» » Науқас пен дәрігер

Науқас пен дәрігер

Дәрігерге бір адам келді де, былай деді:
– Кешіріңіз, дәрігер мырза, аздап сырқаттанып тұрған сияқтымын.
Дәрігер әлгі адамды қарап шықты да:
– Дерт бауырда, – деді. – Бауырды алып тастау керек.
Әлгі адам шошып кетті:
– Ойбай, дәрігер мырза, бауырды алып тастаған соң, мен қалай өмір сүрмекпін?
Бұл сөзге дәрігердің ішек-сілесі қатып күлді:
– Сүргенде қандай! Бұл заманда бауырдың қажеті не? Қазіргі заман, айналайын, біреудің-біреуге бауыры бітіп, елжіреп отыратын заман емес, қазір адамдар бауырды басы артық жүк қылып, босқа ұстап жүр. Қайта бауырсыз жүріп, жүз жасайтыныңызға мен кепіл. Қане, көйлегіңізді көтере қойыңыз!
Дәрігер әлгі адамды әп-сәтте бауырсыз қалдырды да, былай деп сұрады:
– Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?
– Бойым жеңілдеп қалған сияқты.
– Айттым ғой, жеңілдеп қалады деп. Ал ауырмаңыз, жүз жасаңыз!
Арада ұзақ уақыт өтті. Бір күні әлгі адам дәрігерге тағы келді:
– Аздаған дерт бар сияқты ма, қалай?
Дәрігер науқасты қарап жіберді де:
– Кінәрат өкпеде, – деді, – өкпені алып тастау керек.
– Ойбай, дәрігер, сосын мен өмір сүре алам ба? – деді әлгі адам.
Дәрігер бұл сөзге ішек-сілесі қатып күлді:
– Сүргенде қандай! Қазір намыс жоқ заман ғой, айналайын.
– Намыстың бұған не қатысы бар? – деді әлгі кісі.
– Қазір намысыңа біреу тиіп жатса да, өкпелеп, ренжіп отыратын заман емес, – деді дәрігер әлгі адамға. – Ең бастысы ісіңіз ілгерілей берсін де. Ал өкпелеп, ренжіп отырсаңыз, тіршілігіңіз жүрмейді. Сондықтан, намысыңызды біреу таптап жатса да, түк болмағандай қарқ-қарқ күліңіз де, жүре беріңіз. Қане, көйлегіңізді шеше қойыңыз!
Дәрігер шаруасын бітірді де, науқасқа қарап:
– Ал, шырағым, өкпесіз күлкіңізді күліп жүріңіз де, жүз жасай қойыңыз, – деп шығарып салды.
Арада біраз уақыт өткенде, әлгі кісі дәрігерге тағы да келді:
– Сырқаттанайын деп тұрмын-ау осы?
Дәрігер науқасты қарап шықты да:
– Жүректі алып тастау керек, – деді.
Науқас шошып кетті:
– Дәрігер мырза, жүрегімді алып тастасаңыз, қалай өмір сүрмекпін? – деді.
Науқастың сөзіне дәрігер ішек-сілесі қатқанша күлді:
– Жүректің қажеті не, қазір біреуді сүйіп, біреуге ғашық болатын заман ба? Қарақан басыңыздың қамын ойлайтын заман, шырағым. Ешкім де біреу үшін өмір сүргісі келмейді әрі сол кезде өмір сүру де жеңіл бола түспек, жүрек деген қазіргі адамдар үшін басы артық жүкке айналған.
Сөйтті де дәрігер науқасты жүрексіз қалдырып тұрып:
– Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз? – деп сұрады.
– Тамаша! – деді науқас. Бойым жеңілдеп қалған сияқты.
– Айттым ғой, жеңілдеп қалады деп. Егер ішіңіз басыңыздан асып, ғашық болғыңыз келіп бара жатса,тіліңіз сау, сайрай беріңіз, саусақтарыңыз аман, қаласаңыз смс жазыңыз.
Осыдан кейін біраз уақыт өткен еді. Бір күні әлгі адам дәрігерге тағы келді:
– Жеңіл-желпі сырқат бар секілді ме, қалай?
Дәрігер науқасты қарап жіберді де, былай деді:
– Қайдағы жеңіл-желпі, шырағым-ау! Өңеш пен қарын қоса сырқатқа шалдыққан.
Сөйтті де дәрігер үстел бетін саусақтарымен шерткілеп, ойланып отырып қалды.
– Қорқытпаңызшы, дәрігер мырза, – деді науқас. Бұрын тез-ақ қарап жіберіп, емдей салушы едіңіз ғой.
Дәрігер науқасқа бажырая қарады да:
– Есіңіз дұрыс па, шырағым, – деді. – Бұл заманда, біле-білсеңіз, өңеш пен қарын – ең басты мүше. Сондықтан да, жақсылап емделуіңіз керек.
Сөйтті де дәрігер алдындағы қағаздарды толтыруға кірісті.
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ

02 қаңтар 2020 ж. 933 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031