» » Ғасыр жауынгері

Ғасыр жауынгері

Ұлы Отан соғысына қазақстандықтармен бірге қармақшылық жауынгерлер де Отанға берген антын адал орындай отырып, шайқастардың бел ортасында жүрді. Ел басына түскен сын сағатта өз борыштарын абыроймен атқарып, алдыңғы саптан табылды. Біздің ауданнан 5000-ға жуық жауынгер соғысқа аттанып, олардың 2507-і хабарсыз кетсе, 1205-і соғыстан оралмаған боздақтар қатарына енді. Майданнан 563 адам аман-есен елге оралып, бейбіт заманның еңбек ерлеріне айналды.
Біздің өлкеде есімі елге белгілі ардақты да, атақты ер азаматтар аз болмаған. Олардың арасында Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев есімін ерекше құрметпен айтамыз. Өйткені ол 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қан майданда от кешіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан, соғыста ерекше ерлігімен, жау жүрек, батырлығымен халық батыры атанды. Ол І Украина майданы, 21 армия, 128 атқыштар дивизия­сы, 533 атқыштар полкі құрамында соғысқан, 1945 жылы Одер өзенінен өтуде асқан ерлігімен көзге түскен, 1945 жылы 10 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген. Сонымен бірге осы өңірден шыққан 1000-нан астам жауынгер әртүрлі дәрежедегі орден-медальдармен марапатталған.
Тәйімбет Көмекбаев 1896 жылы Қармақшы ауданындағы №10 ауылда (қазіргі Тұрмағанбет ауылында) туған. 1941 жылы қазан айында Отан қорғаушылар қатарына шақырылып, соғыстың басынан аяғына дейін барлаушылар бөлімшесін басқарады. Бұрынғы жылқышы, көрген жерін есте сақтай алатын Тәйімбет Көмекбаев қиядағыны қалт жібермейтін қырағы болған екен. Познань қаласының түбіндегі Т.Көмекбаев бастаған барлаушылар тобы жаудың нығайтылған бекінісіне батыл шабуыл жасайды. Кеңес жауынгерлерінің кенеттен пайда болуы жау жағын қатты састырып, немістің 37 солдаты мен 2 офицері ұрыссыз беріледі. Оның ұрыстағы ерлігі майдандастарының жеңіске деген жігерін жанып, жауынгерлер алдындағы тұрпаты нақтыланып, тастүйін толағай тартып, беделі асқақтай түскен-ді.
Сондай-ақ Т.Көмекбаев 1945 жылғы қысқы шабуыл ұрыстары кезінде де ерлік көрсетіп, бірінші болып Глейвиц қаласына кірген. Колхозвица қаласына кір­­генде жаудың 30 ұясын талқандайды. Осы жылдың 6 ақпанында Одерден алғашқы өткендердің бірі болып, өз бөлімшесімен Эйхиринд елді мекені маңындағы плацдармды ұстап тұрады. Түнде ержүрек жауынгер Тәйімбет Бриг қаласының кіреберісіндегі жаудың станокты пулеметін жойып, қала үшін болған соғыста 60 фашист басқыншысын жайратып, 12 адамды тұтқынға алады. Ванни қаласы үшін болған ұрыста Т.Көмекбаев бастаған жауынгерлер жаудың 7 шабуылына тойтарыс береді.
Осындай ерліктері лайықты бағаланып, бірнеше жауынгерлік орден, медальдармен марапатталып, Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев І Украина майданы өкілдері құрамында Москвада болған Жеңіс парадына қатысады.
1996 жылы Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың 100 жылдық мерейтойын аудан жұртшылығы ерекше салтанатпен атап өтті. Батырдың құрметіне республикалық дең­гейде күрестен жас­тар арасында жарыс өткізіп жеңімпаздар жүлделермен, әртүрлі сый­лық­тармен марапатталды. Бұл жарысты жыл сайын Жеңіс мерекесі күні өткізу дәстүрге айналып, ол қазір халықаралық дәрежеге көтеріліп, Самбо күресінен халықаралық мемориал өтіп тұрады. Әр жылдары Қазақстанға танымал эстрада жұлдыздары осы іс-шараға арнайы шақыр­ылып, олардың әсем әндері еңбектен шар­шап жабырқаған халықтың жанын жадыратып, көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп кетеді.
Тәйімбет Көмекбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде ауданда біраз іс-шара атқарылды, әлі де істелер жұмыс мол. Бұрынғы Жаңақала кеңшары Көмекбаевтың атымен аталды. Қазір ол мекен Т.Көмекбаев ауылы болып, іргелі елге айналды. Жосалы кентіндегі орталық көшелердің бірі батырдың есімімен аталса, аудан орталығындағы №250 мектеп-лицейге аты берілді. Сонымен қатар, өзінің туып-өскен елі Тұрмағамбеттегі мектеп алдындағы алаңда ескерткіш мүсіні қойылды. Осының бәрі – батырға деген елдің сүйіспеншілігі, үлкен құрметі. 1999 жылы даңқты батырға «Ғасыр жауынгері» деген атақ берілді.
«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей батырдың баласы Бағбан Тәйімбетов халықтың қалаулы, елдің елеулі азаматы болып өсті. Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет салған ақындық, жыраулық дәстүрдің насихатталуына, спорт өнерінің дамуына, білімге, ғылымға құмар жастардың өсіп, өнуіне зор көмек көрсетіп, үнемі демеушілік жасап келеді.
Халқымыз үшін қан кешкен қас батыр Т.Көмекбаевтың өр тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей бермек.

Әзірбек БАҚТЫБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
05 мамыр 2021 ж. 940 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031