» » Таңба басу да бір өнер

Таңба басу да бір өнер

– Әй, болсаңдаршы. Немене бір кесе шайларыңды екі күн ішесіңдер ме?
Таңнан бері оразасын ашпаған ұлдарын ағам осылай үйден қуып шықты. Өзі ерте тұрып алса өзгелерге тыныштық бермейтін әдеті бар. Қапылып жатқан жұмыс жоқ. Десе де бүгін атқарар жұмыс ауқымды. Анау жайлауда жүрген жылқыларды түнімен ұлдары айдап келіп қораға қамапты. Соларға бүгін таңба баспақ. Қазір ұры-қары көбейіп тұр ғой. Енсіз жүрген жылқыңды қолды етуден тайынар емес. Оның үстіне бірінің жылқысы өзгенің үйіріне қосылып кетіп жатқан көрінеді. Соның алдын алмақ.
Үйден ентелей етігін сіресінен басқан күйі кенже ұлы Нәкөш жолай жүре киініп, қораға қарай беттеді. Артынан үлкен баласы аузындағы нанын шайнаңдап, күннің көзіне бетін тосып тамның қабырғасына сүйене кетті. Көпәйкесінің екі жеңін шатастыра қолын тыққыштай әрең киді. Сірә, түнімен жылқы айдаймын деп әбден шаршап қалған-ау. Қасынан өткен ағам да қатты сөзімен қамшылап қояды. «Болыңдаршы. Күн болса тас төбеге шықты. Мына жүрістеріңмен дым да бітіре алмаймыз. Қазір-ақ күн батады. Арқан, құралдарды ала кел» дегенімен қоймай әлі сөйлеп жүр.
Қорада жүрген жылқылар Нәкөштің ебелеңдеген жүрісіне үрке қарап, бір бұрышқа жинала кетті. Бастырықтың төбесінен ұзын құрық таяғын суырып шығарып, басына арқанды байлады. «Қане дайынсыңдар ма?» деді әкесі мен ағасына сене қарап. «Анау қоңыр жылқыны ұста» деді ағам ішіндегі жасын көрсетіп. Мен аң таңмын. Мына бала жылқыны өзі құлатпақшы ма? Сөйттімдағы ағама қарап: «Ағасы, кенже ұлыңызға құрықты шынымен беріп тұрсыз ба?» дедім оған сенбеген күй танытып. «Асықпа, қазір көресің» деді мақтанған ағам. Ұзын құрықты алға созған Нәкөш аттарға қарай жақындады. Олар да бір нәрсенің боларын сезгендей орындарынан тыпырлай қашты. «Ұста! Болсаңшы тез» деп ағам мына жақтан жылқылардың басын кері қайтарды. Арғы бұрыштан үлкен ұлы Қайрат та екі қолын санына ұрып үркітіп қайтарып тұр. Ілінді. Әп бәрекелді. Жұлқынған құнажынды ортадағы үлкен ұзын бағанға тартып байлап ұстап тұр. «Қане, жық енді» деді арқанды кере тартқан ағам. Нәкөштің мұндай өнерінің барын қайдан білейін. Аттың басын қысып ұстап, мойнын қайыра жантайлатып келіп құлатты. Әй, жарайсың! «Жылқышымысың» деген. Қарап жүрмей ағам қолқанатын әбден үйреткен екен.
Жығылған жылқының төрт аяғын байлап, іске кірісті. Қарап тұрсам, мен ойлаған таңба басу өзгешелеу. Мен білсем бұрын темір таңбаны отқа қыздырып, аттың жамбасына басатын. Сөйтіп бейшара жылқыны біраз ышқындырып қинайтыны бар. Ол кейін жараға айналып біраз қиналып жүретін әйтеуір. Ал мына әдіс тым бөлек. Аттың түгін қиып, орнын тықырлап тастады. Содан әлгі үлкен ыдыстың ішінен мұздай қырау басқан таңбаны шығарды. Ыдыстың ішіндегі суыққа қолыңды батырсаң үсіріп жібереді енді. Сөйтіп суық таңбаны жылқының жамбасына басты келіп. «Ал жүзге дейін санаңдар» деді ағам. Іштей санай кеттік. Темір таңбаға күйгендей теріден бу шыға бас­тады. Жылқыда үн жоқ, ышқыну да жоқ. Ол байғұс та «не болып жатыр» дегендей басын көтеріп қояды. «Жүз, болды» деді Қайрат шыдамсыздана. Расымен әлгі суық таңба теріні үсіріп жіберіпті. «Бұл қалай көрінеді» дедім таңдана сұрап. «Үсіп қалған теріден жылқының өз түсінен бөлек аппақ түк өсіп шығады» деді ағам. Жылқы бақпағасын білмейміз ғой. Әйтпесе болмашыға таңданатындай не көрініпті. Ара-тұра көрген кезде қызығушылығымыз оянып, жалын тартып қоятынымыз бар енді. Дегенмен технологияның дамыған мына түрі жануарға жақсы дүние екен. Жанын қинамайды.
«Нәкөш, жарайсың! Ағаңды бір өнеріңмен таңқалдырдың. Сені әлі күнге дейін кішкентай бала көріппін»...

Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
09 ақпан 2021 ж. 806 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031