» » Мамандықтар рейтингі: Жоғары жалақыны кімдер алады?

Мамандықтар рейтингі: Жоғары жалақыны кімдер алады?

Қазіргі қоғамда қалта томпайтар кәсіпті, тұрақты жұмыс пен бақуатты өмірді қаламайтын адам кемде-кем. Жасыратыны жоқ, сананы тұрмыс билегендей. Рас, ақша көктен жаумайды. Әлбетте еңбектену керек. Тұрақты жұмыс пен кәсіп қожайыны болмасаңыз табысты боламын деу бос сөз.
Иә, бүгінде жақсы жұмыс оған төленетін жалақысына қарай өлшенеді. Соған сәйкес жастар да мамандығын таңдайды. Әсілінде мектеп бітіруші түлектің көбі «ақылы» негізде оқығысы жоқ. Ата-анаға салмақ салғысы келмей, грантқа түсуде талпынып, көңіл қалаған мамандығынан бас тартатын жағдай да жиі кездесіп жатады.
Әрине, жақсы жұмыстың жалақысы да жоғары болатыны белгілі. Ал енді қандай мамандық иелері сәнде, ең көп жалақыны кімдер алады? Саралап көрелік.
Finprom.kz сайтының мәліметінше, 2020 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың орташа жалақысы 14,3 процентке жоғарылап, 233,1 мың теңгеге жеткен. Инфляцияны ескергенде шынайы өсім 6,5 процентті құрады. Салыстырмалы түрде алсақ, ҰЭМ статистика комитетінің хабарлауынша, 2019 жылдың осы кезеңінде отандастарымыздың орташа айлығы 203,9 мың теңге болған. Осылайша елімізде атаулы жалақы индексі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,8 процентке, ал нақты жалақы индексі 109,9 процентті құрады. Егер салалар бойынша қарасақ, ең жоғары атаулы жалақы кен өндіру мен карьерлерді барлау өнеркәсіптеріне тиесілі. Ол 428,3 мың теңге. Бұл орташа республикалық жалақыдан 2,1 есеге жоғары. Екінші орында қаржы және сақтандыру қызметі. Аталған саланың орташа айлығы 402,5 мың теңге. Сонымен қатар кәсіби, ғылыми және техникалық қызметкерлердің еңбекақысы – 373,4 мың теңге болса, ақпарат және байланыс саласы мамандарының айлығы – 278,0 мың теңгеге тұрақтаған. Ал ең төменгі атаулы жалақыны ауыл, орман және балық шаруашылығының қызметкерлері алады. Яғни аталған сала мамандарының орташа айлығы – 127,3 мың теңге. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 37,6 процентке төмен.
Ал енді еліміздің өңірлеріне тоқталсақ. Өңірлер бойынша ең жоғары жалақы Атырау облысында тіркелген. «Мұнайлы өлке» тұрғындары орта есеппен айына 377,4 мың теңге алады. Бұл еліміздегі орташа айлықтан 61,9 процентке жоғары.
Одан кейінгі орында елордалықтарға тиесілі. Олардың орташа айлығы 349,6 мың теңгені құрайды. Келесі орынға Маңғыстау облысы жайғасты. Айлық көрсеткіші – 337,7 мың теңге.
Ең төменгі орташа айлық Түркістан облысында (166,7 мың теңге) тіркелген. Одан кейінгі орында Жамбыл (168,8 мың теңге) және Солтүстік Қазақстан (168,9 мың теңге) облыстары.
Сонымен қатар еңбекақы бойынша мамандықтар арасында үлкен айырмашылық бар. Мәселен, тау-кен саласында жұмыс істейтіндерде ең жоғары (472,3 мың теңге) айлық тіркелген. Одан кейінгі орында қаржы және сақтандыру (422,6 мың теңге) саласы. Ал сумен қамту (145,7 мың теңге) және ауыл шаруашылығы (147,7 мың теңге) мамандары орта есеппен ең төменгі жалақы алады.
