» » Мезгіл мәселесі: қоғамдық көлік қажет-ақ

Мезгіл мәселесі: қоғамдық көлік қажет-ақ

    «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, ауданда қоғамдық көлік мәселесі бүгінде толықтай шешімін таппай тұр. Қоғам бар жерде көлік мәселесінің туындауы таңсық емес. Соңғы жылдары кент аумағы кеңейіп, мөлтек аудан қосылды. Сол мөлтектен жаңа мектеп салынды. Адам саны мен тұрғын жайдың көбейгені жақсы ғой, әрине. Десе де бұл жағдай қоғамдық көлікке деген сұранысты арттыра түсуде. Мектеп оқушыларына арналған автобус болғанымен, ұстаздар мен өзге де қызметкерлер амалсыздан такси қызметін пайдалануға мәжбүр. Бірақ күнкөрістің қамымен жан бағып жүрген әрбір адамның күнделікті таксимен жүруге жағдайы жете бермейді. Одан бөлек, мөлтек аудан тұрғындарының орталыққа қатынауы да қиындық тудырады. Алайда, осы қатынас көлігі туралы түйін шешілмеуде. Бұл қызмет түрінің түйткілді мәселеге айналуына не себеп? Оның себебін зерделеп көрсек.
      Біріншіден, нарықтық бәсекеде такси қызметінің асығы алшысынан түсуде. Сондықтан маршруттар шығынды ақтамайды.
      Екіншіден, аудан көлемінде бел шешіп кірісетін кәсіпкердің табылмауы. Егер кәсіпкер табылса, аудан әкімдігі қолдауға қашанда дайын екендігін айтуда.
    Бұл туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы қызметі міндетін уақытша атқарушы Дәулет Мақсұтбековпен тілдескен едік.
    – Бүгінде аудандағы қоғамдық көлік мәселесі өзекті. Осы күнге дейін «Жұмабекова» атына тіркелген жеке кәсіпкер жұмыс істеп келді. Онда 3 газель автокөлігі бар. Оның біреуі жарамсыз. Ал қалған екі көлік аздық етуде. Негізі ауданды қоғамдық көлікпен уақытылы әрі қажетті бағыттармен толықтай қамтамасыз ету үшін 6-7 газель автокөлігі қажет. Осы кәсіпті жүргізе аламын, кәсіптің нәсібін көремін деген жанға жан-жақты қолдау көрсетіп, көмек беруге дайынбыз, – дейді ол.
    Ал тұрғындарды қоғамдық көліктің жай-күйі алаңдатады. Әрбір жиналыста олар қоғамдық көлікке зәру екендігін жеткізеді. Қарапайым отбасы мүшесі ауруханаға тексерілуге барады делік. Оған такси қызметі орталықтан болса – 200-300 теңгені, ал шет орналасқан немесе мөлтек ауданнан болса 300-500 теңгені құрайды. Мөлтек ауданда тұратын кісі шамамен 800 теңгеге ауруханаға барып келсе, қоғамдық көлікпен 140 теңге болатын еді. Сонда 660 теңгені үнемдеп, өзге қажетіне жаратпас па?! Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.
    – Бізге қоғамдық көлік қажет-ақ. Мен орталықта жұмыс істеймін. Мөлтекте тұратын болғандықтан жұмысыма күнделікті таксимен барып келу, тіпті такси табудың өзі қиындық тудырады. Уақыты таңғы 7-мен кешкі 8-дің арасы болса, тіпті қолайлы. Көптеген тұрғын маршруттың тұрақты тұтынушысы болып, еш қиындықсыз, қажетті жеріне барар еді, – дейді кент тұрғыны Г.Ибраева
Мұнан бөлек, маршрут мәселесін қолдайтындар, мектеп оқушылары мен зейнет жасындағы үлкендер. Оқушылар қосымша үйірмеге барса, үлкендер базарға, қонаққа, ауруханаға қатынауда.
    – Осыдан он шақты жыл бұрын 2 бағытта жүретін газель бар еді. Көбінесе соған мінетінбіз. Ол кезде қазіргідей такси қызметі бірен-саран ғана. Мен зейнеткер болғандықтан көп жағдайда үйден шыға бермеймін. Қажеттілік туындағанда таксиге қарағанда қоғамдық көлікпен жүргім келеді. Себебі, дос-жаран, тамыр-танысыңды көріп дидарласуға бір себеп. Қажетті жеріңе дейін жолсерікпен әңгімелесіп отырғанға не жетсін!, – дейді зейнеткер С.Тынымбаева.
     Кент көшелерінде әдемі аялдамалар да орнатылған. Үздіксіз жүретін көлік болса, тұрғындар оның қызметін пайдалануға, кәсіп қыламын дегенге тиісті мекеме қолдау көрсетуге, яғни субсидия бөлуге дайын. Өз жағдайымызды өзіміз жасамасақ, өзге келіп бізге жасап бере ме? Кімді, нені күтеміз? Тапшылықты болдырмау үшін талпыныс жасайтын кәсіпкердің табылмағаны ма?

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)







14 ақпан 2020 ж. 1 257 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031