Сол бір ауыр жылдарда
ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіретті ғасыр болды. Кеңес өкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен Қазақ жерінде бір емес, үш бірдей ашаршылық болды. Халық қамын жеген саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары, автономиялық республика құрушыларды бір сөзбен айтқанда ұлт қаймағынан сескенген Кеңес өкіметі И.Сталиннің «Троцкийшілдер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін жаппай қудалау басталды. Бұл тарихта «үлкен террор» деген атпен қалды. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуімен Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, елде «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға, «асыра сілтеу болмасын аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жаппай ұжымдастыру нәтижесі халықты аштыққа ұшыратты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.
Саяси қуғын-сүргін 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Осылайша «халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапония тыңшылары» және тағы басқа желеулермен қазақтың бас көтерген зиялыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды. 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып оның 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдерді қамады. Бұл лагерь «Алжир» деген атпен тарихта қалды. Осының салдарынан ұлт зиялылары – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, С.Есқараев тағы басқалары сталиндік саясаттың құрбанына айналып, атылып кетті. Мәліметтер бойынша 1930 жылдарда 1,5 миллионнан 2,5 миллион адамға дейін шығын болды. Азамат соғысы, байларды кәмпескелеу, жаппай ұжымдастыру, 1932–1933 жылдардағы аштық, 1937–1938 жылдардағы репрессия салдарынан миллиондаған адамынан айырылды. Мысалы, осы аштық, қуғын-сүргін салдарынан қазақтар – 22 процентке, украиндықтар – 21 процентке кеміген. Бұл екі халық Кеңес өкіметінде ең көп шығынға ұшыраған ел болып есептеледі.
Ахмет Байтұрсынұлының:
«Қинамайды түрмесіне жапқаны,
Қинамайды атқаны.
Қинайды тек өз итімнің,
Балағымнан қапқаны»
деген өлең жолдарынан қуғын-сүргін мен ашаршылықтың белең алуына өз арамыздан шыққан әсіребелсенділердің де себі тигенін байқауға болады. Осы орайда, атақты тарихшы-ғалым, археолог Әлкей Марғұланның 1930 жылдардағы ашаршылық жайлы жазған мына бір естелігінен үзінді келтіре кетсем: «1932 жылы елдегі ашаршылықты естіп, жолға шықтым (Онда Ленинградта оқып жүрген кезім). Фрунзеге келгенде жүрегім сыздап сала берді. Босқындар (қазақтар) көшеде жүргізбейді. Көбісі солтүстік аймақтан. Шыдай алмай, Қырғызстан атқару комитетінің председателіне келдім. Қолымнан келген көмегім сол ғана. Содан Алматыға бет алдым. Голощекинге кіру қауіпті. Елдің өз астығын өзіне қимау не сұмдық. Елге жетсем, ауылдың орнынан басқа ештеңесі қалмапты. Шешем Қарағандыға бара жатып жолда өліпті. Арғы атамыздан қалған араб, монғол, түркі тілінде жазылған, кейі өгіз терісіне басылған жазбалар бар еді. Оның баршасы жоғалыпты». Міне осы естеліктегі жазбалардан біраз жайтты аңғаруға болады. Кеңестік тоталитарлық жымысқы саясаттың салдарынан 1937-1944 жылдары қазақ жеріне кәрістер, Кавказдан шешендер, ингуштар, балқарлар, қарашайлар, Қара теңіздің солтүстік жағалауынан қырым татарлары, поляктар, болгарлар, күрдтер, Еділ бойынан немістер ата-бабасының жерінен жер аударылып қазақ жеріне көшіріліп, қоныстандырылды. Архив материалдарына сүйенетін болсақ «Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 9 қазан 1937 жылғы Қаулысына сәйкес біздің Қармақшы ауданына 2155 кәріс ұлты өкілдері қоныс аударылған. 1938 жылы көшіп келген өзге ұлттарды ауданымыздағы Жосалы механикалық зауытына, құрылыстарға жұмысқа орналастырған. 1941 жылы 16 тамызда Ленинград облысынан 100 адам, 23 қарашада Ростовтан 300 украин, орыс, еврей, немістер көшіріліп әкелінген».
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады.
1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың есімі жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Жыл сайын осы күні қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды еске алу біздің азаматтық борышымыз болып табылады.
Ермек ЖЫЛҚЫБАЕВ,
С.Есқараев атындағы №27 мектептің мұғалімі