Сондай-ақ білім беру саласында еңбек ететіндердің айлығы орта есеппен 176,5 мың теңге. Бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен 24,3 процентке төмен. Денсаулық сақтау саласы мамандарына ай сайын 197,4 мың теңге төленеді. Осылайша елімізде ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысы мұнайшылар мен қаржыгерлердігінен 2 есе төмен.
Топ 5: Әлем елдеріндегі ең табысты мамандықтар
Хирург. Дәрігерлер әрқашан сұранысқа ие. Пандемия басталғалы дәрігерлердің мәртебесімен бірге мамандықтың маңыздылығы да артты. Ал табыс жағынан «хирург» ең перспективалы мамандық. Оқу үшін көп уақыт қажет: білікті маман болу кемінде 10 жылға жуық уақыт кетеді. Есесіне жалақысы 18 мың доллардан көп. Бүгінде әлемдегі хирургтер жоғары жалақы алу жағынан бірінші орында тұр. Технологиялық прогресске қарамастан және алдыңғы қатарлы медициналық жабдықтар бар болса да, хирургтердің қатысуынсыз ешбір операция жасалынбайды. Кейбір науқастарға мұқият хирургиялық көмек қажет болады. Ең жоғарғы жалақы қарапайым дәрігерлерге емес, күрделі операцияларды орындауға қабілетті жоғары дәрежелі мамандарға берілетінін ескере кеткен жөн. Сонымен бірге, стоматологиялық хирург пен пластикалық хирургтар да жоғары табыс табады. Дамыған елдерде аталмыш саланы меңгеру үшін ұзақ білім алып, қатаң тәжірибеден өтеді. Егер қазақстандық маман шетелде жұмыс істегісі келсе, ол өз кәсібилігін дәлелдеп, толық қайта сертификаттаудан өтуі керек. Бұл процесс баратын елдің тілінде жүреді және бірнеше жыл бойы созылуы мүмкін. Америкада және Еуропалық Одақта хирургтер айына 3000-8000 доллар жалақы алады. Жас мамандар Финляндияда және Польшада жұмыс таба алады, онда хирургтерге арналған бос орындар көп. Мұндай елдерде табыс деңгейі төмен болса да, Ұлыбритания мен Швейцарияға қарағанда маманға деген талап әлдеқайта жеңіл.
Ұшқыш. Бір қарағанда көкте ұшу жеңіл жұмыс көрінуі мүмкін. Әсілінде ұшып-қону оңай жұмыс емес. Ұзақ уақыт дайындықты, батылдықты керек ететін таптырмас мамандық. Ұшқыштар ең жоғары ақы төленетін мамандықтар тізімінде екінші орынға ие. Қытайда, АҚШ-та, Германияда және Францияда ұшқыштың орташа жылдық жалақысы 30 000 АҚШ долларын құрайды. Ал ұшқыштың жылдық жалақысы – 134 мың долларды құрайды.
Стоматолог – рейтингтегі екінші медициналық мамандық. Тіс ауырса берекеңіз кетеді. Солай емес пе? Қазірде мұны бизнес көзіне айналдырғандар жетерлік. Жеке тіс емханасын ашып жатқан дәрігерлер де көп. Айталық, елімізде бір тісті емдету орта есеппен 10 мың теңгеге барады. Қалалық жерде бағасы бұдан 2 есеге жоғары. Онда қызмет көрсету сапасын да ескере кеткен жөн. Сонымен бірге тіс емінің жеңіл-күрделілігіне қарай бағасы да өзгеруі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, стоматологиялық қызметке сұраныс алдыңғы жылға қарағанда 4 есеге көбейген. Дүние жүзінде стоматологиялық клиникалардың саны өсіп жатқанымен, стоматологтер әлі де маңызды рөл атқарады. Ең жоғары жылдық жалақысы – 132 мың доллар.
