» » Тұңғыш прокурор

Тұңғыш прокурор



Қазақстанның тұңғыш прокуроры, белгілі мемлекет қайраткері,
Сүлеймен Есқараевтың  туғанына – 125 жыл

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының басынан небір қиыншылық пен зұлматты жылдар өткендігі тарихтан белгілі.   Патшалық Ресейдің отарлау саясаты, 1928 жылдардағы тұмау-сүзек, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы қазақ халқына келген зор нәубет кез болып, халық санының өсуін тежеп, есесіне оның санын бірнеше есеге кемітті.
Солардың ішінде халыққа кел­тірілген ірі алапаттардың бірі – кеңестік жүйенің 1920-1930, 1937-1938 және 1950 жылдардың басында жүргізген репрессия және сол арқылы ел зиялыларын ату, түрмеге жабу арқылы халықты қорқытып, елді тізгіндеп ұстау арқылы көрер көзге қиянатқа жол берілген саясаты болды. Кеңес өкіметі өзінің саяси куғын-сүргін науқанында халқымыздың сүт бетіне шығатын кіл қаймақтарын сыпырып алып, тағы бір жойқын тағылық танытқан. Сол асылдарымыздың қатарында Қазақстанның тұңғыш прокуроры, белгілі мемлекет қайраткері, ту­ғанына 125 жыл толған Сүлеймен Ес­қараев та бар еді. Сүлеймен Ес­қараев небәрі қырық бір жасында нақақ атылған. Энциклопедиялық әдебиеттерден алған және аудандық музей қорындағы архивтік материалдарымызды пайдалана отырып, сол аз ғұмыры ішінде қарапайым жұмысшыдан белгілі мемлекет қай­раткерлігіне дейін көтерілген оның өмір жолына тоқталайық.
Сүлеймен Есқараев 1897 жылы Сырдария губерниясы Қазалы уе­зіне қарасты Қуаңдария болысында (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) туған. 1909 жылы жасы 12-ге толғаннан кірпіш зауытында жұмыс істеп, еңбек жолын тым ерте бастаған ол 1912 жылы теміржол стансасына жұмысшы болып ауысады. Ал 1916 жылы Перовск депосына балғашы болып орналасады. Осында келген соң саяси сауатын ашып, революциялық күреске қатыса бастайды. Өзін белсенді көрсеткен жас қазақ жұмысшысы 1918 жылғы қазанда Перовск уездік комитеті большевиктер қатарына қабылданады.
Сүлеймен осы кезден бастап партия жұмысына белсене араласа жүріп, революция ісі үшін шын күрескер екенін көрсетеді. Сол жылдары Перовск партизандар отрядының құрамына кіріп, Ақтөбе және Черняев майдандарында соғысады. Кейін Ташкенттегі Осипов көтерілісін басуға қатысып, Кеңес өкіметіне берілгендігін тағы дәлелдейді. Батыл жігіттің осы кездегі кейпін көрген көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов кейін өз естелігінде ол туралы «Азамат соғысына қатынасып, ақтар мен басмашыларды жойысқан Есқараев жауды әшкерелеудің, жоюдың талай тәсілін біліп, шебер қолданады екен. Арық денелі, қара өңді оның кескіні өте суық жігіт болатын. Соған тап жауына қарсы жүргізіп жатқан қатты қимылы қосылғанда, жау дейтіндердің одан зәресі кетіп, қарсы келмеуге, көзіне көрінбеуге тырысады. Сүлеймен Есқараев сол бір кезеңде жауына ең қатал адамның бірі болды»  деп жазыпты.
Азамат соғысы аяқталғаннан кейін С.Есқараев жергілікті жерді кадр­мен нығайтуға едәуір атсалысқан. 1919 жылы Ақмешіт уездік партия комитеті оны Ташкенттегі кеңестік партия мектебіне оқуға жібереді. Оны бітіргеннен кейін Сырдария обкомы мен облыстық атқару комитеті Черняев (қазіргі Шымкент) қаласындағы Кеңестер съезін шақыру жөніндегі нұсқаушы етіп тағайындайды. Түркістан компартиясының басшылығы болса, сол сәт оны жұмысшы ортасынан шық­қан белсенді ұйымдастырушы деп танып, жауапты учаскелерге жұм­сап отырады. 1921 жылдың қаң­тар-сәуірі аралығында С.Есқараев Ташкент облыстық төтенше жағ­дайлар комитеті төрағасының орынбасары, 1922 жылғы тамыздан 1923 жылғы мамырға дейін Ақмешіт уездік қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 1923 жылғы мамырдан 1924 жылғы наурызға дейін Ташкенттегі Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Ко­митеті хатшысының орынбасары, 1924 жылғы наурыздан желтоқсанға дейін Сырдария облыстық атқару ко­митетінің төрағасы, 1921-1925 жыл­дары Түркістан Орталық атқару ко­митеті мен Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. 