» » Диплом – қолда, кедергі көп жолда

Диплом – қолда, кедергі көп жолда

qarmaqshy-tany.kz Бүгінде жоғары оқу орнын бітірген жастар жұмыс таппай сенделіп жүр. Бәрі емес, әрине. Бірі – қалаған мамандығын оқи алмағанын алға тартады, енді бірі – меншікті кәсібі болғанын қалайды. Қош. Таңдауға талас жоқ.

Ертеректе диломы бар адамның қадірі жоғары болатын. Қалаға оқуға кетті деген тіптен ерекше еді. Ал қазір екінің бірі қалада оқып жатыр. "Дипломың болса, аш қалмайсың" деген ұранмен өсті көбі. Иә, әрбір ата-ана балаларына жақсы білім алуға мүмкіндік жасап, кейін сол "білімді баласының" жақсы қызметке тұруын қалайды.
Диплом бар, жұмыс жоқ Иә, қазір диплом алып жатқан жастар көп. Әйтсе де олардың барлығы дерлік алған біліміне сәйкес жұмысқа орналаса алмай жүр. Себеп қандай? Өйткені түлек әу баста мамандық таңдаудан қателеседі. Біріншіден, мамандық таңдауға мүмкіндік берілмеген. Көп жағдайда ата-ана шешім шығарады, баланың дәрігер, мұғалім не заңгер болғанын қалайды. Ол бұл мамандықты игеріп шыға алады ма, көңілі қалап тұр ма бас ауыртпайды. Ал жаны қаламаған дүниені бала ары қарай алып кете алмайды. Статистикаға сүйенсек, жоғары білімді мамандардың 60%-тен астамы алған біліміне сәйкес жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Мемлекет қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Әйтсе де бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу жайы жеткіліксіз болып тұр.
Осы арада тұрмыстық мәселені де айта кету керек. Бірінші кезекте, тегін оқу деген түсініктің болуы. Мемлекеттік грантқа түсу керек дегенді баланың жадына сіңіріп қоямыз, я болмаса оқу ақысы арзан, ортаңқол оқу орнын таңдауға мәжбүр болады. Бұл қазіргі көп отбасындағы жағдайдың бірі.
Осылайша оқуды әупірімдеп бітіреді де, дипломды сандыққа салып қояды. Сөйтіп, мамандығынан мақұрым тағы бір маман диплом алып шығады. Жас маманның келесі кезектегі мәселесі – жұмысқа орналасу. Амалсыз дипломды маман болған жастың енді жұмысқа да құлқысы жоқ. Содан келе талай жанның дипломы сандықта шаң басып жатыр. Баяғыда құнды болған солбір қағаздың қазірде құны азайып бара ма қалай өзі?!
Жастар мектеп бітіре салып ЖОО-на түсіп, диплом алуға асықпайды. Керісінше, өз икемділігіне қарай күнкөріс көзіне айналған бір саланы меңгергісі келеді. Қоғам өміріне етене араласып, бизнеске бейімделуді қалайды. Еуропа елдерінде бұрыннан бар осы үрдіс біздің елдің жаңа толқынына да әсер етіп жатқандай.
Иә, жастар жалақысы төмен жұмысқа барғысы жоқ. Себебі де жоқ емес. Дәл бүгінгі қоғамда табысты болу жоғары бедел саналады. Жасы да, кәрісі де әлеуметтік желіде отырады. Сондағы табысты адамдарды көріп, өзіне мотивация алады. Тоқетеріне келгенде, сіз бен біз көріп жүрген табысты адамның дипломы сандықта жатыр. Олар ақша табу үшін дипломның қажеттілігі жоқтығын алға тартады.
Дипломсыз жетістікке жету мүмкін емес деген ойдан арылып, сол қағазсыз да талай шыңды бағындырып, танымал болғандар көп. Айталық, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобс, Коко Шанель, Джим Кери сынды әлем мойындаған тұлғалардың бір де бірінде диплом жоқ. Ал сол білімнің соңына түсіп, қос-қостан мамандық алғандардың көбі бүгінде өзге салада еңбектеніп жүр.
Жалған дипломмен жан баққандар "Неге мұғалімдікті оқып алмадыңыз? Айлығы жақсы ғой" деп өзгеге ақыл айтып, оқытып жіберуге құмар тұрады кей адамдар. Әркімнің өз өмір жолы бар. Тағдыры бар, таңдауы бар. Жалақысы көп мамандықтардың қатарына мұғалімдікті қойып алады көбі. Әлгіндей ақылдың желеуімен талай адам дипломды мұғалім болып топ ете қалады.
Бір өкініштісі, бізде білім де сатылады. Жоғары оқу орнына бармай үйде жатып, оқу бітіргендердің әлегі әлі де толастамай тұр. Жалғанды жалпағынан басып, ақылды ақшаға сатып алып жүргендер қаншама?!
