылады. Бірақ білім мен қабілет тасада қалмауы қажет. Жетістікке жеткен адамдарға қарап, жетістіктің кілті жоғары оқу орнын тәмамдауда емес, шынайы білім мен ізденісте, өзіңді жетілдіруде екендігіне көз жеткізесіз. Өзін қамшылап, арманға қарай әрекет қылғандар үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Бірақ аяулы мамандыққа адаспай келу абзал екенін бір сәт ұмытпайықшы. Аяулы мамандыққа адасып келушілер мен жалақы үшін жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген «мұғалімдердің» біліктілігі білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне балта шаппаса деген ой біздікі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