» » Аяулы мамандыққа адасып келген көп

Аяулы мамандыққа адасып келген көп

qarmaqshy-tany.kz ОҚУ БІТІРІП КЕЛГЕН ЖАС МАМАННЫҢ БАР ОЙЫ – ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ. БАСҚА ТАҢДАУ ЖОҚ СЕКІЛДІ КӨРІНЕДІ. СУ ЖАҢА ДИПЛОМНЫҢ САНДЫҚТА ШАҢ БАСЫП ЖАТУЫН ӘСТЕ ҚАЛАМАЙДЫ. БІРАҚ БӘЗБІРЕУЛЕР БІТІРГЕН ОҚУЫМЕН ДЕ ЖҰМЫС ІСТЕГІСІ КЕЛМЕЙДІ. ОСЫЛАЙ ТҮРЛІ СЫЛТАУМЕН ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН КӨБЕЙІП ЖҮРГЕНДЕР АЗ ЕМЕС. МҰНДАЙДА БІРІ – КӨҢІЛ ҚАЛАУЫНА МӘН БЕРМЕГЕНІН АЙТСА, ЕНДІ БІРІ – ЖАЛАҚЫНЫҢ АЗДЫҒЫНА ШАҒЫМДАНЫП ЖАТАДЫ.


Фото
Бізде бүгінде мұғалім мен дәрігер секілді аяулы мамандыққа ауаны ауып, жоғары білім алуға құштар жастар жетерлік. Елімізде соңғы жылдары педагогикалық мамандыққа бөлінетін грант саны да күрт өсіп келеді. Мәселен, соңғы екі жылда бөлінген тегін грантты игере алмаған бірқатар колледжбен университеттер бітіруші түлектердің шекті балына қарамай оқуға қабылдауға дайын екенін айтып, жарнама таратып әуреге түсіп жүр. Оны шілде-тамыз айларында жиі байқап жатамыз.
Мемлекет қазір мұғалім болғысы келетін түлектердің шәкіртақысын да өзге мамандыққа қарағанда анағұрлым көбейтіп, жалақысына дейін жыл сайын арттырып отыр. Әрине, ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершілігі жоғары, ауыр міндетті мойнына алғысы келетіндердің қатары өскені көңіл қуантады. Әйтсе де орта жолдан дипломды «сатып алып», топ етіп мұғалім болып шыға келген талайларды көз көріп, құлақ естіп жүр. Сол жағына келгенде ішіміздің «қылп» ете қалатыны бар.
ДИПЛОМ – ҚОЛДА, КЕДЕРГІ КӨП ЖОЛДА
Ертеректе дипломы бар адамның қадірі жоғары болатын. Қалаға оқуға кетті деген тіптен ерекше еді. Ал қазір екінің бірі қалада оқып жатыр. «Дипломың болса, аш қалмайсың» деген ұранмен өсті көбі. Иә, әрбір ата-ана балаларына жақсы білім алуға мүмкіндік жасап, кейін сол «білімді баласының» жақсы қызметке тұруын қалайды. Қазір диплом алып жатқан жастар көп. Әйтсе де олардың барлығы дерлік алған біліміне сәйкес жұмысқа орналаса алмай жүр. Себеп қандай? Өйткені түлек әу баста мамандық таңдаудан қателеседі. Біріншіден, мамандық таңдауға мүмкіндік берілмеген. Көп жағдайда ата-ана шешім шығарады, баланың дәрігер, мұғалім не заңгер болғанын қалайды. Ол бұл мамандықты игеріп шыға алады ма, көңілі қалап тұрма бас ауыртпайды. Жаны қаламаған дүниенің ақыры көпке апармайтыны белгілі. Статистикаға сүйенсек, жоғары білімді мамандардың 60 пайыздан астамы алған біліміне сәйкес жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Мемлекет қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Әйтсе де бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу жайы жеткіліксіз болып тұр.
Осы арада тұрмыстық мәселені де айта кету керек. Бірінші кезекте, тегін оқу деген түсініктің болуы. Мемлекеттік грантқа түсу керек дегенді баланың жадына сіңіріп қоямыз, я болмаса оқу ақысы арзан, ортаңқол оқу орнын таңдауға мәжбүр болады. Бұл қазіргі көп отбасындағы жағдайдың бірі.