Төрт жыл оқу қабырғасында оқып білім алған кәсіби мамандарды, жалған дипломмен жүрген мамандар ығыстырып барады. Әсілі сатып алған білімнің соңы қалай болмақ? Бала – болашағымыз деп жатамыз. Ал сол балаға берілетін білімнің сапасын да бір ойлап қояйықшы.
Жалғандыққа барғандар жазадан айналып кете алмайтынын сезе бермесе керек. Оқу ағарту министрлігінің хабарлауына сүйенсек, диплом сатып алып сабақ беріп жүрген мұғалімдер анықталатын болса, қомақты айыппұл төлейді. Министрліктің мәліметінше, еліміздің Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасағандарға 2000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады. Сонымен қатар 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеліп, не сол мерзімге бас бостандығынан айрылуы да мүмкін. Ал жалған құжатты пайдаланғандарға 160 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады. Жұмыссыз жастар неге көбейді? Елімізде жоғары оқу орнын бітіргендердің жартысынан көбі өз мамандығы бойынша қызмет етпейді екен. Нәтижесінде қоғамда жұмыссыздардың саны күрт өскен. Дипломы бола тұра неге жұмыссыз деген сұрақ ойға келеді. Жасыратыны жоқ, қазір жастардың көбі білім үшін емес, диплом үшін оқиды. Ата-аналар жоғары білімің болса болашағың болады деген түсінікпен қарайды. Сабаққа аңсары аумағандықтан, оған ден қоймайды. Осылайша әупірімдеп жүріп дипломын алады. Көңілі қаламаған соң оқуға деген ниеті де болмай, оқуға да жүрдім-бардыммен қарайды.
Соңында дипломдық жұмысын өзгеге жаздыратын жайға жетеді. Қорыта айтпағымыз мынау. Әр адам өзіне қуаныш сыйлайтын іспен айналысқанда ғана қоғамға пайдасын тигізеді.
Күнкөрістің қамы Дипломды жұмыссыздардың дені әлеуметтік жағынан жеткілікті қорғалмаған. Айталық, күнкөріс қамы үшін күзет, сатушы, құрылысшы, жүк тасушы сынды жұмыстарды істейді. Базар жағалайды, көлігі бары такси болып нәпақасын табады. Мұндай жандардың жұмыссыз қалуы оңай, жаңасына тұруы қиынырақ. Сол себепті бастығының қас-қабағына қарап, көңіл-күйін аңдуға мәжбүр. Алатын жалақысы да мардымсыз. Зейнетақы қорына аударым жасау, еңбек демалысы мен ауырып қалғанда төленетін ақша туралы ауыз ашудың өзі артық.
Аты бар, заты жоқ мамандықтар Жоғары оқу орындарының көбеюі қажетсіз мамандықтардың оқытылуына, дипломды жұмыссыздардың артуына әкелді. Қазір екінің бірі заңгер мен экономист. Бірақ еңбек нарығы қаптаған заңгерлерді жұмыспен қамтуға қауқарсыз болып тұр.
Расымен де, атын естігенде елең ететін "Халықаралық қатынастар" мамандығын бітіруші түлектердің 80%-і мамандық бойынша жұмыс істемейді. Керісінше, техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары болса да, жастар бұл саладан жасқанады. Ең алдымен, мамандық таңдауда қателеспеу керек деп жатамыз. Қандай жұмыс болмасын, адамға қуаныш сыйлап, содан рақат алса, онда ол адамның мамандық таңдауда адаспағаны. Сондықтан баланың шама-шарқын ескерместен сүйрелеу, қабылдауға ынтасы жоқ немесе қабілетсіз ой еңбегіне жегу – үлкен қателік. Одан да сүйікті, қолынан келетін ісіне баулу, анағұрлым абзалырақ.
Әйтсе де қоғамда мамандық таңдауға қатысты нақты ақпараттың жоғынан бір қателікті қайталап жасап жүргендейміз. Негізі, тиісті органдар жыл сайын қай салаға маман тапшы, қай салада шамадан тыс маманның артық екенін анықтап, жоғары сы- нып оқушыларына бағыт беруі керек секілді.
Жетістіктің кілті – жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітіруде емес, шынайы білімде. Иә, екі қолға бір күрек табылады. Бірақ білім мен қабілет тасада қалмауы қажет. Жетістікке жеткен адамдарға қарап, жетістіктің кілті жоғары оқу орнын тәмамдауда емес, шынайы білім мен ізденісте, өзіңді жетілдіруде екендігіне көз жеткізесіз. Өзін қамшылап, арманға қарай әрекет қылғандар үшін мүмкін емес нәрсе жоқ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
14 желтоқсан 2022 ж. 805 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 266

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 365

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930