» » » Құстар қайтып барады...

Құстар қайтып барады...

Күнде ойынның қызығына тоймайтын Қайыржан бүгін үйге ерте қайтты. Ойында сақталған атасының «менімен ертең қой кезекке барсаң саған жайлауды көрсетемін» деген сөзі ертеңгі күнге қамдануды меңзегендей. Биыл ол бірінші сыныпқа қабылданды. Десе де жалқауланып, мектепке бармаудың амалын жасап, қиқарлық салып жүрген. Немересінің бұл қылығын еркелікке балаған атасы өзімен бірге жайылымға алып шығып, кең даланың тыныс-тіршілігін таныстыруды жөн көрді.
Таң сыз бере Қайыржан атасынан қалып қоярдай ерте тұрып алды. Күнде анасымен ұйықтайтын ол, түнде «ата бүгін сенің қасыңа жатамын» деп жанына жайғасқан. Ұйқыдан тұра сала тысқа шығып, үйге жапсарластыра салынған сәкіге сүйкене жылжып отыра кетті. Екі көзін уқалап, пеш түбіндегі жалқау мысықтай ұзақ керілді. Таңның қоңыр салқыны бүгін ерекше ызғарланып тұр. Күн райы да күндегісінен өзгеріп, аспан жартылай күңіреніп алған. Манадан ұйқысын аша алмай отырған Қайыр бала бойы қалш-қалш етіп есін тез жиып алды. Қорадан атты дайындап ерттеп шыққан атасы немересінің түрін көріп «Судан шыққан қозыдай дірілдеп, мына отырысың не, балам-ау. Мені кетіп қалады деп қорықтың ба? Қалыңдау киім ал, күн салқын бүгін. Жүр, бой жылытып шай ішіп алайық, сосын шығамыз» деді Бектемір ақсақал мына көрініске күліп.
Ауылдың бар қой-ешкісін айдап екеуі соңынан шықты. Жамыраған үш жүздей мал қырдың етегіне қарай бет түзеген. Саржұрттанып оты қашқан жайлауға маңырағандар тоқтамай жүріп келеді. Аттың үстінде атасының алдына отырып алған немересі «шік-әй, шік» деп дауысын шығарып қояды. Бүгінде алты жасар Қайыржан жасына жетпесе де әжептеуір қолқанат болып қалған. Аратұра кешқұрым мал өрістен келер уақытта атасына ілесіп қойдың алдынан шығып, қара болып үйге қарай қайырысатын. Бектемір ақсақал да қаршадай немересін ызғарлы салқынға тоңдырып, шаршатып алмасам жарар еді дегендей әлсін-әлсін «тоңбадың ба, әй?» деп сұрап қояды. Бала шіркін ат үстінде жүргенге мәз болып «жоқ, ата» деп жауап беруде. Екеуі осылайша жайдақ жүріспен ауылдан ұзап та кетті. Мал екеш мал да күндегі жолға үйренсе керек, еңіске қарай шыңдатып бір тынбастан өріп келеді. Азанғы уақытта батыс жақтан жылжып, аспанды жартылай жапқан күңгір бұлт лезде-ақ қанатын жайып, тұтасып кетті. Бағанадан бері даланың жайын бақылап келе жатқан Бектемір «балам, екеуміз қой бағамыз деп жүргенде жауынның астында қалып қоймасақ болар еді» деп үнсіз немересін сөзге тартты.
– Неге ата?
– Енді күздің уақыты солай ғой, қашанғы жаз болсын, – деді атасы немересіне ақылмен әңгімесін бастап.
– Айтпақшы, шешең сені мектепке барғысы келмей жүр дей ме? Немене, сабақ оқығың келмей ме, а?
– Иә, ата, мектепке барсам ойнай алмай қаламын, апай да ұрыса береді, – деді қабағын түйе Қайыржан.
– Ә-ә, жүгермек, олай болмайды, – деді атасы немересінің еркелігіне күліп.
Әңгіменің ауанымен бұлар жайлауға да жетіп қалған. Қой-ешкілерді еркіне қоя беріп, төңіректі бір айналып қарап шықты. Анадай төбенің басына қойылған ескі «Зилдың» кабинасына жақындап тоқтады. Қайбір жылдары ауылдың малшылары күн ыстықта көлеңке, жаңбырда пана болсын деп қаусаған темірді әкелген болатын. Алыстан малды бақылап отыруға әдейі төбенің басына ыңғайлап та қойған. Аттан түсіп, қазығын шөпті жерге қадады. Ұзын шылбырын байлап, жайылуға қоя берді. Жаңбыр жауып кете ме деп кабинаға жайғасты. Мұндай кең далаға бірінші рет шыққан Қайыржан айналаға ұзақ зер салды. Ойынның баласы емес пе? Бір орнында тыпыршып тұра алмады. Төбенің басынан төмен қарай жүгіргісі келді. Бірақ мұндай жерге үйренбеген ол атасының қасынан ұзай алмады.
– Кел, Кәкөш, әңгімемізді жалғастырайық, – деді атасы шақырып. – Сенің мектепке барғым келмейді дегенің жарамайды. Қатарластарың сөмкесін арқалап сабақ оқып жүргенде, сен ойын қуып жүре бермекшісің бе? Ана өзіңдей Боранбайдың немересінен қай жерің кем. Күнде атасынан «сағат неше болды, сабақтан қалып қоямын» деп жылайды екен. Сенде сондай болсайшы, – деді ақылға шақырып.
Қайыржан атасына жантайып жатып, ерні шүртейген күйі тыңдап отыр.
– Ата, онда мектепке өзің апаршы, – деді еркелей.
– Әй, сол да сөз болып па, құлыным? Апарамын. Сен тыңда, әр нәрсенің өз реті, өз уақыты болады балам. Мысалы жаз бітсе, артынан күз келеді. Жазда армансыз ойнасаң, күзде сабаққа баруың керек. Мектепті жақсыға оқып, оқуға түсуің тағы бар. Ойынға уақыт табылар. Қорадағы малдың өзі азанда өріске шығуға асықса, кешке қайтуға қамданады. Әне, анау құстардың өзі күз келісімен жылы жаққа ұшып барады, – деп аспанға қолын меңзеді.
Мына көріністі алғаш көрген Қайыр бала құстарға көз алмай ұзақ қарады. Бірінің артына бірі тізбектей ұшқан тырналар үшбұрыш жасап қалықтап барады. Әсем көріністі тамашалаған ол, күздің осылай тез келіп қалғанын байқамады.
– Ата-ау, сонда бұлар қайтып келе ме? – деді сұрағын төтесінен.
– Әрине келеді. Жаз бойы балапандарын қанаттандырып, күзде күн суытысымен жылы жаққа алып кетеді де, көктемде қайта ұшып келеді. Бұл табиғат заңдылығы. Сен де өстің, сүндеттелдің, енді мектепке баруың керек, – деді ақылын жеткізген Бектемір ақсақал.
Бала Қайыржанның көңілінде әлдебір қимастық сезілгендей құстарға қарайлаумен қалды. Салқын күннің ызғары да жауратып барады. Аспаннан сіркіреген жаңбыр тамшысы күздің нағыз кейпін осылай сипаттады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
22 қыркүйек 2020 ж. 1 655 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031