Ұлт зиялысы

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Қызыл империя тарапынан жасалған саяси зұлмат ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне өшпестей жазылды. Кеңес өкіметі өзінің саяси қуғын-сүргін науқанында халқымыздың сүт бетіне шығатын кіл қаймақтарын сыпырып алып, жойқын тағылық танытты. Солардың қатарында Қазақстанның тұңғыш прокуроры, белгілі мемлекет қайраткері Сүлеймен Есқараев та бар еді.
Ол қазіргі Қармақшы ауданында (бұрынғы Сырдария губерниясы Қазалы уезіне қарасты Қуаңдария болысы) 1897 жылы туған. Он екі жастан еңбек жолын ерте бастап, яғни 1909 жылы кірпіш зауытында жұмыс істейді. Екі жылдан соң теміржол стансасына жұмысшы болып ауысып, еңбекқорлығының арқасында 1916 жылы Перовск депосында балғашы болып орналасады. Сол кезеңдегі оқиғаларға белсенділік таныта жүріп саяси сауатын арттыра бастайды. Азамат соғысы басталған жылдары Перовск партизандар отрядының құрамында Ақтөбе және Черняев майдандарында соғысып, Ташкенттегі Осипов көтерілісін басуға қатысқан. Жазушы С.Мұқанов өз естелігінде ол туралы «Арық денелі, қара өңді оның кескіні өте суық жігіт болатын. Соған тап жауына қарсы жүргізіп жатқан қатты қимылы қосылғанда, жау дейтіндердің одан зәресі кетіп, қарсы келмеуге, көзіне көрінбеуге тырысады екен. Сүлеймен Есқараев сол бір кезеңде тап жауына ең қатал адамның бірі болды» деп жазған.
1919 жылы Ақмешіт уездік партия комитеті оны Ташкенттегі кеңес-партия мектебіне оқуға жібереді. 1920 жылы РК(б)П Сырдария облысы комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, 1921 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Ташкент облысы төтенше комиссиясы бастығының орынбасары, 1923 жылдың мамыр айына дейін Ақмешіт уездік қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 1923 жылғы мамырдан 1924 жылғы наурызға дейін Ташкенттегі Түркістан коммунистік партиясы Орталық Комитеті хатшысының орынбасары, 1924 жылғы наурыздан желтоқсанға дейін Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1925 жылғы сәуірден 1928 жылғы қаңтарға дейін Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссариатында жұмыс істеп, ҚазЦИК мүшесі болды. 1928-1929 жылдары ұлтшыл ретінде Қазақстаннан қуылып, Орынбордағы Қазақ АКСР-нің өлкелік милиция мектебінің бастығы қызметіне жіберіліп, тұңғыш милиция мектебін құруға қатысты. 1930 жылғы ақпаннан тамызға дейін Алматыдағы жоғары техникалық оқу орындарының дайындық курсында оқып, Мәскеудегі жоспарлау академиясының энергетика бөліміне оқуға түседі. 1933 жылы академияны үздік бітіріп, Петропавл қаласында орналасқан Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі. 1936 жылдың 17 сәуірінде РСФСР Юстиция халық комиссариатының кеңесінде Қазақстандағы Юстиция және прокуратура жағдайын жан-жақты түсіндіріп, мәлімдеме жасайды. Көтерілген мәселелер бойынша кеңес 19 баптан тұратын арнайы қаулы қабылдайды.
1937 жылдың бюджетіне Юстиция комиссариаты ғимаратының құрылысын жүргізу енгізілді. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында ұлттық құқықтық мектептер ашылатын болды. Жаңадан құрылған органға алғашқы кезде кадрлар жетіспей, аталған олқылықтың да шешілуіне белсене араласты. Қазандағы Заң институтына 50 орын (ұлттық кадрлар үшін) бөлінді. 1936 жылдың күзінде Қазақстанның өз алдына тәуелсіз прокуратурасы құрылды. Сүлеймен Есқараев жаңа құрылымның №1 бұйрығына қол қойды. Осылайша ол еліміздің прокуратура органдары жүйесін құрудың ең басында тұрды.
С.Есқараев Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып тұрғанында, 1937 жылы тамызда Қазақстандағы контрреволюциялық ұйым жетекшілерінің бірі деген жалған айыппен тұтқындалған. Ең соңғы сәтке дейін өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Бұл оның тергеу қаулысындағы сөзінен де байқалады. Онда ол: «Ең алғаш маған 58-баптың 10 баптың 10-11-тармақтарына сәйкес тағылған тармақтарына сәйкес тағылған айыптың 58-баптың 2,7,8,11-тармақтарына ауыстырылғанына келіспеймін, өйткені бұл бап қылмыс жасағандарға жатады, ал менің түсініктерімде бөтендердің сөздеріндегі әңгімеден басқа қылмыс жасады деген ұғым жоқ. Тіпті жаман жағдайға барғанның өзінде маған бұрынғы 58-баптың 10-тармағына сәйкес тағылған айыпты қалдыру керек еді. Сонымен қатар, Хожановтың тобын жасырын ұйым деп қарауға келіспеймін» деп ашық көрсеткен екен. Алдын ала тергеу барысында да және одан кейін де республика прокурорымен кездестіруді бірнеше рет сұрағанымен өтініші ескерусіз қалған. Ал КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы 1938 жылғы 25 ақпанда оны атуға үкім шығарады. Жабық өткізілген сот мәжілісінде 19 адамға «ұлтшыл-фашист, троицкишілбухариншілер» деген айып тағып, оларды ату жазасына кескені айтылады. Солардың қатарында Т.Жүргенов, Ж.Сәдуақасов, Ұ.Құлымбетов секілді мықты тұлғалармен бірге небәрі қырықтан енді асқан С.Есқараев та болды. Тұңғыш прокурор жазықсыз атылғаннан кейін оның отбасына да зобалаң туды. Зайыбы «халық жауының әйелі» ретінде Ақмоладағы «АЛЖИР» лагеріне айдалды. Сонымен бірге Қызылордадағы туыстары да қуғынға түсті. Жазықсыз жаланың қара таңбасы жиырма жылдан кейін ғана ағарды. КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының әділетсіз үкімі 1957 жылы бұзылып, Сүлеймен Есқараев біржола ақталды. Осылайша оның адал есімі халқына қайтарылды.
Бүгінде атпал азаматтың есімін құрметтеу мақсатында ҚР Үкіметінің 1997 жылғы 3 қарашадағы №1485 қаулысымен ҚР Бас Прокуратура жанындағы прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру, заңдылық және құқық тәртібін зерттеу институтына, Қызылорда қаласында, Жосалы кентінде бір көшеге және №27 мектепке Қазақ КСР-нің тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараевтың есімі берілген. Мектептің алдына бюсті қойылған. Ескерткіш мемлекет қорғауында. Алдағы уақытта жас ұрпақтың есінде зиялы азаматтың есімін мәңгі қалдыруда құқық пәнінен №27 мектепте «Есқараев олимпиадасы» тұрақты өткізілсе, құба-құп болар еді.
Ермек ЖЫЛҚЫБАЕВ,
№27 мектептің тарих пәні мұғалімі
29 сәуір 2024 ж. 140 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 345

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 427

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930