» » Байыпты Бағлан

Байыпты Бағлан

«Күнде азанда, кешке тісіңді жуып жүр» деген үлкендердің айтқанына құлақ аспайтынбыз. Солай ғой? Одан соң тіс ауырып, мең-зең болғанда әшейінде стамотологияның сыртынан бақылайтын біз, тіс дәрігерін іздеп бас сауғалап кетеміз. Аяқ асты айтпай келген ауру торсиған қалтаңның жұқаланғанында келетінін қайтерсіз?
Жегі құрт жаныңды жеп барады. Ал жеке клиникаға барайын десең, қалтаң көтермей тұр. Қалаға жол тартайын десең, тағы қалтаңа қарайсың. Ақыр соңы үйтіп-бүйтіп тіс емдемеудің сылтауы кейінге шегеріле береді. Ал тіс түбіндегі құрт тыныш жатсын ба? Мамандардың айтуынша, көбі тіс ауруын асқындырып алғанда ғана көрінуге келеді екен. «Өкініштісі, мұның арасында балалардың көптігі» дейді бүгінгі біздің кейіпкер.
Аудандық ауруханада 4 тіс дәрігері болса, соның бірі, балалар тіс дәрігері – Бағлан Болатбекұлы. Жосалылық жас маман А.Жанпейісов атындағы №105 мектепті бітірген соң арман қуып Алматыға барады. Онда ол Қазақстан-Ресей медициналық университетінде «тіс дәрігері» мамандығын оқып, бүгінде аудандық ауруханада 3 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келеді. 2 санатты дәрігер.
– Өзім қалап оқыған мамандық. 5 жыл бакалавр, 1 жыл интернатурада білімімді шыңдадым. Қазір қызметтік жолым өрбіп жатыр. Жұмыс болған соң оның қиыны да қызығы да болады ғой. Мен үшін кішкентай балалардың есік алдынан жылап кіргені, көнбеуі қиынға соғады. Ал қызығы – сол баламен балаша сөйлесіп, емделуге көндіру. Әр баланың психологиясы әртүрлі. Сол үшін оның әрқайсысымен тіл табыса білу керек, – дейді ол.
Түстен кейін ересектерді де қабылдап, ем-домын жасайтын дәрігер ауруды асқындырып алмай тұрғанда көрінуі қажет екенін ескертеді. Ал тұрғындарды өз еркімен кеңес алып, алдын ала тіс жегімен күресуге қалыптастыруда.
– Тісті тек ауырғанда емес, ауырмай тұрып тексертіп тұрған абзал. Ауруын одан әрі асқындырып келетіндер өте көп. Оның ішінде балалар да бар. Жалпы тіс емдеу 18 жасқа дейінгілерге, ардагерлерге, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жан мен жүкті, көпбалалы аналарға тегін. Сол үшін жылына 2 рет тіс дәрігеріне көрініп, тегін кеңесті алып отыруы керек. Ал балалардың енді көрініп келе жатқан тісін сумен шайып не сүртіп отырған жөн. Оның тамақтануы да бұл мәселеде маңызды. Газды сусындар, фаст-фуд өнімдерінде көмірсу көп мөлшерде болады. Ал микроб сол тәтті тамақты жақсы көреді. Солай ол тістің сау жетілуіне кедергі келтіреді. Ауыз қуысының, тістің кейбір ауруларға шалдықпауы үшін балаға кальцйиге бай – сүзбе, құрт жегізу керек. Алма, сәбіз жеген баланың тісті ұстап тұратын еттері қатайып, тіс ерте босамайды. Ата-аналарға айтарым, әр алты айда стоматолог дәрігердің қабылдауында болғандары дұрыс, – дейді тіс дәрігері.
Әрине, дәрігер болуды арман ететіндер көп. Бірақ екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін адамға қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу жеткіліксіз. Себебі дәрігердің адам өміріне деген жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы үлкен маңызға ие. Бағлан Болатбекұлының үлкен жүректі екенін аңғардық. Оның әр балаға деген мейірімі, жанашырлығы сүйсіндірді. «Балақайлардың күлкісі күмістей, тістері күріштей болса, сол кішкентай жүректің бақытының бір бөлшегі осы емес пе?!» дейді ол сөз арасында.
Айнұр ӘЛИ

05 желтоқсан 2020 ж. 855 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 262

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 361

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930