IT маманы. Қазіргі күні адамдар интернетсіз, компьютерсіз және мобильді технологиясыз өмір сүре алмайды. Күнделікті жұмыста әлбетте біз техниканың көмегіне жүгінеміз. Бәлкім, осы себептерге байланысты бағдарламалау бүгінгі күні сұранысқа ие шығар, өйткені IT маманы бұл қажеттіліктерді жасаушы екені белгілі. Бұл салада, көбінесе бағдарламалау тілін жетік меңгерген жастар жұмыс істейді. Шетелде дипломмен жылына 100 000 доллардан аса жалақы алуға мүмкіндік бар.
Жарнама менеджер. Бұл бүгінде қолданысқа ие таптырмас мамандық. Көптеген фабрикалар, фирмалар, ұйымдар мен компаниялар өз өнімін өткізу үшін халыққа ұнамды етіп ұсынуы керек. Жарнаманың жоғары деңгейдегі елдерде өте дамығаны таңқаларлық емес. Мұндай мамандықтарға сұраныс та өте жоғары. Маман тұтынушыдан көп ақша алатындай, өнімді шебер ұсынуы керек. Германияда бұл саланың маманына жақсы жұмыс үшін 5 500 евро төленеді.
Жастар бұл туралы не айтады?
Бүгінгі жастардың бір парасы – қарапайымдылықты яки ешкімнің сөзін елемей, көңіл қалауы бойынша жұмыс істейді. Ал енді бірі – мол табысты, кәсіп көкжиегін кеңейтуді қалайды. Ал келесісі – әлеуметтік желіде танымал болуды мақсат тұтады. Иә, әрбірінің өзіне тән пайдасы бар. Соңғы буындағы жастарға құлақ түріп көріп едік.
– Негізгі бітірген мамандығым – құрылысшы. Десе де бұл салада тәжірибем жоқ. Әлеуметтік желіні белсенді түрде жүргіземін. Бұл басты жұмысым әрі табыс көзім. Қазірде бұл танымалды табыс сөзіне айналғанын мойындау керек. Арнайы жұмыс уақыты жоқ. Қалаған кезде жұмыс жүргізе беремін. Тіпті шет елге жиі шығып тұрамын, – дейді Ақниет Байболсынова (аты-жөні өзгертілді).
Жас мамандардың кейбірі мамандықты өз қалауымен таңдамаса да бүгінде жоғары жалақылы жұмыс істейді. Айталық, бүгінде дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы өскен.
– Әу баста әскери салада білім алғым келген еді. Дей тұра ата-анам мұғалімдік жолды таңдағанымды құп көрді. Қазір олардың ақылына құлақ асқаныма өкінбеймін. Өзімнің сүйіп істейтін жұмысыма айналды. Тұрақты табысым бар. Қай салада болмасын "дипломы бар" білімді маман болған артық етпейді деп есептеймін, – дейді Айгерім Каналбекова.
Иә, жоғарыда еліміз бен әлем бойынша ең жоғары жалақы алатындардың тізбектеп өттік. Бұл жастардың мамандық таңдауына көмегін тигізіп қалар. Жастардың қандай мамандық таңдаса да өз еркі. Десе де ел игілігіне қызмет ететін әрбір мамандықты игерген абзалырақ. Мұхтар Әуезовтің "Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін білім" деген ойы да осыны аңғартатындай.
Түйін.
Ертеректе ата-ана баланың көңілін жықпай, қорадағы малды сатып болсын оқуға жіберетін. Ағайын арасында "пәленшенің баласы оқуға түсе алмай қалыпты" деген ұят сияқты еді. Жағдайы бар жастардың көбі заңгер, қаржыгер, полиция, теміржолшы сынды мамандыққа тапсырып жатты. Ал бүгінде басқа. Екінің бірі оқуға түсіп, білім алып жатыр. Оқуға бөлінетін гранттар саны жыл санап артып келеді. Мамандық таңдауға да мүмкіндік мол. Әркім өз бейіміне, көңіл қалағанына қарай жұмыс табуына болады. Ал сол жұмыстан табысты болып жатса құба-құп.

Ақнұр САҒЫНТАЙ

16 ақпан 2021 ж. 1 621 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031