» » МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ

Жастар жайлы көп айтуға болады. Қай саланы алсаңыз да түйткілді мәселенің түйінін шешуге білек сыбана кірісіп, жақсы жетістікке жеткен, білімімен оза шауып, өнеріне тәнті еткен, тіпті елдің атын әлемге танытқан жалынды жасты жиі жолықтырасыз.  жарқын жаңалықты, тың бастаманы, кемел келешекті де әкелетін ел жастары.
Қазір жас маман көп. Солардың бірен-сараны болмаса біразы өз маман­дығы емес, басқа салада еңбек етуде. Ауылшаруашылығына қажетті маман тапшы. Бірақ біз бұл саладағы маман­дықты таңдауға құлықсызбыз. Жалақысы көп, жауапкершілігі жоқ жұмыс іздеуге бейімбіз. Мемлекет кәсіп ашамын деген жастарға да мүмкіндікті жасап отыр. Кәсіп ашпады, еңбек етпеді деуден аулақпыз. Шүкір, табанды жастар жетеді. Мұнымен мақтанамыз. Бірақ намысты, жігерлі қазақ жастарына бұл аздық етеді. Біз медицина, ақпараттық технология, тағы да басқа салаға білікті маманды шет елден алдыруға неге жол бердік? Солардың деңгейіне біліміміз жетпей ме? Болашағымыздан байыпты бастамалар күткенде енжарлық пен еріншектік неге етектен тартады? Соған қарағанда мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бе­йім­ді байқап, жүрек қалаған маман­дықты ғана таңдауымыз қажет-ақ. Се­бебі жүрекпен сүйген, тілекпен түйген дү­ние қай кезде де қымбат, қай кезде де нәтижелі.
Мамандық таңдауда статистика елі­­­міз бойынша соңғы жылдары шет тілін меңгергісі келетіннің көбейгенін көрсетеді. Бұл әрине мемлекеттік саясаттың бағытына байланысты. Қо­ғамға қандай мамандар қажет деген сауал тастасақ, «Экономиканы дамыт­қанымыз дұрыс», – дейді көбісі. Алайда техникалық маманды көбейтеміз деп, гуманитарлық саланы ақсатып алмаймыз ба? Қоғамға бәрі қажет: гуманитарлық ғылым да, техникалық мамандар да. Ол үшін не істеген жөн? Мамандардар кеңесі мынаған саяды. Сурет салуға икеміңіз болса, өзге суретшілерден озық тұру үшін, компьютерде салуға және балалар әдебиетін көркемдеуге үйреніңіз. Себебі балалар әдебиеті үнемі сұранысқа ие. Сәнге айналған мамандыққа жүгірмеңіз. Мысалы, жас қыздардың көбі модель болуды армандайды. Бұл түсінікті де. Үнемі теледидардан көрсететіндіктен атақ-даңқы жайылады, әдемі болып жүреді, дүниежүзін аралайды, жалақысы да жоғары. Дегенмен бұл мамандықтың да өз қиындығы бар. Сіздің ас пісіруге ебіңіз бар, тіпті ләззат аласыз. Алайда ата-анаңыз қарсы, олар баласының экономист болғанын қалайды. Осы салада білім алсаңыз, кейін мейрамхана ашуыңызға да болады.
Қазір дефектологтың кәсіби қыз­метіне жүгінетіндер көбейді. Бірақ білікті маман аз. Өкініштісі есту, көру қабілеті, сөйлеу, тірек-қимыл аппаратының бұзылуынан әртүрлі диаг­нозды балалар қатары артып отыр. Көмек көрсететін маман тапшылығы анық аңғарылады.  Медицина саласына да білімді дәрігерлер ауадай қажет.
Мектеп бітірген түлектер жақында ҰБТ тапсырды. Таяу арада жинаған балына ыңғайлы мамандық таңдайды. Қателігіміз сол бірінші кезекте баланы балы жеткен оқуға түсіруге ұмтылатынымыз. Бала өз қалауымен таңдап, ұнатпаған соң оқуды аяқтамай орта жолда қалдырады, не көк қағазды алып сандықта сүрлейді. Содан кейін жұмыс тауып көріңіз. Әлемнің көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанына барлығымыз куәміз. Күні кеше ғана ата-анамыз жұмысшы, жүргізуші мен құрылысшы мамандығын сұранысқа ие деп білсе, бүгінде жоғары жалақы төленетін ІТ-маман, блогер, бета-тестер, модератор және басқа да SMM-шілер үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі мамандық ертең түбегейлі жойылмағанымен, жаңа деңгейге ауысып, түрленетіні сөзсіз. Сондықтан кәсібилік деңгейді  үнемі арттыру маңызды. Жақсы маманға деген сұраныс – қашан да жоғары. Жарқын елдің болашағы болар жастар мамандық таңдаудан қателеспесе екен.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА:
– Мамандық таңдағанда оның болашағын да ойлау керек. Себебі технология тез дамуда. Соның салдарынан бүгін керек мамандық ертең қажетсіз болуы мүмкін. Іні-сіңлілеріме болашағы бар саланы таңдауға кеңес беремін.
Елімізде инженерлік мамандыққа, дәрі­герге, сервис қызметкеріне, ақпараттық технология, экология, логистика саласындағы мамандарға деген сұраныс жоғары әрі оларға қажеттілік те күн сайын артып келеді.
Азат ӘДІЛБЕКОВ:
– Мамандық алып, кәсіпті игеру үшін оқу орнын таңдау керек екені түсінікті. Бұл жерде неге назар аудару керек? Кез келген оқу орнының басты   құндылығы– оның оқытушылық құрамы болыптабылады. Мамандарды қалай дайындап шығаратыны оқу орнындағы ұстаздардың кәсіби шеберлігіне байланысты. Оқу процесінің техникалық және материалдық жабдықталуына, компьютерлік сыныптарға т.б. назар аударған жөн. Студенттердің, әсіресе таңдаған оқу орны түлектерінің пікірін тыңдау да артық етпейді.
Нұргүл ӘБІШОВА:
– Болашақ мамандықты таңдамас бұрын «Бұл жұмыс маған не береді?» деген сұраққа жауап беруге тиіссің. Көпшілігі жоғары еңбекақы алғысы келеді. Шындығында, ол да, жұмыс та адам күткендей қуаныш сыйламайды. Өйткені адамға даму, жаңалыққа ұмтылу тән. Өзгеріске негұрлым дайын болсақ, соғұрлым тұлғалық және кәсіби өсуге мүмкіндік мол.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
16 шілде 2019 ж. 2 505 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 154

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930