Еңбегімен ер сыйлы
Ел ішінде халқы үшін қалтқысыз еңбек етіп, туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар аз емес. Олардың есімдерін жұрт естісе жақсы біледі. Көпке үлгі етеді. Тіпті қазекем мұндай жандарды ісіне қарап «тектінің тұяғы» дейді. Әдетте бұл сөз ұлағатты өмір сүрген адамның ұрпағына қарап айтылады. Міне, сондай ағалардың бірі – еңбекте абырой биігінен көрінген жан Тілеуберген Нақыпов.
Әсілінде өзгенің жақсылығы жайлы оның қасында бірге жүріп, еңбегін бағалағандар сол кісі жайында сөз етіп, естелігін айтса, ал біз ғұмыр жолына көз сала отырып, біраз жайды көңілге түйдік. Ағамыз мектеп қабырғасында жүргенде оқуда үздік, жарысса озып, күрессе көзге түсіпті. Орта мектепті бітірген соң Алматы политехникалық институтын тәмамдап, инженер-механик мамандығын алған. Аймақтағы өндірістің негізі ошағы саналған Қызылорда құрылыс және жол машиналарын жөндеу зауытында қатардағы инженерден бастап, шебер, цех бастығы, бас инженер дәрежесіне дейін өсіп, өндіріске көптеген жаңа технология енгізген. Атап айтқанда, егістік жерді тегістейтін «ДЗ-603 Планировщигі», «Гидроцилиндрлер», таулы аймақтар жыныстарын жұмсарту «Рыхлитель» машиналарын жасап, Т-130 тракторын күрделі жөндеуден өткізу технологиясын игеру жұмыстарына басшылық еткен. Тілеуберген Нұржігітұлының мол тәжірибелі инженерлік біліктілігін бағалаған облыс басшысы 1987 жылы Қызылорда жөндеу механикалық зауытына директор етеді. Өндірісі үлкен, 350 адамы бар ауызбіршілігі кемшін, шағымданушылары баршылық ұжымды басқару басшыға оңай болмайды. Оның үстіне экономикалық байланыстар үзіліп, өндіріс орындарының тоқырап жатқан кезі болса керек. Жоғарыдан берілетін тапсырыстардың азаюына байланысты сұранысқа ие басқа өнімдер шығару жолын қарастырады.
1988 жылы Новосибирск қаласына барып «Сибстроймаш» зауытымен келісіп, тиісті жобалық құжаттарын алып 250 литрлік бетон дайындайтын СБ-191 маркалы, Бішкек жобалау институтымен келісімге отырып жоңышқа мен пішен шөптерін престейтін кондырғыларды шығаруды игереді. Автоматтандырылған қондырғы алып электродтардың алғашқы партиясын шығарады. Сонымен қатар Дағыстаннан болат балқытатын қондырғының жобалық құжаттарын алып, құрылғыны құрастырады. Сол уақыттарда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы мемлекет және қоғам қайраткері өте талапшыл Еркін Әуелбековтің басшылығымен облыс экономикасына тың серпін беріліп, ерекше бетбұрыс болады. Ағамыз газетке берген бір сұқбатында зауыттағы орын алған оң қадамдарды былайша жеткізеді.
– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында аймақ басшылығы халық тұтынатын өнімдерді өндіру талаптарын қойды. Зауыт ұжымы ағаш өңдеудің үш түрлі операциясын атқаратын 220 кернеулі тоққа қосылатын станокты, электр қуатымен жұмыс істейтін жем дайындайтын қондырғыны жасап ел игілігіне жараттық. Спортшылар пайдаланатын бұйым «Шведтік стенка» шығарып оларды түрлі аймақтарға шығардық. Осыған байланысты мынадай қызық оқиғаны айтайын. Сол кездегі облыстық спорт басқармасының басшысы болған Юрий Ким Талдықорған қаласынан спорттық жаттығуға арналған «Шведская стенканы» алдыртып, қорабын ашып техникалық құжатын қараса «Қызылорда жөндеу механикалық зауытының өнімі» дегенді оқып таңғалғанын айтқанда, өнімдерімізді дұрыс жарнамалай алмай жүргенімізге көзіміз жетті. Осыған ұқсас тағы бір оқиға, Қызылорда қаласының орталық алаңында аймағымызға жаңадан келген облыс басшысының пәрменімен аймақтық өндіріс орындары өнімдерінің көрмесі болды. Біз де бар өнімдерімізді әкеліп қойғанбыз. Шөп басатын престі, бетон дайындайтын қондырғыны көрген облыс әкімі «Қай жақтан сатып әкеліп тұрсындар?» деді. Біз, өзіміз шығарып жатқанымызды айттық. Кейін ол кісі зауытка келіп, шығарған өнімдерімізді көріп, жұмысымызбен етене танысып, ризалығын білдірді, – дейді ол.
2000 жылы шығаратын өнім түрлері көбейіп, ұжым мүшелерінің саны алғашқы 350 адамнан екі есеге артып 700- ге жетеді. Осылайша зауыттың көрсеткішіне риза болған облыс, қала басшылығы оны Қызылорда қалалық кеңесінің депутаттығына ұсынып, сайлайды. Алайда бүкіл Қазақстан өндірісі бастан кешкен жекешелендірудің зардаптары зауытты да айналып өтпейді. Өкінішке орай жоғарыда айтылған зауыт өндірісін қайта құру бағытындағы кешенді жұмыстар баянды болмайды. Сол жылы зауыттың жекешеленуіне байланысты Тілеуберген ағамыз директорлық қызметті қоя тұруына тура келеді.
Нақыповтар әулетінің Марал бабаны ұлықтау жолындағы атқарған жұмыстары кім-кімге де өнеге. 2003 жылы Марал ишан атындағы мешітті ашты. Бабаның басына тәу етіп келушілер үшін арнайы қонақ үйін салды. Бабаның 225 және 230 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың шығындарын көтеріп, ғылыми зерттеулер мен талдауларды арнайы кітап етіп шығарды. Қармақшы ауылының көшелерін жарықтандырды. Одан бөлек, аудан әкімі болған Шәкизат Төребаевтың кезінде Ақжар ауылындағы мектептің шатырына күрделі жөндеу жүргізіп, жаңадан салуға көмектескен. Аудан орталығындағы спорт алаңдарының қоршауларын тұрғызған. Қазақ «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді. Осындай атпалдай азаматтардың еңбегін көпке үлгі етуді жөн көріп, оқырман назарына ұсындық. Жақсы әкенің тәрбиесін алған ұлдың абыройы ешқашан аласармасы анық.
Ерсін ӘЛІБАЙ