» » Киесі жойылмаған ұстахана

Киесі жойылмаған ұстахана

Осыдан бірер жыл бұрын Ақтөбе ауылындағы темір ұстаханаға атбасын тіреп едік. Бірақ реті келмей қалам тербелмеді. Тек көне дүкеннің тылсымы барын сол маңдағы ауыл тұрғындарынан естіп қайтқанбыз. Сәті енді түсіп солай қарай жолға шықтық.
Қыс тоқсаны әлі шыға қоймады. Бірнеше күнге созылған алай-дүлей бүгін сәл басылғандай. Алайда арайлы күнге қарамастан суық ыза әлі ышқыртып тұр. Тақтайдай тегіс жолда сол баяғы көлікпен жүріп келеміз. Жүйіткіген жеңілдік әбсәтте бәсеңдей бастады. «О несі» дестік жан-жақтан жамырай. Қайдан екені белгісіз, әйтеуір «сау» көліктің ақауы шықты. Әрі-бері түртпектеп әлекпіз. Бір сағаттан соң ғана көлік өздігінен оталып, қайта жолымызды жалғадық.
Анадай жерден меңмұңдалап ұстахана тұр. Сол қалпы. Аядай болғанымен іші құрал-сайманға толы. Бізді күткен Қалтай Мыржақов ұстахана иесінің ұрпағы. Ә дегеннен әңгімесін әріден бастаған ол біраз дүниені шертіп тастады.
1926 жылы Ақтөбе ауылында дүниеге келген Тәте Мыржақов бала күнінен темір ұстап өскен. Әке жолын қуып, киелі ұстахананың тізгінін өзі ұстапты. Күні-түні осы ұстаханада көрік тартып, темірден түйін түйген. 1956 жылы Тұрғанкүлмен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмір жолын бастайды. Жанұяның берекесі сәбидің күлкісімен нұрланып, 4 ұл, 5 қыз бірінен соң бірі ер жетіп жатты. Ал киелі ұстахананың қайнаған тіршілігі бір толастаған емес.
– Әкем үлкен дарбазадан бастап түрлі тұрмыстық бұйым жасайтын. Ұсталық дүкен алдында темір затын жөндеуге келетін жұртшылықтың қарасы қалың еді. Бірақ ол оның ешқайсысынан ақы алмайтын. Бала күнімізден бастап әкеміздің осы кәсібін көріп өстік. Санамызға түйіп өстік. Бәріміз өз орнымызды таптық. Ал әкеміз жетпістің желкенін керген шағында өмірден озды, – дейді ұлы Қалтай Мыржақов.
Рас. Қазір бұрынғыдай ұстаханада кезекке тұрып, қажет дүниесін жасатып алатын күннен алыстадық. Дүкенде «фирменный» заттар толып тұр. Керегін содан алады. Міне, осындай заман өзгерісінен соң ұстаханаға келушілердің де қатары сиреді. Бүгінде Қалтай аға керек затын осы жерге келіп жасап алады. Бауырлары да алма-кезек осында атбасын бұрып, көрік басып тұрады.
Алдында келгенімізде естіген тылсым күштің бар-жоғын ұрпағынан сұраған едік. Айтуынша, ондай құбылыс өздеріне байқалмағанымен көрші-көлем айтып отырады екен. Ол не күш деп отырған боларсыз? Ұстаханада кей мезгілдері дүрсілдеген, тарс-тұрс еткен дауыс шығады екен. Өзінен өзі. Бірақ мұны ұрпақтары естімейді. Тек апта сайын көрік қыздырып, керек дүниелерін осы жерден жасап алады.
– Ұстахана ісін бізге тастауға болмайды. Атадан бізге киелі орын мұраға қалды. Оған иелік етіп, көрік басып, балға ұрып, төс соғу ендігі біздің қолымызда, – дейді ұстаның ұлы.
Ұсталық өнер кез келген жанға бұйыра бермейтін киелі іс. Ал атадан қалған сара жолды ұрпақтары жалғап, темірді түюі бір ғанибет.
Түйін
Ұстахана іші ескілікті жаңғыртып тұрғандай. Баяғының құрал-саймандары. Сол қалпы. Ал көріктің қызуы әлі басылмаған. Өткенге, тарихқа бір сүңгігендей болдық. Киелі жердің керемет әсерін алған біз қол бұлғап, өз жөнімізбен кете бардық.
Айнұр ӘЛИ
20 наурыз 2021 ж. 926 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 304

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 401

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930