» » Шуақ жүзді, шипалы қол жан еді

Шуақ жүзді, шипалы қол жан еді

«АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ» ДЕП ЖАТАДЫ. ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ҚАДІРІН АУЫРҒАН КЕЗДЕ ҒАНА БІЛЕТІН ЖҰРТПЫЗ ҒОЙ, КЕЙДЕ СУЫҚ ТИІП, КЕЙДЕ ТҰМАУ ЖҰҚТЫРЫП ДЕГЕНДЕЙ АУРУХАНА ТӨСЕГІНЕ ТАҢЫЛҒАНДА БАРЫП, САУШЫЛЫҚТАҒЫ ҚҰР АТТАЙ ШАУЫП ЖҮРГЕН ШАҚТАР ОЙҒА ОРАЛАДЫ. «АДАМ ӨМІРІНІҢ АРАШАШЫСЫ», «АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР» ДЕГЕН АТАУДЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ТЕГІН БЕРІЛМЕГЕНІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗЕСІҢ.
Аурухана палатасында жатып, қапелімде тар дәліздің бойымен ерсілі-қарсылы жүгірген медбикелерді байқасаң, ізінше ота залы мен палаталардың арасында зырылдаған арбаның үстінде тағдырмен арпалысып жатқан жанның жаутаң қаққан көздерін көресің. Алда өмір мен өлім арасындағы ашық арпалыстың боларын сезініп, Жаратқаннан «дәрігердің қолына шипа бере гөр» деп тілеп жатасың. Аз бола ма, көп бола ма жүзінен барлық үрейді қуып, орнын шат күлкімен айырбастаған медбикелер мен маңдай терін сүртіп қойып, өз-өзіне ырза кейіппен бөлмесіне қарай маңғаз басып бара жатқан дәрігерді көріп Аллаға шүкіршілік етесің.
Ал мұндай жағдайлардың дәрігерлер өмірінде күн сайын қайталанып жататынын ескерсең, осынау қасиетті мамандық иелерінің өмір үшін күрестегі жанкешті әрекетіне еріксіз тәнті боласың.
Түрлі тірлікпен жүріп, абайсызда апатқа ұшыраған, сүйек сынып, немесе ішкі ағзалардың бірі зақымданып, жан қиналған сәтте шипалы қолдың түрлі қарекетінен кейін ес жиып, көзін ашқан адамның да алдымен көретіні осы ақ халатты абзал жандар.
Адамға қажетті ең қымбат нәрсенің бірі – уақыт десек, дәрігерлердің жұмысында оның белгілеген өлшемі жоқ. Олардың жұмыс уақытын төбесінде шамдары айнала жарқылдап, көше бойында өзіне тән дыбыс белгілерімен тынбай зырлаған «Жедел жәрдем» көліктері белгілейді.
Кешкілік үйіне келіп, аз уақыт балаларын еркелеткен дәрігердің қай-қайсысы болмасын екі кесе шайын ішіп, енді жантая бергенде телефоны безілдей жөнелсе, біраз сөйлескеннен кейін асыға киіне бастайды. Демек, ауруханаға науқас түскен. Бұған үйренген отбасының басқа мүшесі үнсіз ғана ісіне сәттілік тілеп қала береді.
Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медициналық институтты «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген Сағымбек Рысмаханов Дүйсенбайұлы да аудандық ауруханаға дәрігер-хирург болып тағайындалған сәтінен бастап өмірінің соңына дейін адам өмірі үшін осылай арпалысып өткен аяулы жандардың бірі еді. Жүзінен нұры тамған ат жақты, ашаң жүзді бойшаң жас жігіт өз жұмысын науқастың жанына жай таптырмай бүре ауыртып, бүктеп тастайтын «соқыр ішек» деп аталатын артық ішекті ота жасап, алып тастаудан бастағанды. Осы күні отаның ең жеңілі болып есептелетін «соқыр ішектің» атын есіткен елдің аза бойы қаза болар сол бір тұста тәжірибелі ағалары Қазыбай Қалиев сияқты белгілі хирургтермен, Қонақбай Сыдықов сияқты тұстастарымен қатар тұрып, ота столының қыр-сырын тез меңгеріп кеткен жас маман ел аузына ерте ілікті.
Өз ісін жетік меңгеріп қана қоймай денсаулық саласындағы түрлі жұмысты ұйымдастыру ісінде белсенділік танытқан ол қызмет бастағанына 5 жыл өткен соң-ақ 1968 жылы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылады.
Аурудың түрі, оның алдын алу жолдары, науқасқа қолданылатын ем түрлері мен дәрі-дәрмекті орнына пайдалану жұмыстарының ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, дәрігерлердің әдістемелік кеңестері мен «бес минуттық» отырыстарда әріптестеріне науқасты емдеу жолын нақтылап беру ісінде біліктілік танытты.
1971 жылдан 1974 жылға дейін аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметінде болып, орталық және ауылдық ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуда, оларды маман кадрлармен қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс істеді. Инфекциялық аурулар ауруханасы мен туберкулезге қарсы күрес кабинетін, өкпе аурулары ауруханасын жарақтандыруда елеулі еңбек етті.
