» » Ерлік ісі ұмытылмайды

Ерлік ісі ұмытылмайды

Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Бүгінде сол ардагерлеріміздің де қатары азайып бара жатқандығы жанға батады. Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан ардагерлеріміздің ерен ерліктері және сол соғыс жылдарында аман-есен елге оралып, олардың Отанға сіңірген еңбектері ұрпақ жадынан ешқашан ұмытылмайды. Мен мақаламды сол соғыстың ардагері, ерлігімен есте қалған жерлесіміз Қаратай ағамызға арнағым келеді.
Қаратай Қуаңбаев 1922 жылы ауданға қарасты No12 Қосарық ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Еңбек жолын Микоян атындағы ұжымшарда колхозшы болудан бастаған. 1941-1947 жылдары Кеңес әскері қатарында Ұлы Отан соғысына қатысып, Калинин майданында болған. 1947-1950 жылдары Ворошилов атындағы орта мектепте есепші, интернат меңгерушісі, Микоян атындағы елді мекенінде бухгалтер қызметтерін атқарған. 1950-1951 жылдары еңбекшілер депутаттары Қосарық ауылдық кеңесі атқару комитетінің хатшысы, кейін төрағасы қызметіне көтерілді. Мұнан соң аудандық партия комитетінің ңұсқаушысы, сектор меңгерушісі болды. Оның одан арғы еңбек жолы Ақжар МТС, Ленин атындағы кеңшарда партия комитетінің хатшысы, аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерімен байланысады.
1961 жылдан бастап 1964 жылға дейін әуелі Ленин кеңшары кәсіподағы жұмысшылар комитетінің төрағасы, кейін Карл Маркс атындағы бөлімше басқарушысы қызметтерін абыроймен атқарады. 1964 жылдың қаңтар айында шаруа жағдайын жетік білетін іскер басшы ретінде үлкен сенім артылып жаңадан құрылған «Жаңақала» қаракөл қой кеңшарының директоры болып тағайындалды.
Қ.Қуаңбаев ауылды басқарған жылдары көптеген жетістікке жетті.
Жылу жүйесіне клуб, ауылдық кеңес, кеңшар кеңсесі, 2 дүкен, қонақүй, жатақхана, интернат, мектеп үйлері қосылды. Ауруханаға қосымша амбулатория, 10 орындық қонақүй (қазір тұрғын үй), 30 орындық жатақхана салынды. (Ол қазір бұзылып кеткен.)
1980 жылы 9 шақырымдық «Қаракөл-Төлеген» каналы қазылды. Осы жылы 12 тамызда директор денсаулығына байланысты өз арызымен қызметтен босатылып, орнына бас зоотехник Рүстем Ахметов тағайындалды.
«Мен совхоз директорлығынан босату туралы арыз бергеннен кейін аудандық партия комитетінің бірінші және екінші секретары Көшербаев, Сүлейменов жолдастар менімен сөйлесіп, совхоз директорлығына кімді қоюды сұрады.
Мен бас зоотехник Рүстем Ахметов, бас мал дәрігері Құснадин Смағұловтың екеуі де қой совхоздарына директор бола алады. Қайсысын қойсаңыз да жарайды дедім. Екеуінің ішінде Құснадин дұрыс болар дедім. Көшербаев екеуінің қай қатаңдауын, табандылауын кейінге қалдырайық, ол бізге керек болар деді. Сөйтіп, сол жерде директорлыққа Рүстемге тоқтадық. Ал Құснадин келесі 1981 жылы көктемде Қуаңдария совхозына директор болды. Көшербаев кейін байқасам, осы жағдайды ойлаған екен. Шынында да Қуаңдарияға Құснадин дұрыс болды деп ойлаймын» деп жазады Қаратай ағамыз өз естелігінде.
Қаратай Қуаңбаев қызметтің қай саласында болмасын білгір де іскерлігімен көзге түсті. Сөзін сыйлата білетін ұйымдастырушылық қабілеті, талапшылдығы, жұмыстың көзін таба білетін ерекше қасиеті оны биік белестерге көтерді. Жаңақала кеңшары құрылған алғашқы жылдардан-ақ қиындықтарға қарамастан еңбеккерлерді біркісідей жұмылдыра отырып, үнемі еңбек өнімділігін арттырып, аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатардан көріне білді. Шалғайда орналасқан жаңа шаруашылықты ұйымдастыруда, оның өркендеп кең қанат жаюына зор үлесін қосқан беделді басшыға айналды. Оның еңбегі бағаланып, үш рет облыстың партия комитетінің пленум мүшелігіне сайланды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденімен және ондаған медальмен марапатталды. Екінші дүниежүзілік соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері атанды. Ол 1980-1984 жылдары, яғни құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін халық депутаттары Ленин ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. 1984 жылғы қазан айында республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. Еліне қадірлі тұлға, ауылының ардақты азаматы Қаратай Қуаңбаев өзі іргесін қалап, шаңырағын көтерген ауылында 1988 жылы дүниеден өтті.
Міне, туған топырағының өркендеуі үшін аянбай тер төккен, өзі басқарған жылдар ішінде ауылдың дамуына, алдыңғы қатардан көрінуіне бар күш-жігерін салған тарлан тұлғаның игі жолы келер ұрпаққа үлгі боларлықтай!
Самалбек РЫСБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері
09 мамыр 2024 ж. 179 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 336

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 421

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930