» » Ерлерде еркелік пайда болған ба?

Ерлерде еркелік пайда болған ба?


«Біздің елдің жігіттері, жігіттердің төресі» деген еді Есенқұл Жақыпбек. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін қағып түсетін, қарсыласқанның басын алып түсетін, мысықтілеу түлкі қоғамда да жігіттігінен танбап еді, ә?! Бір жігіттің басына іс түскенде мың жігіт қалқан боп тұратын қазақ едік. Қайда кетіп барамыз? Еркелерін алақанда аялап, сұлуларын сыртқа ұзатпайтын қасқыр мінез қайсарлардың өзінде еркелік пайда болған сыңайлы.
«...Сонау күні автобустың ішіне аяғы ауыр келіншек мінген. Маған қарай аяңдап келе жатты, жете қоймады. Жолда егде тартқан қарт кісі қасындағы отыздан асқан ер жігітке «орын бер» деген болу керек. Әлгіміз «аяғы ауыр болса, баланы салған мен емес. Не қатысым бар» деп қойып қалды. «Сенген сиырым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» депті бір көкем. Арнайылап шақырып орын ұсындым, жайғасып жатып алғысын айтты. Айналайын-ау, қазақтың қара домалағын өмірге әкелер аяулы қыз-келіншектерді еркелетпегенде кімді еркелетпексің? Мына өмірге кімге қалқан болуға келдің? Осыны түйсінетін кез келді ғой», – деп бастады әңгімесін жолсерігім Сұлушаш апай.
Кәдімгідей ойланып қалдым. Ешкімге, ештеңеге таң қалмайтын болғанымыз соншалық, осындай ой салар көріністі де жанарымыздың жанынан жай ғана сырғытып жіберіп, жадымызға бағыттамайтын болыппыз. Ақыл айтатын адам көп-ау, тыңдайтын, түбінде іс қылатын пенде болмаса қайтпексің? Автобус ішінде әрбірі әр нәрсені әңгімелеп, екеуара шүйіркелесе кеткен. Тіпті, бірінің ешкімде шаруасы жоқ. Құлаққапты жапсырып ап, үнсіз әуен тыңдаған күйі қалғып кеткен.
– Әкеңнен таяқ жеп, тәрбиесін алып көріп пе ең? – деді ойымды бұзған Сұлушаш апай.
– Қамшының астында тәрбие көріп, өсіп ек, – дедім жай ғана жымиып.
Ауыл баласының әр таңы еңбекпен атады. Кейде сол еңбектен қашып, балалық қылып, қас қарайғанда бір-ақ төбе көрсетуші ек... Сонда бағылмай қой қалады, сиыр төлінен ажырамай, әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді дегеннің кері келген. Иә, ол да әкенің қату қабағынан-ақ айтарын ұғып, түзу жолды бағыт қып алған кез еді...
...Автобус аялдамаға тоқтады. Екі дорбасын қолға ұстаған келіншек тырбаңдап есіктен түсе алмай жатыр. Кондуктор:
– Бір-бірлеп тасысаңшы, күтеміз ғой, – деп қарап тұр.
Жанымдағы кісі шыдамады, білем.
– Әй, бала. Тырбаңдап жатқанын көріп тұрсың. Бір дорбаны қолыңа ұстап ала түссең қайтеді?! – деген.
– Менің денсаулығым жарамайды. Сосын менің қызметім – тек жолақыны жинау, – деді де әлгі келіншекті түсіріп, қайта орнына жайғаса кетті.
Ақша жинаушының шалбары төмен түсіп, жарты жамбасы сығалап тұр. Артында отырған бір-екі жасөспірім қыз оны көріп, сықылықтап күледі. Ара-тұра сағызын шайнап, ыржиған жігіт қыздарға көз қырын сап қояды. Ойы белгілі. Деңгей-дәрмені де байқалып тұр. Жүргізуші ағасы көрінеді.
– Жақсы айттың. «Тәк держать», – деді оған қарап. Берген үлгі, айтқан ақылының түрі ғой. Не дерсіз? Сәті түсе қалса, қарындасынан да кіші әлгі жасөспірім қыздармен көңіл көтеруге кет әрі емес. Тіпті, ыңғайлауға інісін жұмсауға дейін барады. Сонда бізден ұят кеткен бе?
Бұл бір ғана адамның басындағы тұтас қоғамның кейпі. «Бір ғана адамның болмыс-бітімі, жүріс-тұрысы арқылы қоғамға баға бергенің қалай» дерсіз, бәлкім? Ерлерде пайда болған еркелік синдромының емі не болмақ сонда? Бірі – өз қандасын тепкілеп жатыр, қара көзі мөлдіреген жеткіншектің тағдырына балта шабуда, тағы бірі – бір үйдің шолжаң қызының қылығын көтеріп, ата-анасын қарттар үйіне өткізеді. Шақшадай бастың шарадай болатындайы бар, сонда қазақ жігіттері кімге қалқан болып жүр?! Ойланарлық жағдай. Салғыласудан алдына жан салмай, қолдың емес, тілдің күшіне еріп кеткендерді көріп, кәдімгідей қынжыласың.
Түйін.
Автобус тоқтап, жолаушылар жан-жаққа беттеді. Әлгі оқиғаны қасымдағы кісі күтіп алған құрбысына айтып жатыр. Құрбысы: «Өткенде таксист кісіге, ағай қолымда балам бар, мына затымды екінші қабатқа жеткізіп беріңізші дедім. Ал, ол болса, үстіне тағы қоссаңшы, сосын жеткіземін деді. Ашуланып баланы да, затты да көтере кеттім» деді күліп. Мен үнсіз жерге қарадым. Сіз не істер едіңіз, оқырман?!
Аян СПАНДИЯР.
08 тамыз 2018 ж. 1 978 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031