Осылайша оқуды әупірімдеп бітіреді де, дипломды сандыққа салып қояды. Сөйтіп, мамандығынан мақұрым тағы бір маман диплом алып шығады. Жас маманның келесі кезектегі мәселесі – жұмысқа орналасу. Амалсыз дипломды маман болған жастың енді жұмысқа да құлқысы жоқ. Баяғыда құнды болған сол бір қағаздың қазірде құны азайып бара ма қалай өзі?!
ТЕГІН БІЛІМДІ ТЕККЕ КЕТІРМЕЙІК
Бүгінде елімізде 49 ЖОО-ның педагогикалық бағыттар бойынша лицензиясы бар. Осы оқу орындары талапкерлерге тегін білім беру үшін мемлекет мүмкіндікті молынан беріп отыр. 2021-2022 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан астам грант бөлінді. Былтыр оқуға түсушілерге 73 мың грант тағайындалса, биылғы оқу жылына жоғары білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 73 061 грант берілген. Сондай-ақ халқы тығыз, батыс және жаңадан құрылған өңірлерден жастарды оқыту үшін 5000 нысаналы грант бөлінді. Соның ішінде жыл сайын педагогтерді даярлау үшін гранттардың саны да өсіп келеді екен. Мысалы, 2019- 2020 оқу жылы – 9497, 2020-2021 оқу жылы – 9529, 2021-2022 оқу жылы – 11323, 2022-2023 оқу жылы – 15 273, ал биылғы оқу жылында 15 923 грант бөлінді. Ал 2021 жылдан бастап педагогикалық бағыттарға түсу үшін өту балы 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Нақтылап айтсақ, ең жоғары 139 балды жинағандар шет тілі мұғалімі, ал болашақ әлеуметтік педагог атану үшін белгіленген ең төменгі балл – 75 балды жинауы тиіс. Осы оқу жылында педагогика және психология мамандығына оқуға түскендердің тізімінен 50-55 балл жинаған түлектердің де қарасы көрінеді.
ЖҰМЫСЫҢ БАР МА, ЖАС МАМАН?
Қоғамда жастардың аты аталған жерде жұмыссыздықтың қоса айтылатыны рас. Елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жас мамандар баршылық. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, бүгінде 452,6 мың отандасымыз жұмыссыз жүр. Оның 3,6 пайызы – 15 пен 34 жас аралығындағы азаматтар. Ал оқуға да, жұмыс істеуге де құлықсыз NEET санатындағылар үлесі 7,5 пайызға жеткен. Бұл сандар елімізде жұмыссыз жастардың қатары өспесе, азаймағанын көрсетіп отыр. Алайда жұмыссыздың мәселесін жоюда бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Осы орайда ауданымызда оқу бітіріп келген жас мамандардың жұмысқа орналасуы жайын сұрап едік. «Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Қармақшы ауданының Мансап орталығы» филиалының мәліметінше, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша өткен жылғы жалғастырушылар мен 2023 жылы жолданған жастар тізімі – 154 адамды (Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай ауылын қоспағанда) құрайды. Оның ішінде мұғалімдік жолда еңбек жолын бастағандар саны – 15. Демек, осынша жас маманның өзін көрсетіп, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында талапты жастар тұрақты жұмысқа табан тірей алады.
БІЛІКТІЛІККЕ БАСА МӘН БЕРУ ҚАЖЕТ
Балалардың білімді болуы педагогтердің білімі мен қабілетіне тікелей байланысты. Сол үшін 2019 жылдан бастап педагог кадрларды даярлау және олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға байланысты Мемлекет басшысы іргелі реформаларды қолға алды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Оның аясында педагогтердің жалақысын жыл сайын көтеру және олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріліп келеді. Қазір мұғалімдер білім сапасына көз жеткізу мақсатында аттестаттаудан өткізіледі. Оған сәйкес мектепте жақсы оқыған, педагогика саласын таңдап келген, жоғары нәтиже көрсеткен, университетте үздік оқитын студенттерді де ынталандыру үшін басқа мамандықтарға қарағанда шәкіртақы көлемін арттырды. Мысалы, былтыр басқа мамандықтарда оқитын студенттер 38 мың алса, педагогика саласын таңдаған студенттер 58 мың теңге шәкіртақы алды. Биыл педагогикалық мамандықтардың шәкіртақысы 67 200 теңге, қалған факультеттің студенттері 41 мың теңгеден астам ақша алады. Мұның өзі – бұл мамандыққа деген үлкен қолдау. Балалардың біліміне бас ауыртқымыз келсе, білім ордасындағы мамандардың біліктілігіне баса мән беру қажет. Ол үшін педагогика мамандығына грант үшін емес, жүрек қалауымен келгенде ғана нәтиже болады.