1974 жылдан аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі болып, осы қызметте өмірінің соңына дейін абыройлы жұмыс істеді. Алматы, Мәскеу, Қазан қалаларында болып өзінің білімін жетілдіріп, оны тәжірибемен ұштастыра білді.
Владимир Шерғазин, Бақытжан Нысанбаев, Байзақ Жәнібеков, Марат Мырзақұлов сияқты інілерімен тығыз байланыс орнатып, оларға басшы ретінде талапшыл, маман ретінде жақсы ұстаз бола білді. Қазір ол тәрбиелеген жас мамандардың қайсысы болса да ағаға арқа сүйеген «қайран күндерін» сағына еске алады. Аялы алақаны мен ағалық қамқорлығын аңсайды. Ал бұл Сағымбек ағаның мазмұн мен ғибратқа толы ғұмырының бір ғана қыры.
Асылы, дәрігерлерді өз қызметінде адамдарды жас-кәрі, алыс-жақын таныс-бейтаныс деп бөлмейтін бірегей сипатымен ерекшелеуге болады. Алдына келген адамға тек науқас ретінде қарау, оған қажетті дәрі-дәрмек пен дәрігерлік қызметте алалық танытпау – сонау Гиппократ заманынан келе жатқан киелі қасиеті олардың.
1991 жылғы шілде айының 19-ы күнгі санында жарияланған «Ал паспортымызды ешкім сұраған жоқ» деген мақалада Ресейдің Новгород облысындағы Боровичи қаласының тұрғыны Николаева Вера Василевна деген кісі біздің Жосалының халқына, сол арқылы бүкіл қазақ халқына шексіз ризалығын шынайы көңілмен жеткізіпті.
Үлкен жолдың бойында Жосалы қыстағы тұсында автомобиль апатына ұшыраған ұлы Андрейдің ауыр хәлін естіген ол пойызбен Жосалыға келеді. Әрине алыс жолдан келген екен деп кім қарсы ала қойсын, жанұшырып ауруханаға жетеді. Ұлының тірі екеніне көзі жеткенімен қуана қоюға ерте болатын. Жасалған оталардың күрделі болғанын жүрегімен сезінген ана «іш құрылысы түгел зақымданған баламды көз алдымда ота жасау столына үш рет ауыр халде алып кетіп, үш рет тірілтіп алып келді» деп үлкен толғаныспен еске алады сол қиын күндерді. Баласының тірі қалатынына өзін сендіре білген дәрігерлердің қайырымдылығына, адалдығына, адамгершілігіне таңданғанын жасыра алмайды. Сол кездегі анестезолог дәрігер Байзақ Жәнібеков пен хирург Сағымбек Рысмахановтардың атын ерекше ілтипатпен атайды.
Орын алған көлік апатынан аман қалған баланың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, кез келген жергілікті тұрғынның мұның кім екенін білгенде «балаңның жағдайы қалай» деп сұрап, қолынан келген көмегін беруге әзір тұратынын да толғаныс сезімімен жеткізеді. Осындай үлкен жүректі халықты отбасымызбен құрмет тұтып, азаматтарын ризалықпен еске алып отырамыз деп аяқтайды ол алғыс сезімге толы мақаласын.
Ел үшін еткен еңбегі еленіп, оған 1971 жылы «Қызыл крест, Қызыл Жарты ай» қоғамының мерекелік медалі берілді. 1981 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағына ие болды. 1986 жылы омырауына «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін тақты. 1988 жылы облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, бірнеше рет облыстық денсаулық сақтау бөлімінің грамоталарымен марапатталды. 1972-1975 жылдар арасында Қармақшы аудандық Кеңесінің депутаты болып, халық қалаулысы ретінде ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты.
Зайыбы Нұрханқызы Күләйханмен тату тәтті ғұмыр кешіп, өнегелі отбасын құрды. Ұл өсіріп ұяға қондырды, қыз өсіріп, қияға қондырды. Ұлы Мылтықбай мен қызы Айсұлу ата-анасының жолын қуып, дәрігер атанса, қалған балалары қалаған мамандығына ие болып, өмірден өз орнын тапты.
Пайғамбар жасына келіп, бейнетінің зейнетін көрер шақта дүниеден озған ардақты ағамыздың арамыздан ұзағанына да биыл 15 жыл толыпты. Осы уақытқа дейін Сәкеңнің есімі оны білетін азаматтардың, бірге жұмыс атқарған әріптестерінің аузынан түскен емес. Атқарған ісі, қалдырған ізіне қарасаң бұл есім ел аузынан түспек те емес.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
(№44 газетіміздің 2018 жылдың 16 маусымында жарияланған

29 шілде 2022 ж. 596 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930