» » Қоғамдық көлік жандана түсті немесе маршруттағы бір күн

Қоғамдық көлік жандана түсті немесе маршруттағы бір күн


Әні-міне дегенше көпшілік көтерген қоғамдық көлік мәселесі шешімін тапты. Бұл – жыл соңында бізге берілген үлкен сый. Өйткені таксиге мінуге күнделікті қалтасы көтермейтіндер осы мәселенің тіні тарқаса деп үміттенген-ді. Үміт ақталды. Ал кенттегі қоғамдық көліктің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Аялдамаға шығып, нөмірі 1-ші қоғамдық көліктің орындығына жайғастық.
Сағат таңғы 10.00. Көшербаев көшесінен мінген біз көлік тізгіндеген жас жігітке мән-жайды айттық. Келісе кеткен ол бұл репортажымызға қуана кетті. Ә дегеннен мінезі жайдары жан күнделікті тіршілігін әрі қарай жалғады.
– Газель алғалы 1 жарым айдың жүзі болды. Күнделікті таңғы 8.10-нан бастап кешкі 17.30-ға дейін 8 айналым жасап қатынаймын. Өзім бала күннен техникаға жақын болған соң осы саланы таңдадым. Неге кәсіп ашып, тұрғындар көтерген мәселені қолға алмасқа, неге жұртшылыққа пайдамызды тигізбеске деген ой келді. Солай нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 4 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, осы тұлпарымды сатып алдым. Қазір тұрғындар бірте-бірте үйреніседі деген үмітте жүрміз. Бірақ көбі такси қызметіне үйренген ғой, – деді Бекболат Қараманов.
Рас, осымен екі аялдама жүрдік. Көшеде әрлі-берлі жүрген адам қарасы көп болғанымен маршрутты күткені аз.
– Адамдар түскі үзіліс пен кешке қайтарда мінеді. Былайынша уақытта осылай аз адаммен айналым жасай береміз. Арғы бетке, Мөлтек ықшам ауданынан өтіп қайта бері келемін дегенше 40-45 минуттай уақыт кетеді. Осы кент ішінде екінші маршрут бар. Қазір осы екі қоғамдық көлік тұрғындарға қалтқысыз қызмет етуде, – деді есік қасында отырған кондуктор Айткүл Әбдібаева.
Ұзақ әңгімеден соң сағаттың қалай 11.00 болғанын аңғармай қалыппыз. Кезекті аялдамадан бірлі-жарым тұрғындар отыра бастады. Ал қоғамдық көлік тоқтаусыз жүйткіп келеді.
12.00. Мөлтек ықшам ауданы. Сәдібек Айекенов көшесімен жүріп келеміз. Манағыдай емес, жүріс де баяулаған. Кедір-бұдырдан селкілдей жүрген бізді 9 минутта тегіс жолға әрең шығарды. Уақыттың көп кететіні де осы жер. Ал тұрғындар маршрутты 10 минуттан әрі күтуге ниетті емес. Себебі жүйткіген таксилердің қарасы қалың. Бағыт бойынша келесі аялдамаға тоқтадық. Жүзі жылы келіншек мінді. Күле отырған ол нәзік үнмен «не болып жатыр?» деп сұрады. Қоғамдық көліктегі бір күнімізді баяндап едік, жүзі одан әрі нұрлана түсті.
– Үй мен жұмыстың арасы алыс. Бір айлықпен өмір сүрген соң қаржыны үнемдеу маңызды. Күнделікті таксиге кеткен шығынға қарағанда қоғамдық көлікпен жүрген әлдеқайда тиімді. Осы маршруттың жүре бастағанын естіп, қуанғандардың бірі мен болдым. Өзіме ыңғайлы, бастысы тоқтаусыз қатынап жүр, – дейді кент тұрғыны Динара Ибраева.
Тұрғындардан естіген жылы лебізге біз де марқайдық. Көптен күткен үміттің ақталғаны да осы шығар дестік. Кенет ойымызды Бекболат Алмасбайұлының сөзі бөліп жіберді.
– Маршрутта қатынау бағасы балалар үшін 30 теңге болса, үлкендерге 70 теңге. Күнделікті 50 шақты адамға қызмет көрсетеміз. Өздеріңіз көргендей тұрғындар әлі үйреніспеді. Кеткен шығынымызды өтеу қиындау болып тұр. Мемлекеттен субсидия бөлінсе немесе көліктің құрал-саймандары, болмаса жағармайымызды алуға қол ұшын созса деген ниетіміз бар, – деді ол бәсең дауыспен.
Ойға қалдық. Расымен көше бойы жүйткіп жүрген таксиге үйренген көпшілік маршрутты аялдамада күтіп тұруға қауқарсыз. Күнделікті үйренгенімен жылдам келетін қызметке жол бойы тоқтатып отырып кете береді...
...Ал біз келе жатқан көлік әр аялдамада тұрған тұрғынға сигналын басып әлек. Алайда мінгені бірлі-жарым. Аялдамадан-аялдамаға өтіп, жүйткіп жүргенімізде сағат тілі 17.00-ді көрсетті. Бағытымыз жақындады. Түсіп, жас жігіттің жаңа кәсібіне сәттілік тіледік. Ол да газелін оталдырып, басын изей өз жөнімен кете барды.
Айнұр ӘЛИ
26 желтоқсан 2020 ж. 1 058 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031