» » ҚАҺАРМАНДЫҚ дастаны

ҚАҺАРМАНДЫҚ дастаны

Санғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен өз тағдырын ел тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары аз болмаған. Бүгін соның бірі, қазақтан шыққан Кеңес Одағының Батыры – Тәйімбет Көмекбаевты мақаламызға арқау етпекпіз.
Т.Көмекбаев 1896 жылы ауданға қарасты No10 ауылда (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. 1932 жылға дейін Өндіріс колхозында жұмыс істейді. Осы жылы ашаршылық салдарынан Өзбекстанның Қайдуан деген ауданына көшіп кетіп, етікшілікпен айналысады. 1935 жылы мамырда Қармақшы ауданына қайта көшіп келіп, Өндіріс колхозында егіс бригадирі болып еңбек етеді. 1939 жылы Гуръев облысы «Қандыағаш – Гуръев» теміржолына колхоз атынан жіберіліп, теміржол салуда десятник болған. Қарамағындағы 60 адаммен бірге, теміржолды уақытында абыроймен салып бітіріп, станхановшы атанған. Кейін ауданға қайта оралып, Жосалыдағы депоның көмір қоймасына жұмысшы болып орналасады. Мұнда да жұмысшылардың алдыңғы қатардағы стахановшысы деген атаққа ие болады.
1941 жылы Отан қорғаушылар қатарына қосылып, соғыстың аяғына дейін барлаушылар бөлімшесін басқарған. Бұрынғы жылқышы, көрген жерін есте сақтай алатын Тәйімбет Көмекбаев қиядағыны қалт жібермейтін қырағы болған. Познань қаласының түбіндегі батыр әкеміз бастаған барлаушылар тобы жаудың нығайтылған бекінісіне батыл шабуыл жасайды. Кеңес жауынгерлерінің кенеттен пайда болуы жау жағын қатты састырып, немістің 37 солдаты мен 2 офицері ұрыссыз беріледі. Көмекбаевтың ұрыстағы ерлігі майдандастарының жеңіске деген жігерін жанып, жауынгерлер алдындағы тұрпаты нақтыланып, тастүйін толағай тартып, беделі асқақтай түседі. Ол 1945 жылғы қысқы шабуыл ұрыстары кезінде де ерлік көрсетіп, бірінші болып Глейвиц қаласына кірген. Колховица қаласына кіргенде жаудың 30 ұясын талқандайды. 1945 жылдың 6 ақпанында майдангер Одерден алғашқы өткендердің бірі болып, өз бөлімшесімен Эйхинрид елді мекені маңындағы плацдармды ұстап тұрады. Түнде ержүрек жауынгер Бриг қаласының кіреберісіндегі жаудың станокті пулеметін жойып, қала үшін болған соғыста 60 фашист басқыншысын жайратып, 12 адамды тұтқынға алады. Ванни қаласы үшін болған ұрыста Т.Көмекбаев бастаған жауынгерлер жаудың 7 шабуылына тойтарыс береді.
Ұрыста көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 10 сәуірдегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Сондай-ақ ол «Ленин» орденімен марапатталған. І Украина майданы өкілдерінің құрамында Мәскеуде болған Жеңіс парады салтанатына қатысады.
1996 жылы батырдың 100 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтсе, сол жылы Тұрмағамбет ауылында айтыс, атжарыс, палуандар күресі, тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға Т.Көмекбаев атындағы жүлделер табыс етілген. 1999 жылы Батырға «Ғасыр жауынгері» деген атақ берілді.
Оған деген ел құрметі ретінде Қармақшы ауданындағы бұрынғы Жаңақала кеңшарына Т.Көмекбаев есімі берілді. Бұл ауыл ауызбірлік пен қазақылықтың қаймағын бұзбаған, дәстүрі мен салтын сақтайтын, үлкені жол көрсететін, жастары аға ақылын тыңдайтын өнегелі ауыл болып атын шығаруда. Туып-өскен топырағы Тұрмағамбет ауылында No29 мектеп алаңына батырға арналып ескерткіш орнатылса, Жосалы кентінде, Қызылорда қаласында Т.Көмекбаев атында көшелер бар.
1996 жылдан бастап кешеге дейін 9 мамыр – Жеңіс күніне арналып ауданда үздіксіз самбо күресінен Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев атындағы халықаралық мемориал өтіп тұрды. Оған әр жылдары Қазақстанға танымал эстрада жұлдыздары арнайы шақырылып, халықтың жанын жадыратып, көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп кетеді. Қазір аудан орталығында Т.Көмекбаев атында No250 мектеп-лицейі бар. Бұл мектептің қаншама дарынды шәкірті білім мен өнер, спорт додаларында батыр атын республикаға танытуда. Білім беру мекемелерінде батырдың ерлігіне арнап тәрбие сағаттары, ұрпақтарымен кездесу кештері, шығармалар мен өлең жазу, ән-жыр кештері, ақындар айтысы, тағы басқа тәрбиелік шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бұл – батыр есімінің жыл өткен сайын ұмытылмай, қайта жаңғыра беретінінің, Т.Көмекбаев қаһармандығының тарихта тасқа жазылып қалатынының куәсі.
Алмас қылыш қап түбінде жатпайды. Батырдың баласы Бағбан Тәйімбетов те – халқының қалаулысы, елінің елеулі азаматы. Аталарымыз Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет салған ақындық, жыраулық дәстүрдің насихатталуына, спорт өнерінің дамуына, білімге, ғылымға құмар жастардың өсіп-өнуіне зор көмек көрсетіп, үнемі демеушілік жасап келеді.
Ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белестерін байқасақ, ежелден-ақ ру тайпаларымыз өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен. 1987 жылы өмірден өткен халқымыз үшін қан кешкен сондай хас батыр Т.Көмекбаевтың тау тұлғасы жылдар өткен сайын биіктей бермек.
Дайындаған Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
09 мамыр 2024 ж. 229 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930