» » » Дәрігерге бардың ба, сүндетжейде кидің бе?

Дәрігерге бардың ба, сүндетжейде кидің бе?

Есік алдына тежегіші шиқылдай тоқтаған қара көлік, құмда ойнап отырған бала Қайыржанның көңілін селт еткізді. Өкпесін сүйретіп дарылдап келген ескі жигули, түшкіріп пысқырып, артынан қара түтінін атып жіберіп әрең өшті. Бұрқыратып тоқтаған шаңының арасынан көлік иесі есігін итеріп ашып, шаңға ілескен қара түтінге өкпесі сырылдай қатты жөтелді. Бағанадан бері алыстан бажайлап отырған балақай «мына аға біздің үйге келіп тұр ма?» дегендей жақтырмай қарады. Арқадан шыққан мұздай тер, тұла бойын шымырлатып үрейлетпесі бар ма? Дереу орнынан атып тұрып пішен қораға қарай жүгірді.

Әлгі келген кісіні бүкіл ауыл баласы танып алған. Өйткені жылда ауданнан арнайы келіп балаларды сүндеттейді. Құрғыр қара жигулиі де салдырағанымен қоймай мініске әлі жарап жүр. Құдды иесінің зейнетке шыққанын күтіп жүргендей. Ауылдың балалары қара мәшине мен оның жүргізушісінің әжім басқан қара сұсты жүзін көргеннен үйлеріне тым-тырықай қашатын. Қайыржан да бүгін сол қорқынышты түрді танығанның бірі. Алдында атасы шай үстінде «менің немеремнің мұсылман болатын уақыты келді, ана әпшуді молда ма, дәрігер ме соған кестіртейік» деп айтып отырған. Сол сөзі есіне түсіп жылай бастады. Сәлден соң үй жақтан «әй Кәкөш, балам, қайдасың?» деген дауыс естілді. Ауланы түгел қарап, қора жаққа келген атасы пішеннің арасында жылап отырған немересін көріп, «сен мындамысың? Жылаған несі әй?! Немене, денеңнен бір бармақтай етіңді қимайсың ба? Қой жылама, ертең саған велосипед алып беремін» деп күліп жұбатты. Атасының бұл сөзіне алдарқана ол үйге кіріп, жатын бөлмеде арнайы дайындап жайып қойған бөстек көрпешеге шалқалай жатты. Бүкіл балаға қорқынышты көрінетін әлгі дәрігер балақайға күлімдей қарап: «қорықпа балам, ауыртпаймын» деп уәдесін берді. Әуелгі де кішкене ауырсынған Қайыржан, кейін қалай тезірек сүндеттелгенін өзі де байқамай қалды. Жанында отырған атасы «міне, енді сен мұсылман болдың» деп маңдайынан сүйіп, көрімдік ретінде қалтасынан ақшасын шығарып, қолына ұстатты.
Бар жақсысын баласына арнаған қазақ халқы құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін ұл балаға тән тағы бір той – сүндет тойды жасаған. Дәстүрлі әдіс ықылым заманнан бері дін мамандарының яғни ауыл молдасының сүндеттеуімен жүзеге асқан. Тіпті оған сәтті күн ретінде аптаның сәрсенбісі таңдалады. Молда, бала шүметайының артық терісін қаздың маймен әбден уқалап, жанын кетіреді де кесіп жібереді. Одан кейін қанын тоқтату үшін таза күлді сеуіп, үстіне кесе төңкереді. Жарасы қажалып қанамас үшін етегі кең, әрі ұзын сүндетжейде кигізген. Қазақ сүндетке отырғызылған баланың қамшы ұстар азамат болғанын білдіріп, ұлан-асыр той жасаған. Дәстүр бойынша баланы бастан-аяқ киіндіріп, одан бөлек нағашы жұрты тай мінгізген. Осылайша ұл бала үлкен сыйға, ерекше құрметке ие болған.
Мұсылмандық шариғатта баланы сүндетке отырғызу дінде үлкен мәнге ие әрі хазіреті Мұхаммед Пайғамбардың сүннет амалын жасау болып табылады дейді мешіт имамдары.
– Сүндеттеу бұл Пайғамбарлардан қалған жол. Ол сонау адамзат жаратылысымен бірге астасып жатқан сипаттың бірі. Бұл дәстүр бойынша ең бірінші – Ибраһим (ғ.с.) сүндеттелген. Одан кейін Пайғамбарымыздан сүннет саналған. Орындалса сауаптан болатын, орындалмаса күнәға қалдырмайтын әке-шешенің мойнындағы міндет. Сондықтан да сүндетке отырғызу – тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі. Бала үшін ол азаматтық өмірге алғашқы қадам басуымен тең, – дейді «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы.
Бұрын баланы ауыл молдасы сүндеттесе, қазіргі күні медицинаның дамуына байланысты хирургиялық әдістерге жүгінетіндердің саны артқан. Біреулер хирургиялық әдісті қауіпсіз деп санаса, енді біреуі бала ота жасау арқылы ауырсынуды сезбейтінін айтады. Сүндеттелген балаға күтім аса қажет. Мұндай да жас баланы жаздың қырық күн шілдесі өткеннен кейін тамыз, қыркүйек айында сүндеттеуді жөн санаған.
– Ұлымды үй жайында сүндеттегеннен гөрі медицина мекемесінде ота жасатқанды жөн көрдім. Себебі ол жақта таза әрі залалсыздандырылған. Балаға бір нәрсе болып қалса да дәрі-дәрмегі дайын. Баламды сүндетке дейін психологиялық тұрғыда жақсы дайындадым. Өзі де інілерімнің баласымен бірге сүндеттелгенін қалады. Солармен алданып жыламай шықты, – дейді кент тұрғыны Самат Қожабаев.
Бүгінде көшеге шықсаң кең етекті ақ көйлек киіп, қолымен етегін тартып ұстап ойнап жүрген қара домалақ балаларды көресің. Жүздеріне қарасаң жазғы каникулдың бітуіне де аз күн қалғанын сезіп жүргендей. Себебі алда сабақ басталар күнде жақындап келеді.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
18 тамыз 2020 ж. 1 498 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031