КҮЛІС


Соғыстан кейінгі ел есін жинай бастаған алпысыншы жылдардың бас кезі болса керек. Күн сәскеге жақындаған тұста Жәкең үй алдына шықса бірге ішіп, бірге жеп, үйме-үй көрші отырған жақын інілерінің бірінің ауласына екі жігіт ат байлап жатыр екен. Аттарын да, өздерін де таниды, соғыс жылдары туған ауылдың кейінгі буын жастары. Үй алдындағы тіршілікпен айналысып жүрген адамша кәкір-шүкір бірдеңе істей жүріп көз салса әлгі үйге тағы бір екі-үш жігіттің кіріп бара жатқанын байқайды.
– Күліс қой, – деп ойлайды бұл. Қазірдің өзінде бір қолдық болып қалдыңдар. Шамалыдан соң барып орталарыңа бір кірсем, ет піскенше шыдар ма екенсіңдер, – деп алақанына түкіріп-түкіріп те қояды.
Өзінен кейінгілердің үйіне шақырусыз бара бермейтін кез. Бір баланы, болмаса келінді жіберіп, шақыртар деген үмітпен үш сом, бес сомдықтарын даярлап, үйге кіріп-шығысы көбейгенмен інісінің үйінен хабар болмады.
Уақыт болса өтіп барады. Әне мұ­ржадан сыздықтай шығып жатқан түтін бұрқ ете қалып, қоюлай көтерілді де біршама уақыт бойы басыла қоймады. Бұл еті піскен қазанға салынған қамырды қайнатып алу үшін пешке салынған шеңгелдің түтіні екенін сезіп-ақ тұр­ғанмен қылқан кескендей жастардың алдында қадірін түсіргісі келмеген Жәкең үйге кіріп кетті.
Кіріп кетті дегенің болмаса, байыз тауып отыра беретін мінез тағы жоқ еді бұл кісіде. Әлден уақытта әлденені іздеген болып әлгі үйдің тұсынан өтіп бара жатты да, бірдеңе есіне түскендей кілт бұрылып барып інісінің есігін ашты. Дәлізге кіріп аз-мұз тың тыңдап түрса:
–  Бәке, мен бір шықтым.
–  Мен де бардым.
–  Жоқ, Сәке, сізге мерлік келмейді, – деген сияқты сөздермен түсіріліп жатқан тамаққа да қарамастан ойынның қызығына түскен жастардың ду-дуы басыла қоймаған екен.
–  Не де болса, – деп есікті ашып қалып, бір аттаған Жәкең:
– Ассалаума ағаләйкум!  – сауқат­таса­ды да, ізінше:
– Өй, «Бәке», «Бәке» – дегенге Бай­тұрған бар екен десем, «Сәке», «Сәке» –   дегенге Саржан отыр екен десем, сендер ме едіңдер, енеңді ұрайындар... –  деп шы­ғуға ыңғайланған сыңай танытса керек.
Ауылға белгілі екі ақсақалды арқа тұтып кірген Жәкең – «Ойбай, Жәке, отырыңыз» деген жастардың қошемет, кеу-кеуімен «бұйырған» тамақтан дәм татып, күлістің де ағын ақтап, қарасын қаралап кешке бір-ақ қайтқан екен...

Шегебай Құндақбаев.
22 қаңтар 2019 ж. 3 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031