» » Жанымызда жүр жақсы адам

Жанымызда жүр жақсы адам

Көріп жүргендей әкелер мен аталар, аналар мен әжелер ұрпақ тәрбиесіндегі міндеттерін ұялы телефондар мен компьютерлерге артып қойған. Ықылым заманнан бергі ұлттық салт-дәстүрлерімізбен, аңыз-әпсаналарымыз бізге компьютер арқылы жеткен жоқ. Құрғақ уағыз – ол ата-ана аузымен айтылғанымен, олардың болмысы соған сай болмаса, тәрбие оң нәтиже бермейді. Қытай ойшылы Конфуцийдің - «Патша-патша, құл-құл, әке-әке, ұл-ұл бола білсе, жетілудің мәнісі осы», дегені бар.
Өзім білетін қармақшылықтардан Нақыповтар әулетінің ұстанымы, ата-ана болмысы, ұрпақтарының жетілуі Конфуцийдің жаңағы айтқан қағидатына сай келетіндей айырықша тәнті етеді. Қармақшы ауданы партия комитетінің хатшысы, Қармақшы және Жалағаш аудандарының тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарған Ұлы Отан соғысының ардагері Нақыпов Нұржігіт есімді азаматтың ел есінде жақсы аты қалды. Алла тағала бұл отбасын ішіп-жемнен, киер киімнен және күнделікті қажеттіліктерден қысқан жоқ. Нұржігіт аға мен Жұбатқан апаның бауырларынан толған айдай алты қыз бен торсық шеке бес ұл тәрбиеленіп өсіп, мемлекетіміздің белсенді рухани жетілген азаматтары болып халық шаруашылығының әр саласында адал еңбектерімен қызмет атқарып жүр. Әдетте, тұрмыс тауқыметін тартпағандар, жетіспеушілік дегендердің не екенін білмей өскендердің көпшілігі бар мен жоқтың қадірін, ащы мен тұщының дәмін білмей өседі. Нұрекеңнің ұлдары мен қыздары бүгінгі тірлікті кешегі қара нанның дәмімен салыстыра, пайымдай білетін қалпы бар, ата тәрбиесін ұстанып жүрген салты бар әрдайым ел-жұрттың назарында оларды білетіндер ортасында абыройлы, бесаспап жандар.
Нұржігіт аға мен Жұбатқан апа перзенттерінің қайсысын кезіктірсем де қалыптарынан тазалық пен биязылық көрем, дидарынан нұр төгілген қасиет пен кие сезінем. Бақберген, Болат Нақыповтар Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Билік лауазымды қызмет ұсынып жатса келіседі, атқарады, көңілдерінің қолайына келмей, немесе – «сенің орныңа басқа адамымыз бар», деп жатса қоя салады да, өзінің кәсібімен айналысып жүре береді. Лауазымды қызмет орындығын орынтақ деп қарамайды. Нақыповтар әулетінен ұлдарының үлкені Тлеубергенді жас кезінен Қармақшыдан, кейін Қызылорда жөндеу механикалық зауытында қызметтес және құдайы көрші болғандығымнан білем. Зайыбы Гүлбаршын екеуі жарасымды жұп. Гүлбаршын облыстық партия комитетінің сасяи - ағарту үйінде кітапханашы болып қызмет етті. Өмір бойы кітаппен дос болу, осы әсем ғимаратта жиі бас қосатын сол кездің зиялы қауым өкілдерімен рухани байланыста болу оның біз білетін әдемі болмысын қалыптастырды. Екеуі көршілер қауымының ажары мен сәні бола білді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қонақ шақырсақ көршілерден орындықтар тасып, ыдыс-аяқтардың да жетіспейтінін көршілердікімен толықтырып, «Көршісі жақсы қонақтан қысылмайдыны» (Қадыр Мырза Әлі) нақты дәлелдеп қоян қолтық араластық. «Жақсы көрші-жарты әлем» демекші, балаларымыз бірге ойнап, отбасылық жетістіктеріміз бен бір сәттік қуаныштардың өзін ұлы мерекеге балап кезек-кезек шақырысып бірге тойлап жүрген сол кезеңді сағынышпен еске аламын. Қазір көршіден шырпы, не тұз сұрамайтын жағдайға жеттік. Бұл материалдық жетістігіміз дегенімізбен есесіне адами байланысымыз азайды, бөлек бір мемлекет тәрізді шақырмаса бармайтын, келмейтін болдық. Бармасаң-көрмесең, кірмесең-шықпасаң көршіңнің жағдайын қалай білерсің, көрші ақысын қалай өтерсің? Ия, бұл басқа әңгіме.