ЖАНҒА БАТҚАН ЖАЛАҚЫ
Иә, жастар жалақысы төмен жұмысқа барғысы жоқ. Себебі де жоқ емес. Дәл бүгінгі қоғамда табысты болу жоғары бедел саналады. Жасы да, кәрісі де әлеуметтік желіде отырады. Сондағы табысты адамдарды көріп, өзіне мотивация алады. Тоқетеріне келгенде, сіз бен біз көріп жүрген табысты адамның дипломы сандықта жатыр. Олар ақша табу үшін дипломның қажеттілігі жоқтығын алға тартады.
Дипломсыз жетістікке жету мүмкін емес деген ойдан арылып, сол қағазсыз да талай шыңды бағындырып, танымал болғандар көп. Айталық, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобс, Коко Шанель, Джим Кери сынды әлем мойындаған тұлғалардың бір де бірінде диплом жоқ. Ал сол білімнің соңына түсіп, қос-қостан мамандық алғандардың көбі бүгінде өзге салада еңбектеніп жүр.
Мамандықтар өзгеруі мүмкін. Технология дамыған сайын олардың кейбірі трендтен кетіп, орнын басқа мамандық түрлері басуы мүмкін. Бірақ мұғалім мамандығы ешқашан ауыспайды. Оған себеп те жоқ емес. Қазір жасанды интеллект келді деп үрке қарап жатқандар да бар. Бірақ ол мұғалімді алмастыра алмайды. Мейірімділік, махаббат, сүйіспеншілік, дұрыс ойлау – осының барлығын мектепте жақсы мұғалім ғана бере алады. Сол үшін бұл мамандық әрдайым трендте болады. Бірақ бұл мамандыққа адасып, жоғары жалақы үшін келу дұрыс емес. Әуелі жүректе «білім беремін» деген жарық сәуле болса дейсіз.
БІЗДЕ БІЛІМ ДЕ САТЫЛАДЫ
«Неге мұғалімдікті оқып алмадыңыз? Айлығы жақсы ғой» деп өзгеге ақыл айтып, оқытып жіберуге құмар тұрады кей адамдар. Әркімнің өз өмір жолы бар. Тағдыры бар, таңдауы бар. Жалақысы көп мамандықтардың қатарына мұғалімдікті қойып алады көбі. Әлгіндей ақылдың желеуімен талай адам дипломды мұғалім болып топ ете қалады.
Бір өкініштісі, бізде білім де сатылады. Жоғары оқу орнына бармай үйде жатып, оқу бітіргендердің әлегі әлі де толастамай тұр. Жалғанды жалпағынан басып, ақылды ақшаға сатып алып жүргендер қаншама?!
Төрт жыл оқу қабырғасында оқып білім алған кәсіби мамандарды, жалған дипломмен жүрген мамандар ығыстырып барады. Әсілі сатып алған білімнің соңы қалай болмақ? Бала – болашағымыз деп жатамыз. Ал сол балаға берілетін білімнің сапасын да бір ойлап қояйықшы.
Жалғандыққа барғандар жазадан айналып кете алмайтынын сезе бермесе керек. Оқу ағарту министрлігінің хабарлауына сүйенсек, диплом сатып алып сабақ беріп жүрген мұғалімдер анықталатын болса, қомақты айыппұл төлейді.
Түйін Сөз соңында айтпағымыз мынау. Жетістіктің кілті – жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітіруде емес, шынайы білімде. Иә, екі қолға бір күрек табылады. Бірақ білім мен қабілет тасада қалмауы қажет. Жетістікке жеткен адамдарға қарап, жетістіктің кілті жоғары оқу орнын тәмамдауда емес, шынайы білім мен ізденісте, өзіңді жетілдіруде екендігіне көз жеткізесіз. Өзін қамшылап, арманға қарай әрекет қылғандар үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Бірақ аяулы мамандыққа адаспай келу абзал екенін бір сәт ұмытпайықшы. Аяулы мамандыққа адасып келушілер мен жалақы үшін жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген «мұғалімдердің» біліктілігі білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне балта шаппаса деген ой біздікі.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
26 қараша 2023 ж. 336 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 181

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031