» » Алғыстан артық баға жоқ

Алғыстан артық баға жоқ

Адам өміріне араша түсіп, басын тәуекелге тігетін үш мамандық болса, соның бірі – дәрігер. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамға бұл кісінің құтқарушыдай көрінетіні анық. Ал адамдардың жалпы саулығын қарап, сырқатын дәл табуда дәрігер терапевттің орны тіптен бөлек. Науқастың ағзасындағы дертті анықтай отырып, оны ары қарай тиесілі жерге ем алуға жолдама беретін маманға жан-жақтылық керек-ақ. Дәрігер болғаннан кейін әртүрлі қиын жағдайлар болатыны сөзсіз. Дегенмен білімділігі мен біліктілігінің арқасында адам өмірін арашалап қалатын дәрігерлердің еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Солардың бірі – аудандық аурухананың терапия бөлімі меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Әсел Хайдарова.

Тәжірибелі маманның бір сәтте қолы бос болмайтынына осы мақаланы жазу барысында көз жеткіздік. Қарбалас тіршілік барысында бізге де уақыт тауып, бірнеше сауалымызға жауап беріп үлгерді. Себебі сырқат жандардың қас-қабағына қарап, жағдайын бақылау кейіпкеріміздің жауапкершілігіндегі жұмыс. Кейде 24 сағат тізе бүкпейтін ақ халатты абзал жанның отбасын ұмытатын сәттері де болып тұрады.
Дәрігердің медицина саласында қызмет етіп жүргеніне сегіз жылдай болыпты. 2013 жылы Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медициналық университетті «Терапевт» мамандығы бойынша бітірген ол, ауылға барып қызмет етуді жөн санапты. Сөйтіп алғашқы еңбек жолын аудандағы жедел-жәрдем бөлімінде дәрігерліктен бастаған. Араға бір жыл салып «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осында тұрақтайды. Қызмет бабында жүріп өзінің біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында қабылдау бөлімінің меңгеруші дәрігері лауазымына көтеріледі.
– Кішкентайымнан дәрігер болуды армандап өстім. Оқушы кезімде жақындарым сырқаттанып қалса «дәрігер болсам өзім емдеп жазып аламын» дейтінмін. Сондықтан болар осы мамандықты ойланбастан таңдағаным. Әрине, қызметімнің жауапкершілік жүгі қаншалықты ауыр болатындығын әу бастан-ақ сезіндім. Қазір мамандығымның жемісін көрудемін. Тіпті онымен мақтанамын. Науқастың тілін табу – бірінші мақсат. Бір жылы сөзбен көңіл күйін көтеруге болады. Адамдар әртүрлі ғой. Кейде түсінбеушілік туындайды, көп жағдайда ықыласқа бөленіп жатамыз. Сондықтан халықтың алғысын алу – дәрігер үшін ең үлкен құрмет, – дейді антына адал болған жан.
Тәжірибелі маман әлемді дүрліктірген «COVID-19» вирусымен күрес кезінде де еселенген жауапкершілікті көтеріп, өз жандарын шүберекке түйе жүріп, өзгелерге қол ұшын берген. Әсіресе пневмония өршіген уақытта өз денсаулығынан бұрын өзгенің саулығын тілеп, ұйқы да көрмеген.
Жоғарыда айтып өткендей Әсел Хайдарова қазір терапия бөлімінде білікті маман. Оны мақалаға арқау етуімізге сеп болған емделушілердің маманға деген алғаусыз алғысының көптігі еді. Жылы шырайлы, ашық мінезді абзал жанның шипалы қолынан ем алушылардың бірі – Ақтөбе ауылының тұрғыны Алмагүл Жансейітова.
– Екі кештің арасында қан қысымым 250- ге көтерілді. Ауыл дәрігері Бота Жакенова дереу үйге жетіп, алғашқы көмегін көрсетіп, жедел жәрдеммен аудан орталығына жеткізді. Жансақтау бөліміне түстім. Әділбек, Жандос, Алтынай есімді тәжірибелі мамандар сағат сайын жағдайымды бақылап, қалыпқа келуім үшін аянбады. Одан кейін терапия бөліміне ауысқанымда бөлім меңгерушісі Әсел Бегеліқызының қызметіне разы болдым. Оның науқастармен қарым-қатынасы, әсіресе қарапайымдылығы, ашық мінезі адам жанына жылылық сыйлайды екен. Жаның қиналғанда жаныңнан табылып, ажалдан арашалайтын ақхалаттылардың еңбегін ешқашан ұмытуға болмайды, – деді ем алушы ағынан жарылып.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
16 қаңтар 2021 ж. 829 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031