1924 жылы Сырдария және Жетісу облыстарының коммунист бас­шы қызметкерлері Қазақ АКСР-нің мемлекеттік органдарындағы басшы қызметтерге жіберілгенде, олардың арасында С.Есқараев та бар еді. Ол 1925 жылғы сәуірден 1928 жылғы қаңтарға дейін Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссариатында жұмыс істеп, ҚазЦИК-тің мүшесі болды, ал 1929 жылдың басында Орынбордағы Қазақ АКСР-інің өлкелік милиция мектебінің бастығы қызметіне жіберіліп, тұңғыш милиция мектебін құруға қатысты. 1930 жылғы ақпаннан тамызға дейін Алматыдағы жоғары техникалық оқу орындарының дайындық курсында оқып, Мәскеудегі жоспарлау академиясының энергетика бөліміне оқуға түседі. 1933 жылғы наурызда академияны үздік бітіріп, Петропавл қаласында орналасқан Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі. 1936 жылдың ақпанында Юстиция халық комиссары және республика прокуроры болып тағайындалады. Көтерілген мәселелер бойынша кеңес 19 баптан тұратын арнайы қаулы қабылдайды. Жаңадан құрылып жатқан проку­ратураға кадрлар жетіспейтін сол бір қиын-қыстау кезеңде ол жоғары ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Соның нәтижесінде прокуратура органдары жедел өз дамуының жолына түсті.
Ол Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып тұрғанында, 1937 жылы тамызда Қазақ­стандағы контрреволюциялық ұйым жетекшілерінің бірі деген жалған айыппен тұтқындалған. Сү­лей­мен Есқараев алдын ала тергеу барысында да және одан кейін де рес­публика прокурорымен кездестіруді бірнеше рет сұраған екен. Оны тергеу құжаттарындағы жазылған қағаздар дәлелдейді. Бірақ барлық өтініші ескерусіз қалған. Ал КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы 1938 жылы 25 ақпанда Алматы қаласында оны атуға үкім шығарады.  Бұл кезде оның жасы нағыз қамал алар қырық бірде ғана еді.
Сол кездегі «Социалистическая Алма-Ата» газетінде жарияланған хабарға сүйенсек, онда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы өзінің жабық сот мәжілісінде 19 адамға «ұлтшыл-фашист, троиц­кисшіл-бухариншілдер» деген айып тағып, оларды ату жазасына кескені айтылады. Олардың алдыңғы қата­рын­да қазақтың арыс азаматтары Ұ.Құлымбетов,  Т.Жүргенов,  Ж.Сәдуа­қасов секілді толымды тұлғалармен бірге С.Есқараев та болды.
Тұңғыш дербес прокурор жазық­сыз атылғаннан кейін оның отбасы мен ағайын туғандарына да зобалаң туды. Алдымен зайыбы «халық жауының әйелі» ретінде Ақмоладағы әйгілі АЛЖИР лагеріне айдалды. Балалары далада қалады. Сонымен бірге, Қызылордадағы туыс­тары да қуғынға түсті.
Әділдік тек арада тура 20 жыл өткеннен кейін ғана қалпына келтірілді. КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының әділетсіз үкімі 1957 жылы бұзылып, Сүлеймен Есқараев біржола ақталды. Осылайша оның адал есімі халқына қайтарылды.
Сүлеймен Есқараев сынды атпал азаматымыз тарихта айшықты орны бар тұлғалардың бірі. Бүгінде Қазақстан Бас Прокуратурасы жа­нындағы заңдылық, құқық тәртібін зерттеу және прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру инс­титуты мен Қызылорда қаласы және Жосалы кентінде көше атауы, сонымен қатар №27 орта мектепке және Қызылорда облыстық прокуратура жанынан ведомстволық мұражайға есімі берілді.
Саяси қуғын-сүргін жылдары мың­даған жазықсыз адамдардың қаны мен жасына суарылған та­рихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді, еңкейген кәріні, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбандары болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.
Біздер бүгінде артына өшпес із қалдырып кеткен жерлестеріміздің өмірін әр уақыт мақтан тұтамыз.  Қармақшы аудандық музей залында  қуғын-сүргін құрбаны болған жерлестерімізге арналған  арнайы экспо­зициялық қатар орналасқан. Музейге келушілерге өткен тарих туралы сыр шертіліп, тақырыптық экскурсиялар өткізіліп тұрады.
       Баршагүл  САХИЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану
музей филиалының
экскурсоводы
12 ақпан 2022 ж. 819 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 350

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 431

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930