Тілеуберген мектеп қабырғасында жүргенде оқуда үздік, жарысса озып, күрессе жығып көзге түсіп жүрді. Күрес демекші, менің Жосалы механикалық зауытында бастауыш комсомол ұйымының жетекші кезімде Қармақшы спортының қара нары атанған Жарболсын Құндақбаевтың бапкерлік етуімен Тлеуберген, Мырзатай, Жетпісбай сынды жасөспірім жігіттердің клуб сахнасындағы боз кілемде ойнақтаған сәті көз алдымнан кетпейді. Тлеубергеннің белдесуге шыққандағы сұлу пішіні, бұлшық еттерінен сыртқа теуіп тұрған қайрат-күші, түрлі айлаға байланған әдіс-тәсілдер қолданған сәттегі сарта-сұрт айқастары көрерменді еріксіз сүйсіндіруші еді. Тілеуберген өмірдің жел мінезін, желтең қызығын қуалап кеткен жоқ. Орта мектепті бітірген соң Алматы политехникалық институтын тамамдап, инженер-механик мамандығын алып, өндіріс ошағының негізі саналатын Қызылорда құрылыс және жол машиналарын жөндеу зауытында қатардағы инженерден бастап, мастер, цех бастығы, бас инженер дәрежесіне дейін баспалдақтап өсіп өндіріске көптеген жаңа технологияларды енгізді. Жаңа техникалар: - Егістік жерді тегістейтін «ДЗ-603 - Планировщигі», «Гидроцилиндрлер», таулы аймақтар жыныстарын жұмсарту «Рыхлитель», (осы машина Үлкен Алматы каналы құрылысын салғанда пайдаланылды) машиналарын жасап, Т-130 тракторын күрделі жөндеуден өткізу технологиясын игеру жұмыстарына басшылық етті. Атап көрсеткендегідей мол тәжірибе мен инженерлік біліктілігін бағалаған облыс басшылығы Тлеубергенді 1987 жылы Қызылорда жөндеу механикалық зауытына директорлық қызметке жіберді.
Осы зауыттағы басшылық қызметі жайлы Тлеуберген баяндады:
– Осыған дейін 1200 жұмысшылары мен инженер-техник қызметкерлері бар, өндірісі қалыптасқан үлкен ұжымнан 350 адамы бар, ауызбірлігі кемшін, арыз жазып, шағымданушылары баршылық ұжымды басқару оңай болған жоқ. Оның үстіне, экономикалық байланыстар біртіндеп үзіліп өндіріс орындарының тоқырап жатқан кезі болатын. Жоғарыдан берілетін тапсырыстардың азаюына байланысты сұранысқа ие басқа өнімдер шығару жолын қарастырдық. 1988-жылы Новосибирск қаласына барып «Сибстроймаш» зауытымен келісіп, тиісті жобалық құжаттарын алып 250 литрлік бетон дайындайтын – СБ-191 маркалы, Бішкек жобалау институтымен келісімге отырып жоңышқа мен пішен шөптерін престейтін қондырғыларды шығаруды игердік. Автоматтандырылған қондырғы алып электродтардың алғашқы партиясын шығардық. Сонымен қатар Дағыстаннан болат балқытатын қондырғының жобалық құжаттарын алып құрастыра бастадық. Осы уақыттар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы мемлекет және қоғам қайраткері, өте талапшыл Еркін Әуелбековтің басшылығымен облыс экономикасына тың серпін берілген, ерекше бетбұрыс кезеңі болды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында аймақ басшылығы халық тұтынатын өнімдерді өндіру талаптарын қойды. Зауыт ұжымы ағаш өңдеудің үш түрлі операцияларын атқаратын 220 кернеулі токқа қосылатын станокты, электр қуатымен жұмыс істейтін жем дайындайтын қондырғыны жасап ел игілігіне жараттық. Спортшылар пайдаланатын бұйым «Шведтік стенка» шығарып, оларды түрлі аймақтарға шығардық. Осыған байланысты мынадай қызық оқиғаны айтайын, сол кездегі облыстық спорт басқармасының басшысы болған Юрий Ким Талдықорған қаласынан спорттық жаттығуға арналған «Шведская стенканы» алдыртып, қорабын ашып техникалық құжатын қараса, «Қызылорда жөндеу механикалық зауытының өнімі» дегенді оқып таңғалғанын айтқанда өнімдерімізді дұрыс жарнамаламай жүргенімізге көзіміз жетті. Жарнаманың кемдігіне байланысты тағы бір қызықты оқиға, Қызылорда қаласының орталық алаңында аймағымызға жаңа келген облыс басшысының пәрменімен облыс өндіріс орындары өнімдерінің көрмесі болды. Біз де бар өнімдерімізді әкеліп қойғанбыз. Шөп басатын престі, бетон дайындайтын қондырғыны көрген облыс басшысы: «Қай жақтан сатып әкеліп тұрсыңдар?», – деді. Біз, өзіміз шығарып жатқанымызды айттық. Кейін ол кісі зауытқа келіп, шығарылып жатқан өнімдерімізді көріп, жұмыстарымызбен етене танысып, ризалығын білдірді. 