Темірден түйін түйген
Әдетте, қазақта атадан балаға берілетін мұра мен қасиет дегенде ойға бірінші ұсталық өнер сөзсіз оралады. Соның ішінде темір ұстасы болу кез келгенге берілмейді. Істі бастар алдында темір ұсталары Дәуіт пайғамбарға тәу ете отырып, шаруаларына кіріскен. Киелі өнер шеберлері аса қадірлі, аруақты болғандықтан, халық оларға құрмет көрсеткен.
Қуаңдария ауылында темір ұстасы тұрады дегенді естіп, ол кісімен жолығарда кішкене өз-өзімізді жинақтап, артық әңгімемізді тыйдық. Дәуіт пайғамбардың ұсталығынан тараған киелі өнер иесінің алдында әр сөзіңді саралап сөйлеу де маңызды. Ауылдағы жеміс ағашының көлеңкесінде отырып бізді жылы қарсы алған Қыстаубай Әбдібаев ағамыз төрдегі ескі ұстаханасына бірден жол бастады. Әкеден қалған темір құралдарды әлі күнге пайдаланатыны көзге көрініп тұр. Ұстахананың ағаш қаңқасына ілінген көне жәдігерлер құдды мұражайға қойылғандай сақталған. Темірді әртүрлі қалыпқа иетін сол кездегі балғалар шебердің ісіне жарап тұр.
Жақсы әкені құрметтеп, даналығынан мың жылдық азық алған бала ешқашан тәрбиесін ұмытпайды деген. Қыстаубай ағамыз әңгімесінде өзінің бойындағы ұсталық қасиетін емес, алдымен әкенің өнерін таныстырды.
– Ақжар ауылында ұста болған Алмас, Кәрібай Кенжебаевтармен менің әкем немере туыс. Сол кісілерден тәжірибе алып, шәкірті болыпты. Әкеме ағалары ұстаханада отқа көмір дайындайтын дәреже беріпті. Соған қарамастан әкем кетпен соғып, киіз үйдің қабырғасын дайындаған екен. Кейін шаруашылыққа қажетті құралдарды да жасаған. Үлкендерге арнап мәсі тіккен. Сол кезде қолданған құралдары қазір менің қолданысымда. Біз – сол кісілердің соңғы буынымыз. Ісін кешегіге дейін жалғастырдық. Қолдан кетпен, шелек, ағаш жонғыш жасадық. Екі кетпенім бар. Біреуін биыл пайдалансам, екіншісін майлап, келесі жылға алып қоямын. Қазір техника дамығасын мұның бәрі керек болмай қалды ғой. Отыз екі жасымда мүгедек болып, үйде отырып қалдым. Ел-жұртқа шамамыз келгенше пайдамызды тигіздік, – дейді ол.
Темір ұстасы ұстаханада жұмыс істемесе де аптасына екі-үш күн көрікке от жағып, ырымын жасап отырады. Бойында ұсталық қасиеті бар адам ішімдік ішпей, таза жүру керек дейді сөз арасында.
– Ұстаның заты әр жерде қалмау керек. Әкем «Ұстаның жақсысы темірді төске ұрғанда шапқының ізі түспеу керек» деп айтып отыратын. Өзі әр құралына өте мұқият болды. Қазір осының бәрі балаларыма қалып барады. Ұсталық өнерге жақыны болса кәдесіне жаратар, – дейді Қыстаубай Әбдібаев.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