» » Ит неге ұлиды?

Ит неге ұлиды?

Шырт ұйқыда жатқан мені әкемнің зіл қаққан дауысы мен есікті тарс жапқаны оятып жіберді. Артынан шешемнің «басыңа көрінгір неме» деп кейігені түсініксіз ойға қалдырды.
– Тыныштық па? Не болып жатыр?, – дедім мен.
– Өй, ана жер тартқыр итің ұлитын әдетті шығарыпты. Құрт әрі немені, – деп базын айтқан анамның үніне есімді жиып алдым. Ала төбетім ғой тентектік шығарып жүрген. Қораға ит етіп ұстап жүргеніме көп бола қойған жоқ. Өзім пәлен жылдан бері қайта асырап тұрғаным. Соңғы бір-екі жылда үйге ұры-қары түскендер көбейіп кетті ғой. Иті жоқ үйлерге түсіп, алтын ақшаларын қолды етіп, тайраңдап жүр. Осындайларға сес көрсетсін деп менде біреуін қорама байлап қойған түрім. Әйтеуір келген-кеткенге үріп, кіргізбей белгі беріп тұрады. Онысына шүкір. Бірақ соңғы уақытта ұлитыны құлаққа түрпідей тиюде. Түнде телефонымның оятқышына тұрмасам да осы қақбас иттің ұлыған ащы дауысына еріксіз оянып кетемін. Неге бұлай ұлитынын ұқпадым. Сарайдың қабырғасына іліп қойған қамшым бар. Түнде мазаны алғанда қасына барып «басыңа көрінсін» деп сабап қайтам. Қазір қамшымды көрсе басын бұғып, үйшігіне кіріп кетеді. Сонда да сол әдетін қояр емес. Ол аздай іргелес екі көршімнің иті қосылып ұлитынды шығарды. Кейде қоңсыласымның келіп «осы сенің итің-ау деймін түнімен концерт қоятын, құрсын атып тастамайсың ба?» деп шағымын білдіріп жатады. Онысын да түсінемін. Бірақ үй қорыған төбетімді өлімге қалай қиясыз? Дегенмен «ит неге ұлиды?» деген сұрақ санамнан кетер емес.
Әдетте қазақ атам иттің ұлығанын жаман ырымға балап жатады. Себебі бір бәлекеттің боларын немесе аурудың келуін сезгеннен «жағы қарыссын» болмаса «өзімен кетсін» деп жаман тілегін айтып отырған. Одан бөлек, иттің арғы тегі қасқыр тұқымынан тарағандықтан ұлу олар үшін басқа тұқымдастармен байланысудың түрі саналады.
Кейде мынадай бір жайтқа куә болып жатамыз. Мешітте азан шақырған уақытта қорадағы төбеттің қосылып ұлығанын көреміз. Басында таңқалғанымыз бар. Ислам дінінде мұның бір себебін былай көрсетеді. Азан шақырылғанда шайтанның қашып бара жатқанын ит көреді дейді. Сол кезде ұлып белгі береді-мыс. Тағы бір хадисте иттің ұлып, есектің ақырып, шошқаның шыңғырғаны тозақтан шыққан ащы жан дауыстарды естиді деген. Оны тек хайуан ғана сезсе керек. Ал кейде ішінара дыбыс шығарып, қылық көрсеткенін көңіл күйіне де байланысты ма деген де ой келеді. Себебі, оларда адам секілді түрлі себепке тап болып жататыны бар. "Ит адамның досы" деп бекер айтпаса керек. Өйткені сендегі түрлі эмоцияны ит екеш итте сезіп тұрады. Кейде төбетің аш болса да онысын білдіріп жатады. Қайбір күні үлкен кісінің келіп маған айтқаны есімде қалыпты. Ол кісімен әңгімелесіп тұрғанымда итім ұлымасы бар ма? «Осыны ұрсамда қояр емес әдетін» деген ем, «Итті ұрма, білесің бе неге ұлитынын? Оған бір нәрсе жетіспейді, қарны аш болса да солай жасайды» деп жанашырлығын жеткізді. Рас-ау, кейде мән бермей, көңіл бөлмей кететініміз бар ғой. Өзіміз тоқ бола тұрып, төрт аяқтыға неге үрмейді, неге ұли береді? деп кінә тағатынымыздың бір сыры осында ма деп қаласың. Кейде иттің ұлығаны жаман нәрсені жолатпайды деген де пікір бар. Осыған қатысты аңыз әңгіме де айтылған.
Бір кісінің иті күніге ұлып мазаны алыпты. Жаманшылыққа балаған үй иесі итін қарғап, алысқа қуып жіберіпті. Иті сонда да ұлуын тоқтатпаса керек. Бір күні әлгі үйге бір диуана қайыр сұрап келсе, жеті теңгесін қолына ұстатып теріс бұрылыпты. Кетіп бара жатқан кісіні диуана тоқтатып: «Аспанға қарашы» депті. Қараса, қап-қара қорқынышты бейне өзіне төніп келе жатқанын, ал соны иттің ұлып жақындатпай тұрғанын көреді. Онымен қоса, өзінің берген жеті теңгесі қара нәрсені қуалап кете барыпты. Міне, осыдан кейін ит те ұлуын қойыпты дейді-мыс.
Иә, біз білмейтін неше түрлі жайттар көп қой. Әйтсе де мұндай құпияның жауабы тек өзіне мәлім күйінде қалмақ.


Ерсін СӘДУҰЛЫ

30 қазан 2020 ж. 7 047 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031