2000 жылы шығаратын өнім түрлері көбейіп, ұжым мүшелерінің саны алғашқы 350 адамнан екі есеге артып, 700-ге жетті. Облысымызда өндіріс орындары көп емес қой. Қызылорда жөндеу механикалық зауыты ауылшаруашылық техникаларын күрделі жөндеуден өткізетін жалғыз кәсіпорын, оның үстіне халық тұтынатын өнім түрлерін арттырып, жұмысшылар саны көбейіп жаңа қарқын алған зауыт көрсеткіштеріне риза болған облыс, қала басшылығы мені Қызылорда қалалық кеңесінің депутаттығына ұсынып, депутат болып сайландым. Бүкіл Қазақстан өндірісі бастан кешкен жекешелендірудің зардаптары біздің зауытты да айналып өтпеді. Өкінішке орай жоғарыда айтылған зауыт өндірісін қайта құру бағытындағы кешенді жұмыстарымыздың баяны болмады. Оның себептерін айтып жатпай-ақ қояйын, – деді.
2000 жылы зауыттың жекешеленуіне байланысты Тілеубергеннің директорлық қызметті қоя тұруына тура келді. Сол жылы «Техоснастка» атты серіктестік ашты, өндіріске қажетті металл өңдейтін токарлық, фрезерлік, бұрғылау, ауыр салмақты балға станоктар, әртүрлі қалыңдықтағы темір қиятын пресс қайшылармен жабдықталған өндіріс ашу оңай болған жоқ. Осындай станоктары бар зауыттар жекеге өтіп, олардың иелері құны алтынға бағаланатын станоктарды, қондырғыларды металл сынықтары ретінде шет ел асырып жатты. «Іздеген таппай қоймайды» дегендей біртіндеп-біртіндеп, қарызданып жүріп, қажетті станоктарды, қондырғыларды тауып, оларды іске қосып, қазіргі жағдайға жетті. Бүгінде Қызылорда қаласының, облыстың түрлі салаларына қажетті метал құрастырмаларын, қондырғыларды жасап тапсырыс берушілердің көңілінен шығып, 30-ға жуық жұмысшысы бар, тұрақты түрде салығын төлеп отырған орнықты мекемеге айналды. Түркістан мен Арал аралығында дариядан өткел үшін қажетті понтон көпірлерін, саябақтардың, мекемелердің әшекейлі темір шарбақтарын, елді-мекендерге су қысымын күшейтетін мұнара-құбырларды (водонапорная башня) жасау мен орнату жұмыстарымен айналысып жүр.
Коммунистік идеологияның ықпалымен барлығымыз да «Біздің бабамыз – Ленин», деп өстік. Тлеубергеннің - «Менің бабам Ленин» дегенін нағашы әжесі Тәжігүл есітіп қалып: - «Тәйт! Діні бөлек, тілі бөлек Ленин қалай бабаң болады. Сенің бабаң Марал ишан!» депті жарықтық. Нақыповтар әулетінің Марал бабаны ұлықтау жолындағы атқарып жүрген жұмыстары кім-кімге де өнеге. 2003-жылы Марал ишан атындағы мешітті ашты, Марал ишанның басына тәу етіп келушілер үшін арнайы қонақ үйін салды. Бабаның 225 және 230 жылдығына орай республикалық ғылыми – тәжірибелік конференциялардың шығындарын көтеріп, ғылыми зерттеулер мен талдауларды арнайы кітап етіп шығарды, баба рухына арналып Құран бағышталды.
Саққұлақ бидің «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, жолаушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» дегеніндей, сабыры мен мінезі мықты болған Нұржігіт аға мен Жұбатқан ананың ұрпақтары ақылға кенде емес, талаптарына нұр жауған, ырызғы несібелерін адал кәсіптерімен тапқан, ел-жұрттың өздеріне сыншы екенін естерінен шығармаған еңселері биік, жүздері жарқын жандар. Қатарымызда осындай жандар барын біле жүрейік.
Сәпен Аңсатов,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы.
23 шілде 2018 ж. 1 179 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 225

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 331

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930