» » Қоғамға кім қажет?

Қоғамға кім қажет?

qarmaqshy-tany.kz Қазіргі қоғамда қолында «күректей» дипломы бола тұра жұмыссыз жүрген жастар көп. Олардың ішінде мамандық таңдауға келгенде жүрдім-бардым қарайтындары да бар. Бәзбіреулер «Дипломды маман» деген түсініктен гөрі «Табысты адам» дегеннің соңын қуалайтын секілді. Мамандық таңдауға келгенде бірі – арманының жетелеуімен келсе, кейбірі – атаана мен отбасындағы қаржылық қысымның салдарынан таңдауға мүмкіндігі болмай жатады. Қош. Әупірімдеп жүріп дипломды маман болар. Бірақ жеме-жемге келгенде алған білімі қоғамға қажетсіз болып, әлгі қағазды сандыққа тастайды. бұл кімге пайда, кімге зиян?


Рас, қазірде қалта томпайтар кәсіпті, тұрақты жұмыс пен бақуатты өмірді қаламайтын адам кемде-кем. Жасыратыны жоқ, сананы тұрмыс билегендей. Ақша көктен жаумайды. Әлбетте еңбектену керек. Жайлы жұмыс пен кәсіп қожайыны болмасаңыз табысты боламын деу бос сөз.


Бүгінде жақсы жұмыс оған төленетін жалақысына қарай өлшенеді. Соған сәйкес жастар да мамандығын таңдайды. Әсілінде мектеп бітіруші түлектің көбі «ақылы» негізде оқығысы жоқ. Ата-анаға салмақ салғысы келмей, грантқа түсуге талпынып, көңіл қалаған мамандығынан бас тартатын жағдай да жиі кездесіп жатады. Әрине, жақсы жұмыстың жалақысы да жоғары болатыны белгілі.
Әне-міне дегенше оқу жылы да аяқталады. Бітіруші түлектердің алдында «Кім боламын? Қайда барамын?» деген сан түрлі сауал тұр. Бүгінгінің жас буыны қандай мамандықты таңдағаны дұрыс? Қандай бағыт-бағдар керек? Міне, осы сұрақтар көптің көңілін күпті етіп отыр.
Қоғам дамыған сайын еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Мәселен елімізде 129 мамандық жойылып, 239 жаңа мамандық еңбек нарығына шыққан.


Мамандығы бойынша жұмыс істемеу – бүгінгінің басты мәселесіне айналған. Дипломын құшақтап, әр саланың есігінен сығалап жүрген жастар көп, бірақ жұмыс жоқ. Ең қажетті мамандықты оқыса, әрбір адамға жұмыс бірден табылар ма еді, кім білсін?! Мәселен, тігін фабрикасына тігіншілер жетіспейді, ауылдық жерлерге педагог мен дәрігер жетіспейді, ғимарат салуға құрылысшылар қажет, тағысын тағы.
Мұнан бөлек, бізде барлығын ҰБТмен байланыстырып қоятын жансақ түсінік бар. Құдды сол тестпен бәрі шешіліп кететіндей. Тестілеуден кейін де өмір жалғасады. Сондай-ақ, табысқа жетуде ҰБТ-ның кей сәттері маңызы да болмай қалады. «Әрбір жас мамандық таңдау кезінде мына 3 негізгі сұрақты өзіне қойса жеткілікті. «Нені қалаймын?», «Қолымнан не келеді?», «Еңбек нарығына не қажет?». Міне, осылар адам өмірінің бағытын айқындап, табысқа жеткізіп, қоғамға пайдасын тигізеді.


Бүгінгі жастардың бір парасы – қарапайымдылықта, яки ешкімнің сөзін елемей, көңіл қалауы бойынша жұмыс істейді. Ал енді бірі – мол табысты, кәсіп көкжиегін кеңейтуді қалайды. Ал келесісі – әлеуметтік желіде танымал болуды мақсат тұтады. Иә, әрбірінің өзіне тән пайдасы бар. Соңғы буындағы жастарға құлақ түріп көріп едік.

«Негізгі бітірген мамандығым – агрономия. Десе де бұл салада тәжірибем жоқ. Бала күнімнен тігін тігуді жақсы көретінмін. Бұл тек қызығушылығым болды. Бір күні әлеуметтік желіде тігіншілікті оқытатын курсты көзім шалып қалды. Барлық жиған-терген қаражатымды салып оқыдым. Қазір салған ақшамды бірнеше еселеп шығарып алдым. Әлеуметтік желіні белсенді түрде жүргіземін. Осы арқылы сүйікті жұмысыммен айналысып, әрі мұнан табыс та тауып жүрмін. Қазірде әлеуметтік желі танымалды табыс сөзіне айналғанын мойындау керек. Кейде жан-жақты ізденіп жаңа дизайндағы киім тігіп шығарамын да оны желіге жүктеп саламын. Соның нәтижесінде тапсырыстар жиі түсіп отырады», – дейді Жансая есімді желі қолданушысы.

Жас мамандардың кейбірі мамандықты өз қалауымен таңдамаса да бүгінде жоғары жалақылы жұмыс істейді. Айталық, бүгінде дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы өскен.

«Әу баста әскери салада білім алғым келген еді. Дей тұра ата-анам мұғалімдік жолды таңдағанымды құп көрді. Қазір олардың ақылына құлақ асқаныма өкінбеймін. Өзімнің сүйіп істейтін жұмысыма айналды. Тұрақты табысым бар. Қай салада болсын «дипломы бар» білімді маман болған артық етпейді деп есептеймін», – дейді Айгерім Каналбекова.

Жастар қандай мамандық таңдаса да өз еркі. Десе де ел игілігіне қызмет ететін мамандықты игерген абзалырақ. Мұхтар Әуезовтің «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін білім» деген ойы да осыны аңғартатындай.

Түйін Ертеректе ата-ана баланың көңілін жықпай, қорадағы малды сатып болсын оқуға жіберетін. Ағайын арасында «пәленшенің баласы оқуға түсе алмай қалыпты» деген ұят сияқты еді. Жағдайы бар жастардың көбі заңгер, қаржыгер, полиция, теміржолшы сынды мамандыққа тапсырып жатты. Ал бүгінде басқа. Жастар оқуға түсіп, білім алып жатыр. Оған бөлінетін гранттар саны жыл санап артып келеді. Мамандық таңдауға да мүмкіндік мол. Әркім өз бейіміне, көңіл қалағанына қарай жұмыс табуына болады. Ал сол жұмыстан табысты болып жатса құба-құп. Мамандығына шын берілген жастар кез келген саланың аяққа тұрып, дамуына үлес қоса алады. Сол себепті, мамандық таңдаудан жаңылмаған жөн.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 сәуір 2023 ж. 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031