Алтын қолды дәрігер
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Денсаулықтың қадірін ауырған кезде ғана білетін адамбыз. Сол кезде бірінші кезекте міндетті түрде дәрігерге жүгінеміз. Дәрігердің тексерістен бөлек жылы қабақ танытып, жылы сөйлегенінің өзі адамға нәр. Сондықтан да «Адам өмірінің арашашысы», «ақ халатты абзал жандар» деген атау ларды дәрігерлерге тегін берілмегеніне осы кезде көз жеткізесіз.
Қарбалас заманда абайсызда апатқа ұшыраған немесе қызуы көтеріліп, я болмаса сүйек сынып, жан қиналған сәтте шипалы қолдың түрлі қарекетінен кейін ес жиып, көзін ашқан адамның да алдымен ең бірінші көретіні осы ақ халатты абзал жандар.
Адамға ең қымбат және қайталанып келмейтін нәрсенің бірі – ол уақыт. Ал дәрігерлердің жұмысында оның белгілеген өлшемі жоқ. Олай дейтін себебім, жолдасым – дәрігер. Кешкілік үйге келіп, аз уақыт балаларын еркелетіп, кейде тамақтануға енді жантая бергенде телефоны безілдей жөнелсе, сөйлескеннен кейін асыға киіне бастайды. Демек, жұмыстан шақырту түскені. Бұған үйренген біз жұмысына сәттілік тілеп қала береміз. Әлі есімде бала кезім, шамамен 7-8 жастамын. Үйге кешқұрым қонақтар келді. Әкемнің жолдастары, содан мен ауырайын. Анам жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілдім. Дәрігерлер соқыршек деп тауып, Нұраш Оңайсынов ағамыз ота жасады. Ертесіне наркоз күші қайтып, ауырсынудан әкеме жылағанмын. Әкем ол кезде аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы. Дәрігерлер келіп жағдайымды сұрап тұрады. Әлі көз алдымда. Әкем мен анам тамақтандыруға келгенде сол кездегі Марат Мырзағұлов ағаның алтын қолымен басымнан сипап «сәл шыда, әлі-ақ шауып, ойнап кетесің» дегені. Ағамыз ірі денелі, жүзінен шуақ шашып тұрған кісі еді. Арада қаншама жыл өтті. Осы кезде бойжеттік, отбасылы болдық. Енді сол кездерді еске алып отырамыз.
Марат ағамыз өмірден ерте озды. Ол кісі Арал ауданының Ақеспе бөлімшесінде дүниеге келген. 1968 жылы Сексеуіл стансасында он жылдық білім алып, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түсіп, оны 1975 жылы бітіріп шығады. Одан соң Қызылорда облыстық ауруханасында хирург мамандығы бойынша бір жылдық интернатураны аяқтайды.
Оның еңбек жолы аудандағы орталық ауруханада хирург және анестезиолог-реаниматолог дәрігері болудан басталған. Біраз адамға шипалы алақанымен ота жасап, өміріне араша болған кісі.
1978-1986 жылдар аралығында денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетін басқарды. 1987 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін осы аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Ол аудандағы анестезиология-реаниматология қызметінің негізін қалаған тұлға.
Өзінің білімділігімен, біліктілігімен, кішіпейілдігімен және іскерлігімен аудан халқының, аурухана ұжымының зор құрметіне бөленген жан.
Марат Мырзағұлұлы адал еңбегінің арқасында халық депутаттары облыстық атқару комитетінің, облыстық денсаулық сақтау бөлімі және аудандық аурухана әкімшілігінің грамоталарымен марапатталып, бірнеше алғысқа ие болған. «КСРО-ның құрметті доноры» атағын алған, есімі аудандық аурухананың «Құрмет кітабына» жазылған. Бастысы – халықтың алғысына бөленді.
Зайыбы Маржан Палымбетовамен тату-тәтті ғұмыр кешіп, өнегелі отбасын құрды. Ұл-қыз өсіріп, өкініштісі қызықтарын көре алмады. Ұлы Айбек пен қызы Аида ата-анасының жолын қуып, дәрігер, заңгер атанып, өмірден өз орындарын тапты. Қазіргі таңда ұлы Айбек жолдасымның әріптесі. Облыста білікті травматолог дәрігер. Зайыбы Жазира облыстық балалар ауруханасында бала дәрігері. Бүгінгі уақытта 3 баланың ата-анасы.
46 жасында дүниеден озған ардақты ағамыздың арамыздан ұзағанына да биыл 26 жыл толыпты. Осы уақытқа дейін білікті дәрігердің есімі оны білетін азаматтардың, бірге жұмыс атқарған әріптестерінің аузынан түскен емес. Атқарған ісі мен қалдырған ізіне қарасаңыз, бұл есім ел аузынан түспек те емес.
Өткен аптада аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев бастаған медицина қызметкерлері арасындағы Марат Мырзағұловты еске алуға арналған аудандық спартакиаданың ашылуы болып, медицина қызметкерлері арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа 7 спорт түрі бойынша 150-ге жуық спортшыдан тұратын 6 команда бақ сынайтын болады.
Атап айтсақ, 1 айға созылатын жарыста футбол, үстел теннисі, волейбол, ұзындыққа секіру, эстафета, тоғызқұмалақ, арқан тартудан тартысты ойын түрлері өтетін болады.
Құралай АЛТАЙҚЫЗЫ